«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әдебиет айдынындағы бөлек әлем

Әдебиет айдынындағы бөлек әлем
Ашық дереккөз
«Қордайдың қоңыр Құлжасы» атанған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Несіпбек Дәутайұлының жарық жалғаннан кеткеніне де үш жылдың жүзі болды. Өңірдегі шығармашыл жастардың қамқоршысы болған қабырғалы қаламгерді еске алу мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Әдеби сеніміне селкеу түсірмеген жазушы, аптал азамат» атты ой талқы кеші өтті.

Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Бекет Момынқұл, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақпарат саласының үздігі, журналист Оралхан Дәуіт, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын Хамит Есаман, ақын, журналист Нұржан Қадірәлі, жазушы, журналист Ардақ Үсейінова, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Арайлы Жақсылық қатысты. Кеш барысында қаламгердің көзін көрген азаматтар мен шәкірттер оның кісілік келбеті мен болмысындағы өзгеге ұқсамайтын өрелігін айтып, еске алды. Бекет Момынқұл жазушының талант деңгейі, кісілік келбеті туралы сөз етті.

– Қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртаза «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп ат қойған Несіпбек Дәутайұлы атына заты сай, ерекше жаратылған болмыс иесі еді. Несіпбек ағамыздың шығармашылығына мүйізі қарағайдай Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдікұлы сияқты жазушылар бағасын берген. Оқырманнан да жоғары баға алған жазушы. Жетпістен асқан ғұмырына дейін бірнеше жақсы дүниелер жазып кетті. Одан бөлек, өзінен кейінгі жастарға да жақсы тәлім- тәрбие берді. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейміз. Алайда, әдебиет әркім келіп ойына келгенді айтып, жазып кететін жер емес екенін Несіпбек Дәутайұлы әрбірімізге ұғындырып кетті. Жазушыны алғаш көргенімде 58 жаста еді. Бұл 2005 жыл болатын. Сол тұста өңірде бір ұжымдық жинақ шығатыны туралы хабар тарады. Ұжымдық жинақ дегенді біз ауызекі тілде «антология» деп атай беретінбіз. Шығармаларды Несіпбек аға қабылдап жатқанын естідік. Кабинетіне арнайы барып амандастық. Қазіргі Баспасөз үйінің бірінші қабатындағы дәлізде тұр екен. Үстінде былғары қара күртеше болды. «Аға, антология шығады екен» дедім. «Шығады, бірақ ол антология емес, ол ұжымдық жинақ, антологияға өзін мойындатқан классиктердің шығармалары топтастырылады. Әр нәрсені өз атымен атауды үйрену керек», деді. Осы нәрсе менің санамда қалып қойды. Мұндайды өзі «өмірдің рухани сабақтары» деп атайтын. Жастарға осыны көп үйретіп кетті, – деп естелігімен бөліскен ақын Хамит Есаман жиналған жастарға жазушының шығармаларын оқуға кеңес берді.

Бұдан бөлек, кездесу барысында қаламгермен қатар жүріп үнемі әдеби байланыста болған белгілі журналист Бекет Момынқұл мен облыстық мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт, шәкірті Ардақ Үсейінова да жазушының шығармашылығындағы қоғамдық мәселелер мен дәуір шындығы туралы ойларымен бөлісті. Өз кезегінде ақын Нұржан Қадірәлі қаламгерге арнаған «Елесің де еңселі» атты өлеңін оқып берді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар