«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

20 мыңнан аса бүлдіршін мектепке барады

20 мыңнан аса бүлдіршін мектепке барады
Ашық дереккөз
Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, барлық білім беру мекемелері жазғы демалыстан оралған оқушыларын қарсы алуға дайын. Биыл облысымызда 20 мыңнан астам бүлдіршін 1 сыныпқа қабылданады. Ал, өткен оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымын 248 мың 45 оқушы аяқтады.

САПАЛЫ БІЛІМ САНАЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕЙДІ

12 мың 604 түлек мектеп бітірді. Олардың ішінде 386 түлек «Алтын белгі» төс белгісін алса, 809 жасөспірім мектепті үздік аттестатпен аяқтады. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 65,9 пайызды құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балл 84,5 болды. Өткен жылмен салыстырғанда 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер үлесі 6,1 пайызға артты. Облыста жаңа оқу жылында 507 орта білім беру ұйымдарына 248 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде.

Бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1239 мекеме жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, облыста 587 мектепке дейінгі білім беру, 507 орта білім беру, 76 қосымша білім беру ұйымы және 42 колледж, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер қызмет атқарады. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен жасөспірімдер үйінде де жас жеткіншектер тәрбие алуда. Жалпы, 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылса, оларды оқытып, тәрбиелеуге 40 мыңға жуық педагог күш салуда.

– Облысымызда білім беру саласына өткен жылы 280 миллиард теңге бөлінсе, биыл 319,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық. Білім саласындағы ең маңызды мәселе – орта білім жүйесін жетілдіру. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың негізгі шарты. Биыл болжаммен 1 сыныпқа 20800 оқушы қабылданады. 1 қыркүйекте 3 мектеп жаңадан ашылады. Сондай-ақ, 3 мектептің ғимараты жаңадан пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешіледі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 миллиард теңге бөлінді. Киім-кешек алуға әр балаға 47389 теңгеден берілді. Биылғы 1 тамызбен-30 қыркүйек аралығында әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізілуде. Акция аясында жекелеген санаттағы 1481 балаға 39 миллион теңгеге жуық қаржыға демеушілер есебінен көмек көрсетілді. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға 9,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, 3,9 миллиард теңгесі жекелеген санаттағы 43198 оқушыға, 5,6 миллиард теңге 1-4 сыныптағы 71230 оқушыны тамақтандыруға арналды, – дейді Рауан Нұрғалиұлы.

Білім мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мәселе. Жауапты басқармасы басшысының айтуынша, облыста мемлекеттік 689 білім беру ұйымдарының 150-і террористік тұрғыдан осал емес объектілерге, 257-сі бірінші топқа, 282-сі екінші топқа жатады.

– Білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Биыл 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылып, осы жылы 19 білім нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі күні 5 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде оқушы орнының тапшылығы бар 9 және 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, 2 апатты мектептің мәселесі шешілетін болады. Ал, келесі жылы 22 білім нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінгі күні облыста 4 үш ауысымды, 3 апатты мектеп бар. Оның ішінде, алтауының мәселесі 2024 жылы, біреуі 2025 жылы «Жайлы мектептер» мен жаңа мектептердің, сондай-ақ жапсарлас құрылыстардың есебінен шешімін табады. Биыл 9 мектепке және 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарына 4,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы 1 қыркүйекке дейін 4 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал, 5 мектептің және 1 мектептен тыс мекеменің күрделі жөндеу жұмыстары мемлекеттік сараптамада көрсетілген мерзімге сәйкес, 4-6 ай аралығына жоспарланған. Бірақ, күрделі жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау мақсатында жұмыс қарқынын күшейту бойынша мердігерлермен жұмыстар жүргізіліп келеді. 5 мектеп бойынша оқу ғимараттарының жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Ал спорт зал, мәжіліс залы, асханасы және абаттандыру жұмыстары 29 қыркүйек пен 10 қазан аралығында аяқталады деп жоспарлануда. 1 мектептен тыс мекеменің күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады. Сондай-ақ, 2024 жылы 96 білім нысанының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 708, 511 миллион теңге қаржы қарастырылды. 2025-2026 жылдары 45 білім нысанын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттамалары мен мемлекеттік сараптамаларын дайындау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні 25-нің жобалық-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамасы дайын, 2024 жылға ұсынылатын болады. Ал, жетеуінің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамада, 13-інің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – дейді Рауан Садырқұлов.

Оқушылардың білім сапасына, ақпараттық құзіреттілігіне тікелей әсер ететін фактор – жоғарғы жылдамдықтағы интернетке қолжетімділік екенін бүгінгі уақыт көрсетіп отыр. Облыстық білім басқармасы басшысының сөзіне сенсек, өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Интернет жылдамдығы секундына 20 Мбит-тен жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63 пайыздан 97,4 пайызға көтерілген. Республикада қолға алынып отырған интернет жылдамдығын көтеру бойынша «Старлинк» жобасына облыстағы 53 мектеп еніпті.

ТӘРБИЕМЕН БЕРІЛГЕН БІЛІМ ҚҰНДЫ

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – олардың рухани-эстетикалық, дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына әсер ететіні сөзсіз. Тәрбие мазмұнын айқындауда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуда. Балалардың сабақтан тыс уақыттарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында облыста 78 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді. Қосымша біліммен қамту үлесі 81,8 пайызды құрайды.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар жаңа жобалар да біртіндеп енгізілуде. Осы мақсатта өткен жылы финдік «KiVa» бағдарламасы 3 мектепте, «ДосболLIKE» бағдарламасы 5 мектепте сынақтан өткізілген. Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі өткен оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізіліп, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкаяның «Бестерек» жобасы арқылы облыс психологтарының білімін арттыру қолға алынған.

Биыл ашылған «Облыстық психологиялық қолдау орталығында» білім алушылар мен олардың ата-аналарына, педагог қызметкерлерге педагогикалық-психологиялық мәселелер бойынша консультациялар беріліп, кәсіби психологиялық көмек көрсетілмек.

Облыста 8200 мүмкіндігі шектеулі баланың 6670-і (81,3 пайызы) оқумен және тәрбиемен қамтылған. Осы бағытта облыста 26 арнайы мекемелер мен кабинеттер жұмыс істейді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен 90,8 миллион теңгеге 4 арнайы мектеп-интернат қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінде облыста 18 жасқа дейінгі балалар саны 463 618 болса, олардың 1225-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Өткен жылы аталған санаттағы 59 бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алған.

КОЛЛЕДЖДЕРДЕ «БРЕНД» МАМАНДЫҚТАР ҚАЛЫПТАСТЫРЫЛАДЫ

Жастарға кәсіптік-техникалық білім беру – олардың болашаққа нық қадам басуы үшін маңызды. Бүгінде облыста 22 мемлекеттік және 20 мемлекеттік емес колледж жастарды кәсіптік-техникалық бағытта оқытып отыр. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын ірі өндірістермен, университеттермен салалық кластерлер құру жұмыстары қолға алынған. ІТ және аграрлық саланы дамыту мақсатында білім басқармасы, «SDU» және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеттері арасында ынтымақтастық меморандумдары жасалды.

Облыс бойынша әр колледжге өз саласы бойынша бренд мамандықтарды қалыптастыру үшін қадамдық жоспар жасап, жұмыс жүргізуге нақты тапсырмалар берілген. Осыған сәйкес, бүгінде Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің «ІТ», №7 Бетқайнар колледжінің «BK-7 Textile» мамандықтары бренд мамандықтар ретінде оқытыла бастады.

Биыл алғаш рет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында бәсекелестікті қалыптастыру мақсатында сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ете білетін үздік колледжді анықтау, оларды қолдау, ынталандыру үшін «Колледждер-лигасы» жобасы іске асырылған. Бұл жоба жыл сайын жалғаса бермек.

Колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше назар аударылуда. Өткен жылы 1 колледж күрделі жөндеуден өткізілсе, 4 колледжде ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Қаржы орталығы арқылы Тараз қаласында 2 жатақхана салынып қолданысқа берілсе, онда 128 студент орналасқан.

Биыл №7 Бетқайнар колледжінде «Бизнес инкубатор» салынды. Бұл облыстағы алғашқы жоба. «Ол студенттерді өз бизнесін ашуға дайындап, шағын кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізеді» – дейді мамандар. Сонымен қатар, көршілес Қырғыз мемлекетімен меморандумға қол қою арқылы отандық өнімді нарыққа шығару арқылы, колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар