«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Аймақ жастарының айрықша қасиеті – ауызбіршілік»

«Аймақ жастарының айрықша қасиеті – ауызбіршілік»
Ашық дереккөз
Жастар саясаты саласында жүрген әрбір жамбылдық өренге Айбек Қадралиевтің есімі етене таныс. Ол соңғы он жылда осы салада табанды түрде еңбек етіп келеді. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы қызметіне кіріскен замандасымыздан сыр тартып, атқарып жатқан жұмыстары мен жоспарлары жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Жалпы осы салада тәжірибесі мол мамансыз. Жалпы жастар саясатына қандай жаңашылдық әкелуді жоспарлап келдіңіз?

– Кез келген елде қоғамның қозғаушы күші – жастар. Әрбір істің бастауында үнемі жастар тұрады. «Елдің қандай екенін білгің келсе жастарына қара» деп әл-Фараби бабамыз бекер айтпаса керек. Бұл салада азды-көпті тәжірибемнен бөлек, осы қызметке келіп, жұмысқа кіріскендегі басты мақсатым — жастардың ең өзекті мәселелерін көтеру. Өңірдегі, шалғай ауылдардағы жастардың ахуалы, олардың жұмысқа орналасу деңгейі үнемі назарымда. Өз жұмысымның барысында өңірдегі жастар ресурстық орталықтарындағы мамандарды есеп үшін өтетін іс-шаралардан алыстатып, өткізілетін шаралардан қандай да бір ой түюлерін қамтамасыз ете алғым келеді. Бұл бағытта жемісті жұмыс жүргізіп жатырмыз деп сеніммен айта аламын. Бұдан бөлек мамандарды ұдайы, тоқтаусыз жалақымен қамтамасыз етуді қолға алдық. Қазіргі таңда облыстық жастар орталығы мен Мойынқұм ауданынан өзге орталықтарда жалақы елу пайызға, тіпті кей аудандарда жетпіс пайызға дейін көтерілді. Жастар орталықтарының осыдан төрт-бес жылғы ахуалымен салыстырғанда бүгінгі жағдайы бірнеше есе жақсарды деп ойлаймын. Осы уақыт аралығында көптеген нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Барлық орталықтың өздерінің жеке ғимараттары, коворкинг орталықтары бар. Жалпы алғанда мамандарға жұмысты сапалы жүргізуге қажетті жағдай толық қамтамасыз етілген. Өздеріңіз білетіндей, әр саланың өзінің атаулы күндері болады. Мәдениет күні, спорт күні дегендей. Мұндай күндері сала мамандары қалтқысыз қызметтері үшін марапатталып, әрі қарай да нәтижелі жұмыс істеу үшін ынталанады. Биыл біз халықаралық жастар күнінде осы салада табанды түрде еңбек етіп жүрген әріптестерімізді марапаттауды бастадық. Бұл мен алып келген жаңашылдықтың бірі болды десем артық айтпағаным. Облыста жастар саясатын жүзеге асыруға еңбек сіңіріп келе жатқан мамандарды марапаттау менің жұмысымның бір бағыты болды. Аталған мерекеге орай жастар апталығын, айлығын ұйымдастырып, қорытынды жиынын облыс орталығында өткіздік. Барлық жастар орталығында нәтижелі еңбек етіп жүрген әріптестердің басын қостық. Оларға облыс әкімінің Алғыс хатымен, жергілікті аудан әкімдерінің арнайы марапаттарын тапсырдық. Сонымен қатар, жуырда «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалы, облыстық Полиция департаментінің бірлескен ұйымдастыруымен Тараз қаласы мен аудандарда «Қоғам сақшысы» жобасы аясында түнгі рейдке шықтық. Рейд жұмыстарына облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалының төрағасы Дәурен Бағжанов, білім басқармасының өкілдері, полиция департаментінің қызметкерлері қатысты. Нәтижесінде, кәмелеттік жасқа толмаған және заңды тұлғасыз жүрген 15 жасөспірім анықталып, оларға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, түсіндірме материалдары таратылып, жасөспірімдердің ата-аналарына хабарландырулар жіберілді. Бұл ретте біз жұмыс барысында жасөспірімдердің қауіпсіздігіне де баса назар аударуды қолға ала бастағанымызды айтқым келеді.

– Жалпы жастар саясаты саласының негізгі проблемалары деп нені айтар едіңіз? Оларды реттеу үшін қандай шараларды қолға алып жатырсыздар?

– Жастар арасындағы негізгі мәселелерге тоқталар болсақ, қылмыс деңгейі былтырғыға қарағанда едәуір азайған. Алайда, NEET жастардың саны төмендемей тұр. Бұл тұрғыда аудандық, өңірлік жұмыспен қамту орталықтарымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамту мақсатында жергілікті жерлердегі түрлі мекемелерді тартып, дәстүрлі түрде кеңес беру алаңдарын ұйымдастырып келеміз. Кеңес беру алаңдарына жастар келіп, жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Тәжірибе көрсеткендей, кеңес беру алаңына келген жастардың дені өздеріне тұрақты жұмыс тауып жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Жұмыссыз жастардың мәселесін шешу барысында оқу орнын тәмамдаған мамандарды жұмысқа тарту мақсатында штат сандарын көбейтуге де мұрындық болып келеміз. Мұндай алаңдарды жиірек ұйымдастыруға күш салып жүрміз. Жастар орталығынан да арнайы штат ашып, болашақ мемлекеттік қызметшілерге тәжірибе жинайтын алаң ұйымдастырудамыз. «Жасыл ел» еңбек жасақтарына да жұмыссыз жастарды тартуға тырысамыз. Саладағы негізгі мәселелер қылмыс деңгейін және жұмыссыз жастар санын азайту деп анық айтуға болады.

– Сала тізгінін қолға алғалы қай бағыттар бойынша оң нәтиже байқалып келеді?

– Іске кіріскелі әртүрлі бағыттар бойынша тәрбиелік мәні бар іс-шараларды жиірек ұйымдастыруға, осындай іс-шаралардың тұтас жүйесін құруға ұмтылып жатырмыз. Бұрынғыдай есеп үшін өтетін жиындардан алшақтауды қолға алдық. Оның ішінде санамызға сілкініс жасайтын тарихи, рухани тұрғыдан терең, кейбір салалар бойынша біліктілікті арттыруға бағытталған нақты шараларды ұйымдастыруды қолға алдық. Өңірдегі тарихи нысандарды аралау, осы елден шыққан тұлғалардың музейлерін тамашалау, арнайы экспедицияларды жүргізу сынды іс-шараларға ерекше мән беріп отырмыз. Бұрын әр аудан өз бетінше, өз деңгейінде түрлі жобалар жүргізетін. Қазір барлық ауданда ортақ іс-шаралар жүйесі құрылып, осы бастама аясында барлық жерде бір бағытта, ортақ мүддеге сай жұмыс жүргізіле бастады. Осылайша біз әр ауданның жұмыс деңгейін, біліктілігін, тәжірибесін бағалауды да қолға алдық.

– Жамбылдық жастардың осал тұсы неде? Мықты тұсы қандай? Қай бағытта белсенді?

– Жамбылдық жастардың осал тұсы мынадай» деп дөп басып айтудан аулақпын. Ал, ең басты артықшылығы – ауызбіршілік деп сеніммен айта аламын. Бірақ, осыдан он жыл бұрынғы жастар саясаты саласында жүрген алдыңғы буын өкілдерімен өзара тәжірибе алмасу үрдісі біршама саябырсып қалған секілді. Себебі, қазір ішінара бөлінген топ көп, тобыр көп. Мұны мен жастар арасындағы бәсекелестіктің артуынан деп түсінемін. Десек те бәсеке бар жерде өсу, өркендеу болатынын ескерсек, жүйелі бәсекелестіктің де тиімді тұстары болатынын қаперде ұстау керек сияқты.

– Жастар саясатын жүзеге асыруда жиі кездесетін кедергілер қандай?

– Жасыратыны жоқ, ойда жүрген ауқымды әрі креативті шараларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат керек. Біз республикалық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырғымыз келеді. Мұның бәрі ең бірінші кезекте қаржыға келіп тіреледі. Мәселен, биыл жастар ресурстық орталықтарының құрылғанына жиырма жыл толып отыр. Осы атаулы күнді атап өтуге нақты ұсыныстарымыз бар. Бірақ, барлығы да бөлінетін қаражат шеңберінде ұйымдастырылады. Егер бюджет мақұлданса, өңірдегі жастарға бағыт сілтеумен нәтижелі түрде айналысып келе жатқан сала мамандарының басын қосып жақсы бір іс-шара өткізуді көздеп отырмыз.

– Жалпы маман ретінде бұл сала сізге не беріп жатыр?

– Қазір осыдан он бір жыл бұрын жастар саясатына жас маман ретінде келген шақтағы алғашқы армандарымның бір бөлігі орындалып жатыр. Мәселе, атақ пен лауазымда емес. Біріншіден, осы бағытта жан-тәніммен кірісіп, атқарып жатқан істерімнен нәтиже көруді қалаймын. Негізгі мақсатым – жастар саясатын жүзеге асыру барысында жамбылдық жастардың үлкен рөлі бар екенін дәлелдеу. Бұл бағытта тәжірибем, білімім мен білігім жеткенше тер төгіп, жұмыс істеуге кірісіп кеттім. Ең бірінші кезекте Мойынқұм ауданында нұсқаушы мамандар тапшы. Ауданда мамандардың тұрақтауы қиындап кетті. Бұл айлық мәселесіне сөзсіз әсер етеді. Осындай мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар айтып, одан жастарға тиімді шешім қабылданса, біздің жұмысымыздың бір жемісі осы болар еді. Өз жұмысымның сапасын қолжеткізген нақты нәтижелермен бағалаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

 

 

Ұқсас жаңалықтар