Алматы – мәдениеттің мәйегі

Алматы – мәдениеттің мәйегі
Автор
Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен өнеріміздің мәйегі, қаржы мен кәсіпкерліктің қуатты ортасы болып отырған шаһарымыз Алматының «Қала күні» мерекесі зор мәнге ие.

Осы мерекеге орай алып Алатаудың алабындағы айшықты «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнерпаздарының ғасырлардан тартып бүгінгі күнге жеткен ұлттық өнеріміздің асыл жауһарларын паш ететін сырлы әуенді, әсем сазды қойылым-концерттерін 9-16 қыркүйек күндері аралығында қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына тарту етті.  

«Қала күнін» атап өтуге арналған мерекелік шаралардың шеруі  9-шы қыркүйекте «Бабалар ізімен» сериясы бойынша ұлттық аспаптарға арналған шеберлік сағаттары  «Алатау» этнофольклорлық ансамблінің артисі Дастан Қазкеновтің «Қазақ халық аспаптарының ерекшеліктері» атты шеберлік дәрісімен басталды.

Дәрісте орта мектеп оқушыларына театрымыздың өнерпаздары мен этно-фольклорлық ансамбль мүшелері мәдени мұра саналатын ұлттық аспаптарымыздың шығу тарихы мен ерекшеліктері жайында хабар береді.

10-шы қыркүйекте Театрдың «Көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени демалысын ұйымдастыру» бөлімінің «Армандастар» ансамблі «Алматы жүрегімде» атты мерекелік қайырымдылық концертін  «Аққайың» және «Көктем»  сауықтыру кешендерінде өткізген болатын.

11-16 қыркүек күндері «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері «Алматы аялдамасы» атты мерекелік мобильді концертік бағдарламасымен арнайы автобуста   қаламыздың тарихи маңызы бар орындары мен негізгі көшелерін аралап шықты.

Қаламыздағы тарихи маңызы бар орындар мен негізгі көшелерін қамтып, этно-мәдени концертпен  қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Думанды «Автобус» аралаған  мекен-жайлар: 11-қыркүйек: Тұңғыш Президент саябағы; «Алматы-2» теміржол вокзалы; Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры; «Атакент» алаңы; «Алатау» дәстүрлі өнер театры алаңы.

12-қыркүйек: «Алматы-1» теміржол вокзалы; Гүлдер саябағы; С. Сейфуллин саябағы; «Ақ-бұлақ» ықшам ауданы.

14-қыркүйек: Көк-Төбе; «Абай» алаңы; «Астана» алаңы; 28 Панфиловшылар саябағы.

15,16-қыркүйек: Орталық стадион; Цирк; «Сац» атындағы балалар және жасөспірімдер театры; «Ақ-бұлақ» ықшам ауданы; «Алатау» дәстүрлі өнер театры алаңында өнер көрсетті.

11 қыркүйекте «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында «Асыл Қазына» атты дәстүрлі ән-күйлер негізіндегі музыкалық концерті өткен болатын. Сахнада Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіман, Амангелді Күзеубай және басқа да дәстүрлі әндерді орындаушы халыққа танымал, белгілі әнші-күйшілер  өнер көрсетті.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында Алматылықтарды Қала күнімен алғашқылардың бірі болып аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі құттықтады. Алматы тұрғындары мен қонақтарына арналған  «Алматы түні» атты қойылым-концертте «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Алматы қала күніне орай ұйымдастырылған «Сағындым Алматымды» атты «МузАрт» тобы мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры әртістерінің қатысуымен өткен мерекелік концерт Театр алаңында көрермендерді қуанышқа бөледі.

12 қыркүйек күні  «Алатау» дәстүрлі өнер театры артистері мен еліміздің ең танымал этно-рок тобы  «Ұлытау» тобының қатысуымен «Ұлы дала үні» мерекелік концерті өтті. «Алатау» театрының танымал артистері Алма Аманжолова, Бибігүл Қилымхан, Шаттық Уатқан, Диас Мұратқан және т.б. артистерінің қатысуымен «Ән Әлемі» атты  мерекелік хор-концертімен жалғасты.

13 қыркүйекте дәстүрлі ән-жырларымызды заманауи нақышта орындап, көрерменнің оң бағасын алып жүрген «Qazaqsha терапия» театрландырылған жобасының “Ғасырлар үні” атты концерті көрермендер ықыласына бөленді.  

«Алматы кеші» атты ашық аспан астындағы театрландырылған концертінде Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев тұрғындарды Қала күні мерекесімен құттықтады! Құттықтау сөзден соң, ашық аспан астындағы мерекелік театрландырылған концерт өтіп, халыққа керемет көңіл-күй сыйлады. Аталмыш мерекелік шарада «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері халқымыздың ән-күйін заманауи үлгіде көрерменге тарту етті.

14-15 қыркүек күндері Театр алаңында «Әніме қосқан Алматы» мерекелік концертінде эстрада жұлдыздары Ақбота Керімбекова, Салтанат Бақаева, «Үш қоңыр» тобының және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері өнер көрсетсе, «Ән тербеген Алматым» атты мерекелік  концертте Жұбаныш Жексенұлы, Ербол Спанилиев, Лашын Мұратқызы  және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері зор қошеметке ие болды.

16 қыркүйекте Театрымызда  Қала күніне орай, жыл сайын өтетін «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атты Республикалық жыршы-термешілер фестивалі өтуде. Фестивалде Қазақстанның әр өңірінен келген жыршы-термешілер өз өнерлерін ортаға салады. Фестиваль еліміздің әр өңірінің жыр иірімдерімен, талантты термешілердің өнерімен танысуға тамаша мүмкіндік береді.

Еліміздегі ұлттық өнердің ошағына айналған бірегей «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарының рухын көтеріп, айтулы мерекеде дәстүрлі өнерімізді ұлықтап, дәріптеуде.

Асқақ Алатаудың баурайында орналасқан ару қала – Алматы, оның жасыл желекке жамылған көркі барлық отандастарымыздың ыстық ынтазарлығын оятып, мақтанышына айналды. Қаламыздың әрбір тұрғыны қазіргі жасампаз қоғамның «Жаңа Қазақстан» аталатын тарих толқынындағы жаңа беттеріне жазылар жарқын болашағын бірге жасайтын болады.  

Ардақ Беркімбай,

«Алатау» дәстүрлі өнер театры

Әдебиет бөлімінің маманы

 

Ұқсас жаңалықтар