Бейбіт мақсатты ұстанған қазақ ғалымы жол бойындағы ауылдар мен қалалардың тұрғындарына алдын ала үндеу хат жолданып, олар орыс әскерлеріне ешбір қарсылық көрсетпей Ресей мемлекетіне қосылуға шақырды. Сол ұсынысқа келіскен барлық тұрғындарға кешірімділік, рақымшылық жасалып, алдыңғы кезде олар еш қиындықсыз бейбіт өмір сүретіні түсіндірілді. Осылайша, Меркіге бет бұрған жасақты Сыпатай батыр бастаған Ботпай елі орыс әскерін құшақ жая жылы қабылдаған. Оларды ел тіршілігімен, жер жайымен таныстырды. Азық-түлік дайындап, қаражат қамдап, керуен ұйымдастырып берді. Қатарларына Құдайберген Бәйетұлы бастаған 1000 жігіт қосты. Оның ішінде 200 сарбазымен Сыпатайдың өз баласы Пірімқұл да болды. Орыс халқына деген бұл ықыласқа суатқа түскенде көп жылқысы Ойранды өзенін ағызбай тастайтын Нұрмамбет бай үлкен үлес қосып, қолдау көрсеткен. Шоқан Уәлиханов Меркі төңірегіндегі әсем Алатау бөктерінің табиғатын қызықтап, сол аймақтың өсімдік және жануарлар әлемін зерттеп, ертең ғылым үшін пайдасы тиер-ау деген мәліметтерді қағазға түсірді. Ол бұл өңірге болашақта орыс көшпенділерін орнықтырып, табиғаты бай, жері сулы жерлерге қоныстандырудың жоспарын жасаған. Меркіде Шоқанның төрелігімен осы өңірдің билерінің біріккен соты өтіп, онда көп жылдардан бері қордаланып, шешімін таппай келе жатқан қырғыз-қазақ арасындағы дау қаралды. Сұлтан, штабс-ротмистр Ш.Уәлихановтың әділ ұсынысын көпшілік ризашылықпен қабыл алып, екі жақ та бітімге келіп, көңілдері толып тарасты. Бұл туралы полковник Михаил Черняев 1864 жылдың 27 мамырында Батыс Сібір әскери басшысы Дюгамельге жазған рапортында егжей-тегжейлі баяндайды.
Ал, көп өтпей 1864 жылы жазда М.Черняев отряды Әулиеатаға жетіп, шаһар сыртындағы Тектұрмас төбесіне орналасады. Мұнда да Шоқан Уәлиханов Әулиеата шаһарының комендантына полковник М.Черняевтің атынан хат жолдап, қаланы қиратпай, соғыссыз, қақтығыссыз, қантөгіссіз, бейбіт түрде орыстарға берілуін талап етті. Ол хат сол күні кешке қала бастығы Нияз Әли датқаға жергілікті қазақ елші арқылы жіберілді. Көп уақыт күттірмей, яғни 3 маусым күні таңертең хатқа жауап келеді. Онда Нияз Әли датқа асықпай ойланып, дұрыс шешім қабылдауға екі жұма, яки он төрт күн мұрсат берулерін өтініпті. Талап бейбіт жағдайда шешілуі үшін Шоқан да бар мүмкіншілігін жұмсады, өзі парламентерлар құрамында Әулиеата қамалына қақпадан еніп, қала бегімен бетпе-бет әңгімелесіп, оқ-дәрісі мен қару-жарағы шектеулі жергілікті халықты қырғынға ұшыратпауы үшін соғыссыз қаланы орыс әскери жасағына беруді жөн санады. Бірақ, қала басшысы оған келісім бермей, қасарысып, шиеленіс ширығып, уақыт өткен сайын күрделене берді.
Сол себепті келесі күні-ақ, М.Черняевтің отряды Талас өзенінен өтіп, Әулиеата қамалын шабуыл астына алады. Ауыр зеңбірек пен мылтық-винтовкалармен қаруланған әскерге қарсы тұру Әулиеата қорғаушылары үшін жеңіл жұмыс емес еді. Шамалы сағатта Әулиеата қамалы өрт-жалынға оранып, сансыз үйлер қирап, жүздеген адам оққа ұшқан. Осылайша, орыс әскерлері жергілікті тұрғындарды аяусыз жаншып-таптап, Әулиеата қамалын қантөгіс соғыспен басып кірген. Оққа ұшып, қанға бөккен қарапайым халықты, аяусыз қиратылған қаланы, шаңырағы ортасына түскен үйлерді, ботадай боздаған әйелдерді, қасіретке душар болған қауқарсыз қарттар мен жас балалардың көз жасын, от-жалынға шарпылып, күйген бесікте ащы түтінге тұншығып шырылдаған сәбилерді көрген Шоқанның жүрегі езіліп, жаны қысылып, жүзі түтігіп, өзінің мына шексіз жүгенсіздікке, озбырлыққа қарсы екенін М.Черняевқа ашық айтып, бұдан былай мұндай сорақы жорықтан мүлдем бас тартатынын білдіріп рапорт жазып, өз еркімен әскер қатарынан кетеді. Әскери істе өлімге пара-пар саналған әрекет үшін Шоқанның бұған дейінгі еңбегі ескеріліп, жазадан құтылады. Алайда, осыдан көп ұзамай-ақ жас ғалым құсалық пен шермендеден ауыр дертке ұшыраған еді.
М.Черняев пен Ш.Уәлиханов арасындағы кикілжіңнің туындауына да Әулиеата сапары себеп болғандығы Н.Ядренцев пен Г.Потанин естеліктерінде айтылады. Бұл жайында досы Потанин: «Ташкентті жаулап алушы Черняев оны жорыққа қатысуға шақырды, Уәлиханов ұсынысты қабыл алды, бірақ солдаттарға рұқсат етілген тонаушылық оған жаман әсер еткені соншалық, ол Черняев отрядын тастап, Верныйға оралып, біраз уақыттан соң Қытай шекарасындағы Тезек сұлтанның ауылында дүние салды», десе, Н.Ядринцев: «Мен оның генерал Черняевтің жасағымен Ташкентке кеткенін естідім. Бұл жерде оның адъютант және аудармашы ретінде өсуіне көп мүмкіндік болатын. Әйтсе де, генералмен арадағы кикілжіңге байланысты Уәлиханов қырға, туыстарына оралды. Екі қайраткердің мінездері сай келмеді ме немесе Уәлиханов Орта Азияда болатын күресті сезініп түршікті ме, ол жағы белгісіз боп қалды», дейді. Ал, араға біраз уақыт салып 1887 жылы алғашқы орыс революциялық басылымы «Колоколда» Әулиеатадағы қантөгіс жайында: «Біз қазір Черняев бастаған Сібір әскерінің ерлігін баяндайын деп отырған жоқпыз... Алайда, біз мәртебелі «жеңімпазға» тұрғындары өздері бергелі тұрған Әулие-Атаны атқылаудың қандай қажеттігі болды деген сұрақ қойғымыз келеді. Әлде көл-көсір қантөгіс реляция (есеп беру) үшін ғана қажет болды ма?» делінген.
Қалай десек те, азаматтық қоғамның құндылықтарына бойұсынып, алғаш рет «Дала демократиясы» деген терминді қолданысқа енгізген, этнография, заң, география салаларында өшпестей із қалдырған Шоқан үшін Әулиеата сапары шешуші рөл атқарғаны сөзсіз. Осы сапары ғалымның орыс отаршылдығына деген ойын түбегейлі нақтылай түсті. Сол арқылы ол атақ пен даңқтан бас тартып, елінің бейбітшілігі биік тұратындығын дәлелдеп өтті.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді