Алдын алу шаралары артып, қылмыс азаюда

Алдын алу шаралары артып, қылмыс азаюда
Ашық дереккөз
Мәдениеттің биіктігі, ішкі әдептің жоғарылығы әр адамды асқақтатып тұрады. Сіз мейлі шет мемлекетке барсаңыз да, еліміздің өзге аймағына барсаңыз да тәртіп сақтау, сыпайылық арқылы өзіңізді жақсы жағынан көрсете аласыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында барлық саланы жан-жақты айта келіп, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселесіне баса назар аударды.

Мемлекет басшысының қоғамдық тәртіпке көңіл аударуы бекер емес. Қазіргі таңда азаматтардың қауіпсіздігі басты мәселе. Тұрғындардың бір-біріне құрметпен қарау, сыйласу мәселелері аса өзекті. Президент Жолдауында: «Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды», – деп атап өтті.

Жалпы, ортақ тәртіпке бағыну, өзге адам мен қоршаған ортаны ластамаудың үлкен мәдениет екенін түсінетін мерзім жетті. Әйгілі қолбасшы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаған. Біз осы орайда облыстық полиция департаментімен хабарласып, өңірімізде қылмыстың алдын алу, жаппай тәртіпті қадағалау, жол-көлік оқиғалары және басқа да мәселелер бойынша мән-жайды білген едік. 2024 жылдың 8 айы бойынша қағазда көрсетілген ақпарат жаман емес. Аталған 8 айдың ішінде жалпы қылмыстар саны 7,8 пайызға, оның ішінде ауыр қылмыстар саны 15,4 пайызға және ауырлығы орташа қылмыстар 20,9 пайызға азайған. Бөтеннің мүлкін ұрлау саны 24,7, оның ішінде пәтер мүлкін ұрлау 7, тонау 16,7 және бұзақылық 8,4 пайызға қысқарыпты. Қоғамдық орындардағы қылмыстар саны 10,1, адамдар тобымен жасалған 5,7, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 6,8 пайызға кеміп отыр.

Қазіргі таңда қоғамда ерекше назарда тұрған нәрсе – отбасылық-тұрмыстық қатынастар. Себебі, бүтін отбасы – мемлекетіміздің тірегі, өркениеттің кепілі. Өкініштісі, осыны түсінбейтін отбасылар біздің өңірде де аз емес. Мәселен, соңғы 8 айдың ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 78 қылмыс жасалған. Оның 68-ін тұрақты жұмысы жоқ ер адамдар жасапты. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық – аздырар адам баласын» деген Абай хакім толғанысы міне осы болар. Осынша қылмысты аз деп айтуға да аузың бармайды. Күнделікті өмірде қылмыс жасаудың негізгі себептеріне де зерделеу жүргізілген. Саралаған кезде 32 жағдай қызғаныштан, 29 оқиға алкогольдік ішімдіктерді ішу,17 жағдай түрлі себептерден орын алған. Осылайша отбасылық түсініспеушіліктің салдары қоғамдық деңгейдегі мәселеге ұласып отыр.

Мұнан бөлек отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 4076 адам, оның ішінде ұрып-соғу үшін 681 адам, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 481 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Отбасылық жанжалдар туралы шағымдар қайта түскен мекенжайлар бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілді. Құқық бұзушыларға қатысты 2526 қорғау ұйғарымы және 332 ерекше талап белгіленген. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 164 адам жауапқа тартылды, оның 138-і әкімшілік қамауға алынды. Сот белгілеген мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды орындамағаны үшін 105 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Тараз қаласы мен Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған және өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары, сондай-ақ облыс орталығында «Аналар үйі» ресурстық орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері аталған орталықтарға 165 баласы бар 69 әйел орналасыпты.

Өңірімізде жасөспірімдермен жұмыс күн тәртібінен түспей келеді. Бұл да ел-жұрт, ата-ана, ұстаз, зиялы қауым болып ойланатын мәселе. Бала неге қылмысқа барады? Қараусыз қалды ма, жағдайсыз жерде тұрып жатыр ма, ата-анасының тәрбие беруге қабілеті жоқ па? Әр отбасының тәрбие беруге қабілеті жоғары болса, жасөспірімдер қылмысын төмендету мақсатында атқарылған іс-шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 393 кәмелетке толмаған және балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісті атқармаған 170 ата-ана есепке қойылмайтын еді. Сот шешімімен жыл басынан бері 20 жасөспірім арнайы мектепке жіберіліп, 51 заңды өкіл ата-ана құқығынан айырылмас еді-ау. Бұған не дейміз?

Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларын түнгі уақытта қадағаламау фактісі көбейіп барады. Тіпті, кейбір ата-ана ұл-қыздарын кафеде жұмыс істесін, ақша тапсын деп әдейі жіберіп қояды. Есепті кезеңде 5952 ата-анаға жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде қараусыз қалғаны және түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүргені үшін (ӘҚБтК-нің 442-бабы) 9 мың 952 әкімшілік хаттама толтырылса, оның 670-і балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау салдарынан (ӘҚБтК-нің 127-бабы) орын алған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қызмет көрсеткен 170 ойын-сауық мекемелерінің иесі жауапкершілікке тартылыпты (ӘҚБтК-нің 132-бабы). Рейдтік пысықтаулар жүргізу барысында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 115 жасөспірім және алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 18 жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізілген. Жасөспірімдер кәмелетке жетпей ішімдік ішіп жүрсе, бұл да ойланатын мәселе.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Руслан Оразбақов: «Кейінгі 8 айдың ішінде облыстың автожолдарында жол-көлік оқиғаларының саны 65,8, (614-тен 1018-ге дейін) және зардап шеккендер 70,9 (931-ден 1591-ге дейін) пайызға өсті. Ал, қаза тапқандар 6,9 пайызға (130-дан 121-ге дейін) төмендеді. Облыс аумағындағы ЖКО ахуалына жүргізілген талдау апаттың өсуінің негізгі себебі жүргізушілердің төмен тәртібі, атап айтқанда белгіленген жылдамдық режимінің артуы, қарсы қозғалыс жолағына шығу, автокөлік санының ұлғаюы және оның техникалық ақауы (облыс көлік құралдарының 70 пайыздан астамы 20 жылдан асқан) болып табылатынын көрсетті. Есепті кезеңде самокат және скутер жүргізушілеріне қатысты 1160 әкімшілік хаттама жасалып, 411 осындай көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды. Полиция қызметкерлерімен 8 ай ішінде «Қауіпсіз жол», «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Тасымалдаушы», «Сіздің жолаушыңыз – бала», «Назар аударыңыз – балалар» және басқа 22 жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Рейдтік жұмыстар нәтижесінде 509 жүргізуші мас күйінде ұсталды және 301 338-ден астам жылдамдық режимінің бұзылуы анықталды. 3 мың 155 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. 22 мың жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы және көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізудің 25 813 дерегі анықталды. Ағымдағы жылдың басынан бастап облыстың автокөлік жолдарында 2370 тексеру жүргізілді, тексеруге 15 мың 283 шақырым көлік жолдары қамтылды, олар бойынша тиісті нұсқамалар берілді. Сонымен қатар, аталған кезеңде ақаулары бар көлік құралдарын пайдалануға шығарғаны үшін 59 лауазымды тұлғаға әкімшілік жауапкершілік қарастырылды», – деді.

Біз аудандардан да осы тақырыпқа қатысты мәліметтер сұрастырған едік. Жуалы аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәурен Сапиев: «Жуалы ауданы полиция бөлімінің жеке құрамымен ағымдағы жылдың 8 айында аудан аумағында құқықбұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып отырды. Орын алған қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларына талдау жасалып, мұндай аймақтарда барлық жеке құрамды тарта отырып, локалдық жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілді. Іс-шаралар барысында жеке құрамның қызметі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, орын алған қылмыстарды ашуға бағытталды. Бұл бағытта жұмысты жандандыруда аудан аумағында жедел профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылып өткізілді. Жүргізілген алдын алу жұмыстары барысында аудан аумағында жалпы 91 қылмыстық құқықбұзушылықтар тіркелген. Оның ішінде орта дәрежедегі қылмыстар бойынша былтыр да, биыл да 26 факті тіркеліп отыр. Отбасы аясындағы құқықбұзушылықтар бойынша түскен шағым-арыздар, хабарламалар бойынша учаскелік полиция инспекторлары оқиға орындарына жедел шығып, тиісті шара қабылдап отырды. Ағымдағы жылдың 8 айында отбасы аясындағы бұзақылық жасаған 81 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, соттың қарауына жолданды. Отбасында өрескел құқықбұзушылық жасаған 15 азаматқа сотпен ерекше талап қойылды.

Есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында олармен алдын алу жұмыстары жүргізіліп отырды. Ағымдағы жылдың 8 айында жалпы – 2963 жол ережесін бұзған деректер анықталды. Ағымдағы жылдың 8 айында жасөспірімдер тарапынан 2 қылмысқа жол берілді. Әртүрлі құқықбұзушылық жасағандары үшін 296 жасөспірім аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермегені үшін 41 отбасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Жасөспірім балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермегендері үшін 1 отбасы сот шешімімен ата-аналық құқығынан айырылды», – деді. Ал, Меркі аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мұсабекұлы: «Меркі АПБ қызметкерлерімен үнемі жүргізіліп отырған профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде тіркелген құқықбұзушылықтардың саны 1,9 пайызға төмендеген. Оның ішінде: ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 13,3, ауыр қылмыстардың саны 23,8, онша ауыр емес қылмыс саны 6,7 пайызға төмендеген. Ағымдағы жылдың 8 ай аралығында аудан аумағында отбасылық тұрғыда 146 қорғау нұсқамасы және 13 ерекше талап орнатылған. Ағымдағы жылдың 8 ай ішінде ҚР ӘҚБтК 73-бабымен көзделген отбасылық қарым-қатынаста құқықбұзушылықтарға жол бергені үшін 165 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.

Кәмелетке толмағандар бойынша ағымдағы жылдың 8 айында, кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың және жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған күнделікті күндізгі және түнгі 155 рейд, оның ішінде білім бөлімдерімен 95 рейдтік іс-шара өткізілді. Ата-ана тарапынан қадағалаусыз 9 жасөспірім анықталып, Тараз қаласындағы бейімдеу орталығына орналастырылды. Полиция органдарының тізімдік бақылау есебінде 65 кәмелетке толмаған жасөспірім қойылды», деп жағдайды баяндап берді. Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Жайдарбек Құттыбаевтың айтуынша, аталған ауданда да бірқатар жұмыстар жолға қойылған. Ол: «2024 жылдың 8 айында Жамбыл ауданы көлемінде барлығы 120 қылмыс дерегі тіркелген. Бұл факті өткен жылмен салыстырғанда қылмыс түрлері 11,8 пайызға төмендегенін көрсетеді. Екі жылда да 34 ауыр және аса ауыр қылмыстар тіркеліп отыр. Қылмыстың ең көп орын алған түрі – бөтеннің мүлкін ұрлау. Соңғы 8 ай қорытындысымен Жамбыл ауданы аумағында 22 ұрлық дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш қылмыстың тіркелу пайызы – 12 пайызға төмендегенін көрсетеді. Мал ұрлықтары бойынша 7 қылмыс тіркеліп, 22,2 пайызға төмендеген. Есірткі қылмыстары бойынша 8 қылмыс тіркеліп, 100 пайыз ашылған.

Жамбыл ауданы бойынша 136 дәстүрлі емес ағымды ұстанатын азамат пен азаматшалар есепте тіркелген. Іздеудегі 11 қылмыскердің 6-ы қалып отыр. Барлық бағыттар бойынша, оның ішінде отбасылық зорлық-зомбылық, жасөспірімдер қылмысын азайту бойынша сапалы жұмыс атқаратын боламыз» деді.

– Мемлекет басшысының тәртіпке назар аударуын қызу қолдаймыз. Тәртіп – аса маңызды мәселе. Біз Тараз қаласы және барлық аудандармен үнемі тығыз байланыстамыз. Полиция саласының жұмысы тәулігіне 24 сағат қызып, қарбаласып жатады. Қай кезде де жұмыс қарқыны төмендемейді. Нәтижесінде жүздеген тұрғындар зардап шегуден құтылып, қылмыстардың жолы кесіліп жатады. Полиция қызметкерлері арасында құрметтеуге лайық, батыр азаматтар көп. Солардың арқасында небір ауыр қылмыстар ашылып жатыр, – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Рахымжанқызы.

Сондай-ақ, Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Абуев: «Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның жұмысын жақсарту аясында бағалау көрсеткіштерінің саны оңтайландырылуда. Жаңадан тағайындалған судьяларды 1 жылдан кейін емес, 3 жылдан кейін бағалау ұсынылады. Конституциялық заң астанада өңіраралық деңгейде – қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық сотты құруды көздейді. Мемлекеттік тапсырыс аясында адвокаттар, нотариустар және заң қоғамдастығының өкілдері үшін Сот төрелігі академиясында магистратураға қолжетімділік кеңейтілуде. Жүйе сот төрелігі мен әділдігінің артуына септігін тигізбек. Кассациялық сот Астана қаласында отырып, бүкіл республикалық деңгейде жұмыс істейді. Төменгі сот шешімімен келіспегендер бірден осында жүгіне алады. Бұл – сот жүйесінің әділ жұмыс істеуіне кепілдік беріп, азаматтардың сенімін арттырады. Президент тапсырмасына сәйкес кассациялық соттар өз алдына құрылып жатыр. Кассациялық сот үш бағытта жұмыс істейді. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді толық қарайды. Судьялар корпусының жауапкершілігіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Құжатта «заңды өрескел бұзу ұғымы» нақтыланған. Қандай да бір қателік жіберген қазының ісі бірден сот жюриінің қарауына жіберілмек. Судья қандай да бір кемшілік жіберген болса, ол Жоғары соттан, облыстық соттан тыс барлығы сол сот жюриінде қаралатын болады. Арыз-талап, жіберілген кемшіліктердің барлығы тыс қалмайды. Яғни, даулы іске төрелік ететін судьялардың әр шешімін сүзгіден өткізетін арнайы орган болмақ. Сот жюриі сөгіс жариялайды. Қызметінен төмендетеді, судьялық қызметінен босатады. Оның заңда белгіленген құзыреті бар. Сот – бейтарап, тәуелсіз әрі әділ болуы шарт. Бүгінгі заң жобасы сот төрелігі мен судьялардың мәртебесі бойынша жылдар бойы жасалып жатқан реформаның тармағы. Бұл тұрғыда Жуалы ауданында да нақты жұмыстар жолға қойылып жатыр. Біз жас отбасылармен бірге іс-шаралар өткізіп, жаңадан шаңырақ көтерген жастардың өзара түсінісуіне жол ашып отырмыз. Сондықтан, ауданда ажырасу фактісі күрт азаюда», – деді.

Қорыта келгенде, облыстық құқық қорғау органдары жауапкершілікті сезініп еңбек етуде. Қылмыстарды ашу, аса ауыр қылмыстарға қатысты азаматтармен жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, барлық істі құқық қорғау саласының қызметкерлеріне аударып, салғырт жүруге болмайды. Мәселен, отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, жасөспірімдердің тәрбиесіне жауап беру әр отбасының және ата-ананың міндеті. Есірткіге қарсы күресте де әр ауылдың ақсақалдары, ұстаздары, қарапайым тұрғындары ойланып, жастарға оң бағыт бергендері дұрыс. Сонда қылмыс саны азаяды, тәртіп болады. Сонда Мемлекет басшысы талап етіп отырған қатаң тәртіпке де қол жеткіземіз.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар