«SALYQ TÁRTІBІ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрген 1994 жылы 22 наурыз күні дүние есігін ашқан ұлдар бүгінде орда бұзар жасқа келсе, қыздардың алды – аяулы ана.
«Газеттің тұңғыш нөмірін жыл басы – әз-Наурыз күні шығаруымыздың басты ерекшелігі – ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен ұлық күн сияқты ғұмырлы болсын деген ниеттен туды. Әрине, азаттықтың ақ таңы атып, Тәуелсіздігімізді алғанымызға төрт жыл да толмаған еркіндіктің елең-алаңында дербес басылым шығару оңай шаруа емес еді. Осы кезде жекеменшікке жол ашылды. Қолынан іс келетін, еңбекке икемі бар азаматтар жеке кәсіп ашып, ауылдағылар жеке шаруашылық құрылымдарын ұйымдастырып жатты. Қалада шағын және орта бизнестің іргетасы қаланды. «SALYQ TÁRTІBІ» газеті сол шақта дүниеге келген басылым болатын», – дейді газетті ашып, әлі күнге басқарып келе жатқан Ғалым Қасабай.
Қай мемлекеттің болмасын тірегі – салық түсімдері. Әлгіндей жеке кәсіпке келіп жатқан азаматтар мемлекетке салықты қалай төлейді, Салық кодексінің талаптары қандай? Осыны жете насихаттап, түсіндіретін дербес басылым аймаққа ауадай қажет болды. Ғалым Иенбергенұлының ойын сол тұстағы облыстық салық басқармасының бастығы Камлет Бейісов бірден қолдай кетті. «Мұндай дербес басылым бізге ауадай қажет. Біздің қызметкерлер жеке тұлғаларға салық ережелерін түсіндіретін мақалаларын облыстық немесе аудандық газеттерге шығаруда қиналып жатады. Сондықтан, өзіміздің басылым болса ғой деп мен де ойлап жүруші едім», дейді басқарма басшысы. Сөйтіп, министрлік тарапынан да қолдау тапқан мемлекеттік «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің бірінші нөмірі 10 мың таралыммен облыс аумағына таратылды.
Бір атап өтерлігі, 1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» Заңға негізделді. Осы заңға сәйкес, 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң шықты. Осы Заң және кейіннен Салық кодексі талаптары мен ережелерін түсіндіруде, насихаттауда «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің рөлі зор болды. Сөйтіп басылымның таралымы жыл сайын артып отырды.
– Алғашқы жылдары аптасына 8 бет болып жарық көрген «SALYQ TÁRTІBІ» газеті Салық кодексіне түзетулер мен өзгертулер енгізілген кезде 32 бетке дейін жарық көретін. Іргелес жатқан Түркістан облысы, Алматы қаласы мен Жетісу және Қызылорда облысы салық басқармаларының басшылары «Біз де құрылтайшы болайық» деген ұсыныспен шығып жатты. Содан газет аймақтық-мемлекеттік басылым болып қайта тіркелді. Әр облыстан меншікті тілшілер тағайындадық. Осы өңірлердің салық басқармалары, кейіннен департаменттері қаржыландырып, мемлекеттік тапсырысты республикадан, сол кездегі Қаржы және ақпарат министрлігінен алып тұрдық. «SALYQ TÁRTІBІ» газеті республикалық тәуелсіз басылымға айналып, оқырмандарымыз көбейіп, әр алуан тақырыпта дүниелер берсеңіздер деген ұсыныстар түсе бастады. Осыны ескеріп, экономика, кәсіпкерлік, салық саясатын насихаттаумен қатар, денсаулық, мәдениет, әлеумет, білім, спорт және басқа да салаларды қамтып, әр өңірден мемлекеттік тапсырыс алатын болдық. Әр саладан жан-жақты тақырыпты қамтып жазудың нәтижесінде, бүгінде газет таралымы 15 мыңға жетті. Тараз қаласының орталығында үш қабатты өзіміздің ғимаратта редакциямыз орналасқан. Әр өңірден материалдар редакцияның электрондық поштасына түсіп жатады. Газетіміз де өзіміздің баспаханада теріліп, беттеліп, басылады. Бүгінде іргелі шығармашылық ұжымда 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкері еңбек етуде, – дейді Ғалым Қасабай.
Айта кетсек, әріптестер арасында іскерлігімен танылған Ғалым Иенбергенұлы туып-өскен Қордай ауданындағы Кишмиши орта мектебін 1978 жылы бітірген соң жоғары оқу орнына аттанады. Бірақ, оқуға түсе алмаған ол ауылына келе сала «Коммунистический» ұжымшарында аға шопанның көмекшісі болып, еңбекке ерте араласады. Бір жылдан аса жұмыс істеген ол ҚазМУ-дің дайындық бөлімінен бір-ақ шығады. Бұл жолы оның айы оңынан туып, журналистика факультетінің студенті атанады. Студенттік өмірдің дайындық бөлімін қосқандағы думанды алты жылы көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жалғыз самбо, күрестен ғана емес, басқа да спорт түрлерінен өтіп жататын жарыстардың бел ортасында жүріп, факультеттің намысын қорғап келген Ғалым Қасабай 1985 жылы университетті ойдағыдай бітіріп, журналист мамандығы бойынша диплом алып шығады. Жолдамамен туған жері Қордай ауданына келеді. Жоғары білімді журналист аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің партия бөліміне тілші болып қабылданып, журналистік еңбек жолын бастайды. Одан әрі ол облыс орталығына қоныс аударып, Жамбыл қалалық комсомол комитетінің «Дизайн» жастар өндірістік бірлестігінде безендіруші, Жамбыл технологиялық институтының қазақ тілі және әдебиет кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етті. 1991 жылы Жамбыл гидромелиорациялық құрылыс институтында «Гидротехник» газетінің бас редакторы болып, журналистикаға қайта оралды.
Ал, 1994 жылдың наурыз айында республикалық аймақтық-мемлекеттік «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. Елімізде салық саласы бойынша алғаш ашылған басылымның салық саясатын насихаттауда рөлі зор болды. Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тарайтын басылымның таралымы жыл сайын артып, саладағы шешімін күткен мәселені көтеріп, оның дер кезінде орындалуын бақылауда ұстап отырды.
Тәжірибелі журналист Ғалым Қасабайдың редакторлық қыры облыстық «Ақ жол» газетінде де көрінді. Өзі салық саласын жаңғақша шағатын болғандықтан, ең бірінші басылымның салыққа қордаланып қалған миллиондаған теңге қарызын жапты. Редакциядағы журналистердің айлығы шайлығына жетпей жатқан кез. Оның үстіне шығармашылық ұжымдағы компьютерлердің пайдалану мерзімі өтіп, әбден ескіріп, істен шығып жатты. Басқа да қажетті жабдықтар әбден тозған. Оның екінші қолға алған мәселесі – журналистердің ғана емес, редакция ұжымының жалақысын еселеп көтеруді, қаламақы көлемін ұлғайтып, сыйақыны жүйелі түрде беріп тұруды сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың алдына мәселе етіп қоя білді. Сонымен қатар, ұжым мүшелерін баспанамен қамту мәселесін қолға алды. Редакция бюджеті үш есеге ұлғайған соң, журналистер аудандарға іссапарларға жиі шығатын болды.
Журналистердің жалақысы үш есеге көтеріліп, қаламақыға қомақты қаржы бөлінді. Редакциядағы журналистер түгелдей ноутбукпен қамтамасыз етіліп, шығармашылық ұжымның алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалды.
Сол жылдары басылым таралымы 22 мыңға дейін жетті.
Осындай іскер азамат, тәжірибелі басшыны құрылтайшысы Қаржы министрлігі болып табылатын республикалық аймақтық «Салық тәртібі» газеті құшағын жая қарсы алып, қайтадан директор-бас редактор етіп тағайындады.
Содан бері салалық басылым уақытпен санаспай халыққа, қалың оқырманға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Отыз жылдықтың қарсаңында біз де редакция ұжымына толағай табыстар тілейміз.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді