Талас аудандық тарихи өлкетану музейінде сақталған керогаздың кемінде жетпіс жылдан астам тарихы бар. Жетпіс жыл дегеніңіз де орта есеппен алғанда бір адамның ғұмыры. Керогаз – ас пісіруге арналған құрал. Бұл затты Қаратау қаласына жақын орналасқан Қарой ауылының тұрғыны болған Жамалбек Шекербекұлының отбасы алпыс жылға жуық пайдаланған. Содан 2017 жылы Жамалбектің жұбайы Бибайша Бижігітқызы осы керогазды, отағасының өз қолымен жасаған бірнеше ерекше бағалы бұйымдарын аудандық музейге өткізген. Қазіргі таңда ол заттардың барлығы музейдің құнды жәдігерлері ретінде сақталып тұр. Бибайша Бижігітқызының жасы қазір 81-де екен. Жасы келген әжеміздің бізге мән-жайды түсіндіруге мүмкіндігі болмағандықтан, қызы Зағиша Шекербекпен тілдестік. Ол кісі бізге біраз ақпарат берді.
– Менің әкем 30 жыл «Қаратау» кеңшарында тракторшы болған кісі. Бұл керогазды 1960 жылы «Байжансай» кенішінен алып келіпті. Сол кеніштен тауып алған болуы керек. Ол кезде жас жігіт кезі екені белгілі. Бұл затты ұзақ жылдар біздің отбасы кәдеге жаратты. Анамыздың сүт пісіріп, кеспе көже әзірлейтін «пешіне» айналып кеткен еді. Керогазға анамыздың баппен пісірген кеспесі, басқа да тағамдары қандай дәмді еді. Бір сөзбен айтқанда, керогаздың қызығын ұзақ жыл көрдік. Әкемнің қолынан өнері тамған ұсталығы да бар еді. Анама өз қолымен ағаш ұршық жасап берген. Өз қолымен жасаған диірмені де қастерлі. Ол кісінің өзі салалы саусақтарымен шауып дайындаған атқа салатын ер де біздің үйімізде бар болатын. Бәріміз ол заттардың бағасын біліп, құрметпен қарап жүрдік. Әкем 2016 жылы 75 жасқа қараған шағында бақилық болды. Асқар тауымыздың асын берген соң анама: «Анашым! Асқар тауымыз өз мекеніне кетті. Сіз болсаңыз қарттық жасқа келдіңіз. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді. Біз әкемізден қалған бағалы бұйымдарды аяқ асты етпей, аудандық музейге өткізейік. Сол жерде жәдігер ретінде ұзақ жылдар тұрады. Күн сайын бірнеше кісілер келіп, тамашалап, тарихымен танысады. Солай етейік», деп өз ойымды айттым. Анам сөзімді құптады. Содан ертеңіне аудандық тарихи-өлкетану музейіне әкемнен қалған барлық бағалы заттарды өткіздік. Оған қуанбасақ, өкінбейміз. Үйде тұрып тозғанша, музей қызметкерлерінің көз алдында тұрғаны дұрыс. Бұл кісілер ондай бағалы, тарихи заттың қадіріне жетеді, – деді ол.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді