«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Заң саласында жаңашылдық көп

Заң саласында жаңашылдық көп
Ашық дереккөз
Жаңа технологиялардың өмірімізге байыппен енуі көптеген саланың айтарлықтай жандануына әсер етіп отыр. Күн сайын күнделікті өмірде жасайтын қарапайым қадамдарымызды бір ғана батырманың көмегімен жасауға мүмкіндік туған сайын бұрынғыдай қағаз арқалап, есіктерді тоздыру сияқты жүйкеге салмақ салатын әрекеттер азайып келеді. Бұл әсіресе еліміздегі заң және құқық салаларына ерекше серпін беріп, азаматтардың өміріне оң әсерін тигізіп жатқанын көзіміз көріп жүр.

Елімізде сот жүйесін цифрландыру бойынша тыңғылықты жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мазмұнымен үйлесе отырып, жүзеге асқан сот саласындағы жаңашылдықтар уақыт сұранысына сай тағы да жаңғырып, заман ағымына сай бейімделуде. Нәтижесінде халық көңілінен шығатын, халықтың сотқа деген сенімін арттыратын жүйе қалыптасуда. Бүгінгі күні сот жүйесінде ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде халық қағазбастылық пен кезекке тұру мәселесінен арылды. Қазір азаматтар үйде отырып-ақ қалаған қызметіне қол жеткізуде.

Елімізде алғашқылардың бірі болып сандық технологияға өткен сот жүйесі бүгінгі күні ыңғайлылығымен, тиімділігімен, халықтың уақытын үнемдеуімен жұртшылықтың көңілінен шығып отырғаны белгілі. Сот жүйесіндегі негізгі жобаның бірі – «Smart сот». Бұл жоба халыққа түсінікті әрі қолайлы, қарапайым, қауіпсіз электрондық қызмет жасауды көздейді. Жалпы, сандық жүйенің арқасында соттардың заманауи түрлері мен озық цифрлық технологияларды енгізу, артық уақыт пен қаржы шығындарына алып келетін сот процедураларын қысқарту мәселесі өз шешімін табуда.

Сандық технологияның арқасында қол жеткізген тағы бір жетістік – бүгінгі күнгі сот залдарында орнатылған бейнебайланыс жүйесі арқылы сот төрелігін қашықтықтан жүргізу. Қазіргі таңда көптеген сот отырыстарын қашықтан өткізу арқылы тараптарды алыстан тыңдау, куәгерлерден жауап алу мүмкін болып отыр. Бұрын мұндай жағдайда куәгердің немесе тараптардың бірінің сотқа келуі, алыс аймақта болса сот процесі өткізілуі көп қиындықтар туындататын. Қазір сотқа шақыртуды СМС арқылы жіберіп, сот процесі кезінде алыстан онлайн қатыса алуы сандық технологияның тағы бір артықшылығы деп айтуға болады. Соттарға қолжетімділікті қамтамасыз етуде «Сот кабинеті» сервисін ерекше атап кеткен жөн. Қазір халық электрондық цифрлық қолтаңбасымен сотқа талап арыздар мен өтініштерін, шағымдарын электронды түрде жолдап, өз ісінің статусын онлайн арқылы бақылап отыруға мүмкіндігі бар. Жыл өткен сайын онлайн қызметке жүгінетіндер санының артып отырғанын байқауға болады.

– Соңғы жылдары Жоғарғы сот заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы электрондық іс-қағаздарды жүргізуге және сот ісін жүргізуге ауысу бойынша үлкен жұмыс атқарғанын айта кеткен жөн. Қазір күнделікті сот тәжірибесінде соттар IT-технологиялар және ғаламтор ресурстарының мүмкіндіктерін көбірек пайдалана бастаған. Себебі, жаңа технологиялар сот ісін жүргізу уақытын елеулі түрде қысқартып, сот жұмыстарының көрсеткіштерін оңтайландырады. Мұндағы ең басты міндет – халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ақпараттық технологияларды дамыту сот жүйесі үшін басым бағыт. Себебі, ол сот төрелігін жүзеге асыру процесін жеңілдету, оңтайландыру және автоматтандыру, оған қоса бюджет қаражатын үнемдеуге жол ашады, – дейді Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы Д.Оразбаева.

Жаңашылдық пен сандық технологиялардың игілігін прокуратуралар да көріп отыр. Мәселен, биыл Бас Прокурордың нұсқауымен жыл басынан бері «Ахуал орталығы» пилоттық режимде жұмыс істей бастаған. Бүгінгі күні прокурорлар өңірлік полиция департаментінің жедел басқару орталығының камераларына, тергеушілердің қызметтік бөлімшелеріне және қылмыстық-түзету жүйесінің мекемелеріне, сондай-ақ құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің автоматтандырылған ақпараттық жүйелеріне қосылды. Орталықтың мақсаты – азаматтардың түйткілді мәселелерін анықтау және оларды шешу бойынша талдау жұмыстарын жүргізу. Жұмыс бағыты блоктар бойынша (сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-іздестіру қызметі, жол-көлік оқиғалары және әкімшілік құқықбұзушылықтар арқылы) жүргізіледі. Мысалы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстың негізгі көрсеткіштеріне, азаптаулар туралы мәлімдемелерге, жеткізілген адамдар мен қабылданған түпкілікті шешімдерге күнделікті мониторинг жасалады.

Орталық жұмысының тағы бір бағыты – қылмыскерлерді, із-түзсіз жоғалғандарды және борышкерлерді іздеу. Орталықтың деректер базасы іздеуде жүрген тұлғалардың жеке мәліметтерін автоматты түрде алады. Қазіргі уақытта қабылданған шаралардың тиімділігі үшін адамдар көп жиналатын орындарда, медициналық мекемелерде, Қоғамдық денсаулық сақтау орталығында және басқа да ұйымдарда орналасқан бейнебақылау камераларынан алынған бейнелерді біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Іздеудегі адамдардың суреттерін анықтау кезінде оның орналасқан жері туралы сигнал одан әрі ұстау шараларын қабылдау үшін уәкілетті органға жіберіледі, сондай-ақ мәлімет орталыққа да жүктеледі.

Орталықтың тағы бір өзекті бағыты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Автоматты режимде жол-көлік оқиғаларының түрлері, олардың жасалу себептеріне сәйкес бөлінген деректері мен динамикасы алынады. Сондай-ақ, әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша материалдарды қашықтықтан зерделеу мүмкіндігі бар. Нәтижесінде жалған құжаттар арқылы оларды жүйелі түрде заңсыз тоқтату фактілері анықталған. Кінәлілер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

– Орталықтың мәліметтерімен жұмыс істей отырып, проблемалық мәселелерді шешу жолдарын іздеп, соның ішінде стандартты емес тәсілдер қолданамыз. Мысал ретінде, қол қою сатысында профилактикалық жұмыстар мақсатында ақпарат алмасуды көздейтін «Inservice» (Indriver) жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы айтуға болады. Сондай-ақ, жұмыс уақыты мәселесін қарастыру бойынша қайталанатын құқықбұзушылықтар жасаған жүргізушіге, жұмыс уақытының шегінен асып кеткен жүргізушіге тосқауыл қойылады, – делінген облыстық прокуратура берген мәліметте.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ 

Ұқсас жаңалықтар