С.Мұратбеков шығармалары десе, санамызға алғаш сап ете қалатыны «Жусан иісі». Мұнда да сұрапыл жылдардың зардабын тартқан жетім бала Аянның аянышты тағдыры баяндалады. Ал, «Жабайы алма» автордың осы шығармасының алғышарты дерсің... Мұнда бірден шап беріп, тақырыпқа төтесінен тура тарту жоқ. Керісінше, балалық аңсармен ойнап-күліп, бөктерден алма терген бүлдіршіндер шат күлкісі естіледі, әуелі. Тек зұлмат жылдары халыққа қорек тасып елді сақтаған асыл иттің тұқымы Көкінайдың күшігін шақар әйел Бүбітай өлтірген күні өмірдің өзі де өң-түсін өзгерткендей. Сол арқылы автор қазақы тіршіліктегі аса маңызды рөл атқарған кие ұғымының қасиетін түсіндіріп өтеді. Оқырманға бірден әсер қалдыратын осы бір оймақтай ой адам баласының түпсанасын бір қопарып тастап, шығарманың тұтас өзегі обал-сауап, кие-қасиет ұғымдарымен өрілетіндігін таныта кетеді.
Шығармада соғыстың кесір-кесапаты мен зұлымдығын бірнеше кейіпкер көтереді. Бұл символикалық мәнге ие миссия бірде Әжібекке артылса, бірде Ырысбектің, енді бірде Тұржанның қолымен іске асады. Сол арқылы ақ пен қара, күн мен түндей, жақсылыққа жамандықтың қашанда сыңар болатындығы көрсетіледі. Бала-шағаның бәріне қожа болып, сес көрсетіп, ұрлық қылатын Әжібек өзгенің қорасына түсіп, тауығын қолды қылған күні науқас баланың өліміне себепкер болса, Тұржан құдайдың құтты күні қатын- қалаштың төбесіне қамшысын үйіреді де тұрады. Сорақылықтың көкесі соғыстан өкпесі ауырып қайтып келген Ырысбекте еді. Келе сала, әйелінің отбасылы жанға күйеуге тигенін естіген жарымжан с арбаз ел ықпалымен жарын қайтарып алса да, өзгелерге көз тастауын қоя алмайды. Сөйтіп жүріп, жесір әйелді ұнатып, өз жарын түк болмағандай үйінен қуып шығады. Ай дейтін ажа болсашы?! Тентекке тоқтау салатын ешкім болмағасын, неміс қызы Эммаға да аңсары ауады. Пейілі түссе мынаны, аңсары ауса ананы сүйіп, көз жасы дегеннің не екенін білме стен күн кешіп жатады. Тағдырдың мұндай таңба-тыртығы жайында Оралханның «Қар қызында»: «Әкелеріміз майданда өлсе де, біз соғыстан кейін туған ұрпақпыз», – деп бір ауыз сөзбен түйінделсе, Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» шығармасында: «Үйде бәріміз үшін бір етік. Размері отыз үштен қырық бірге дейін» деп суреттеледі. Осы арқылы соғыс салған сызаттың мастабын көрсетеді. Осы тұста Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» әңгімесіндегі Қожабектің монологы еске түседі. Баласынан қапияда көз жазып, ештеңеге түсінбей, еңсесі түскен әкесі біраз уақыт өткесін мұның бәрі нәзікжандыларға жасалған қиянаттан болғандығын, ел алдында жарқырап жүрген ұлдың күнәға толы көлеңкелі өмірін көріп, құса болады. Сонда Қожабек: «Бұ не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме, жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым- ау. Соны неге түсінбедің», – деп жанын жыртып, запыранын төгеді. Обалы не керек, мұндағылардың бәріне де Көкінай күшігін өлтіріп, баласынан айырылып, жынды болған Бүбітай тағдыры сабақ бола алмады. Әйтпесе, сол бір жынды әр нәрсенің өз сұрауы мен бағасы барын, обал-сауаптың, кие қасиеттің адам жанынан биік тұратындығының дәлелі еді ғой...
Әйтсе де, Сайын Мұратбеков өзге жазушылардай социалистік реализмге тән «Автор өліміне» ұшырамай, өз идеясы мен ойын шығарма соңына дейін бұзбай алып шығады. Сол арқылы жамандық атаулының жақсылықпен еңсеріп, қазақы танымға тән түсінікті бұзбай өз кейіпкерлерін мақсатына жеткізеді. Әжібектің ендігіде балаларға ықпалы жүрмесе, Ырысбек көп ұзамай қайта соғысқа кетеді. Ал, Тұржан аттан құлап өз ажалымен қаза табады. Көп ұзамай көктемнің алғашқы күндері жеңістің самалы да есе бастайды...
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ажары – әсем, дидары – көркем Таразым!
- 15 қазан, 2024
Муза – шығармашылықтың қайнар көзі
- 14 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді