Әбділда ишан мешіті қалай салынды?

Әбділда ишан мешіті қалай салынды?
Ашық дереккөз
Қазір әр ауылдың тарихын, адамдарының арғы тегін білетін ақсақалдардың қатары сиреп барады. Әттең, көп қазына сол көнекөздермен бірге кетіп жатқаны өкінішті.

Мәселен, Талас ауданының Үшарал ауылындағы тарихи ғимараттың бірі – Әбділда ишан мешіті. Бұл мешіт ұзақ жылдар бойы салынған. Салынып біткен жылынан бері қарай 119 жыл өткен. Ал, жалпы құрылысы басталғанына 174 жыл өтіпті. Былайша, екі ғасырға жақындаған тарихы бар.

Бір жақсысы, Әбділда ишан мешітінің тарихын алдыңғы ақсақалдардан естіп, біраз аңыз бен деректерді құйма құлағына құйып алған Асанхан Мотаев деген қария Үшарал ауылында тұрады екен. Қазіргі таңда 73 жасқа келген, кезінде 20 жыл «Түгіскен» кеңшарында бас инженер болған қарияның айтары көп. Ол кісі:

– Бұл мешіттің тарихы әріде. Сонау ертеректе Шаянда ғұмыр кешкен Аппақ ишан деген кісі есейіп қалған Құлатай, Қосым деген екі баласын өзіне шақырып алып: «Сендер, ел аралап қайтыңдар. Мынау жоғарғы- төменгі елде не болып жатыр? Байлар, атқамінерлер кедейге қысастық жасап жатқан жоқ па? Қара халық қиналып қалмады ма? Біліңдер» деп жібереді. Сонда Құлатай Талас жағына, Қосым Балқаш жағына кетіпті. Мерзімді уақыт өткенде екі бала әкелеріне оралып, Құлатай әкесіне: «Таластың төменгі жағында Үшарал деген ауыл көрдім. Тұрғындары көп. Ол ауылға мешіт салу керек екен» депті. Аппақ ишан баласының сөзін мақұлдап, таластықтарға үлкен баласы Құлатайды жіберіп, мешіт салу керектігін айтып, сәлем жолдайды. Сол кезде Талас өңіріне Сапақ датқаның сөзі жүріп тұрған кез екен. Ақсақалдармен кеңесіп, «мешіт саламыз» деп шешеді. Ауыл болып, мешіт құрылысы талқыға түседі. Бұқарадан ұста алдырады. Ол ұста әр күніне екі тоқтыдан келісіпті. Күйген кірпіштен мешіт салына бастайды. Бұл – 1850 жыл. Сол кезде Ермұханбет деген қария 40 түйе арба шеңгел тасып, кірпіш күйдіру жұмысына күш берген екен. Өзінің жасы 14-те болыпты. Сөйткен Ермұханбеттің балалары өсіп- өнді, жақсы аттары шықты. Мешітке жасаған еңбегі үшін Жаратушының көгерткені болар, – дейді.

Мешіт құрылысы жүріп жатқан кезде Сапақ датқа Құлатайға: «Мешітті бітіруге ғұмырыңыз жетер ме екен?» депті. Датқа айтса айтқандай, Құлатай сырқаттанып өмірден озып кетіп, мешіттің құрылысының толық жұмысына інісі Ерман ишан бас- көз болыпты. Осы кездерге дейін Үшаралда Үсен Асатілдаұлы деген қожа болды. Сол Үсеннің әкесі – Асатілда қожа. Асатілда қожаның екінші әйелі Анар – біз жоғарыда айтқан Ерман ишанның қызы екен.

Неге бұл мешіт ұзақ жыл өзінің көрнекілігін сақтап тұр? КСРО кезінде «Үшарал» мал зауытына директор болып дүркіреген Әбдір Сағынтаев пен Әбілда би деген кісі екеуі тарихи мешітке назар аударыпты. Әбдір құрылысшыларды жұмылдырып, мешіттің артқы жағын қайтадан құрсаулап шыққан. Ал, одан сәл беріректе облыс басшысы болған Өмірбек Байгелді де дәл осы мешіттің жөнделуіне назар аударыпты. Кезінде осы Әбділда мешітінің үстінде дегелек, ләйлек құстар ұя салған екен. Соңғы жөндеу жұмыстары кезінде үркіп, басқа жаққа қоныс аударып, қайтадан келмепті.

Қазіргі таңда тарихы терең мешітке барша ауыл тұрғындары құрметпен қарайды. Шындығында да бұл мешіт – талай тарихты өн бойына сақтап тұрған құндылық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар