Сауытбекұлының су диірмені

Сауытбекұлының су диірмені
Ашық дереккөз
Белгілі жазушы Зейнолла Шүкіровтің бала кезінде түйеден құлаған сәттегі жарақатынан болған мүгедектіктен ұзақ жыл төсек тартып жатқаны мәлім. Десе де, рухы мықты қайсар қаламгер сынаққа мойымай тұшымды роман, повесть пен әңгімелер жаза білді. Ал, сондай қиын кезеңде жазушының жығылмауына сеп болған бір бұйым бар. Ол – қол диірмені еді. Түсінікті болуы үшін әңгімені әріден бастайық.

Бес жыл бұрын Алматыға келген қызылордалық Үрзия Сағындыққызы диірмен тасын ортаға алып, сол кезеңнің қиын тынысын әңгімелейді. Айтуынша, жазушының анасы Науат апамыз бір уыс қара тарыны қол диірменнің өңешіне салып, ақтап алатын көрінеді. «Аналарымыздың бірі келі түйіп, енді бірі қара қазан маңайында абыр-сабыр аш құрсақ тірлігіміз кейін сол Зейнолла ағамыздың «Сыр бойы» туындысында көзге жас әкелетін сағынышқа толы сәттер еді. Соғыс балаларының өмірін көрсете алды ма? Жарықтық аналарымыздың жандарын шүберекке түйген сұрапыл кездегі қиын-қыстау кезеңдерін айта алдық па деп жүрегі қарс айырылады. Сондағы Зейнолла ағамызға талғажау етуге мүмкіндік берген қол диірменнің бір бөлігі ғой. Жарықтық заман- ай, ертеңгі ұрпақ соны түсінсе ғой», – деген екен сонда.

Жалпы, қазақ халқы ежелден-ақ мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығымен де айналысқан. Кең даланың төсін мекен еткен ата-бабамыз бидай, тары егіп, олардың өнімін талғажау еткен. Ал, тары мен бидайдың дәнін үгіп, ұнтақтау үшін қол диірменін пайдаланды. Шын мәнінде, қол диірмені екі үлкен қыша тастан жасалады. Ал, оның ортасында бидай немесе тары салатын арнайы үңгісі болады. Көшпенді ғұмыр кешкен халқымыз жаз жайлауда, қыс қыстауда қоныстанса да, ағаш сабы бар қол диірменін тастамаған. Біздің жұрт мұны көшпенді тұрмысқа ыңғайлы және аса қажетті құралдың бірі деп есептеген. Негізінде қол диірмені арқылы тарыны ұнтақтап талқан дайындаса, бидайдан ұн жасаған.

Иә, қазіргідей техника дамыған заманда қол диірменіне қажеттілік жоқ. Өйткені, кез келген дәнді ұнтақтауға арналған түрлі құрал жетерлік. Бұдан бөлек, халқымыздың өмір салтында өзіндік орны болған су диірмені де көзімізге түсе бермейді. Осы себепті, мұндай жәдігерлерді тек мұражайлардан ғана кездестіреміз. Соның бірі – аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі Иса Сауытбекұлының пайдаланған су диірмені. Бірі білсе, бірі білмес, Иса Сауытбекұлы 1917 жылы ауданға қарасты Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Жас кезінен шаруашылыққа бейім болған ол 1938 жылы әскер қатарына алынады. Ал, 1953 жылы елге оралғаннан кейін жеті айдың ішінде салмағы 500 килограмға жуық су диірменін жасап шығарады. Диірменді Ақтоғайдың ағысы қатты болған сол кездегі сарқыраманың бойына орнатып, іске қосыпты. Дәл осы диірменнің көмегімен ел-жұрт қиын-қыстау кезеңде ұн тартқан екен. 1977 жылы Иса Сауытбекұлы өмірден өткеннен кейін бұл жәдігер өмірлік жары Айшакүл апамыз бен ұлы Тахирдың меншігінде болады. Тек 2015 жылы аудандық тарихи- өлкетану музейіне беріледі.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар