«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төменгі Балқаннан келген батыр

Төменгі Балқаннан келген батыр
ашық дереккөз
Төменгі Балқаннан келген батыр

Кабарда-Балкар елінде 1921 жылы дүние есігін ашқан, анасы ерте қайтыс болып, өгей шешенің қолында өсіп, титтейінен-ақ жетімдік тауқыметін тартқан Асхат Этезов атамыздың өмірі тұнып тұрған шежіре десе де болады. Жеті жасында Пятигорск қаласында жетіжылдық мектепте білім алады. Одан соң Нальчик қаласында үшжылдық мұғалімдер дайындайтын толық емес жоғары білім беретін университетті бітіріп, Эльбрус деп аталатын ауылда еңбек жолын мұғалім болып бастайды.

Бұл күндері екі қызынан үш немере, алты шөбере сүйіп отырған Асхат атамыз: – Мен дүниеге келген «Төменгі Балқан» деп аталатын ауыл дәл осы біздің Меркі сияқты таулы-тасты жер. Біздің де кәсібіміз мал бағу, тал-дарақ егу еді. Шынын айтсам, біз басынан туыс, ұқсас елміз. Салт-дәстүріміз де ұқсас, тіптен, тіліміз де ұқсас, – деп еске алады әңгімесін әріден бастап. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, қан майданда екі рет жараланып, Қазақ еліне Кавказдан жер аударылған отбасына 1946 жылдың басында ғана оралған қарт жауынгер бүгінде тоқсанның төртеуіне келді. Газетті әлі көзілдіріксіз оқитын, тек қана құлағы нашарлау естіп, таяқтың көмегімен жүретін Асхат ата біраз ойланып барып сөзін әрі қарай жалғады. – Эльбруста мұғалім болып жүрмін. Тәртіп өте қатал, жұмыстан 10 минут кешіксең, ешқандай сотсыз-ақ жеті айға қамауға алынатыны туралы Кеңес Одағының заңы шыққан. Ол кезде ашаршылық, қоғамдық тамақтану орындары деген атымен жоқ. Эльбрус пен «Нижний Балкан» – туған ауылым, екеуінің арасы 50 шақырым. Аптасына үйге бір барып, талқан, жүгерінің нанын алып келіп, келесі аптаға дейін талғажау етемін. Бір жолы жаяулатып, жауған жаңбырдан жол ауырлап жұмысқа кешігіп келдім. Заң қатал. Оны ешкім бұза алмайды. Мен шынымен сотты болып, жеті айға қамалатын болдым. Тағдырым ба, әлде еңбекқорлығымды бағалап жандары ашыды ма, колхоз бастығы мен мектеп директоры әскери комиссариатпен келісіп, мені әскер қатарына алдырды. Бұл түрмеден құтылудың бірден-бір жолы болды, – дейді Асекең. Сөйтіп, жас мұғалім 1940 жылы Мурманск қаласындағы әскери бөлімнен бір-ақ шығады. Мұнда бас артиллериялық полкте саяси жетекші әрі барлаушы-бақылаушы әскери міндеттерін атқарады. Әскери қимылдарға жаттығып, артиллерия мен барлаушының ісіне машықтанған бұлардың артиллерия полкы жазғы жаттығу алаңына шыққан кезде Ұлы Отан соғысы басталғаны туралы хабар жетеді. Әскерилер шұғыл негізгі базаға оралып, соғысқа жаңаша дайындық түріне көшеді. Бұрындары аттармен сүйретілетін ауыр артиллерияны енді шынжыр табанды техника тіркеуіне алып тартады. Жаңа қару-жарақ, техника жеткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, бақайшағына дейін қаруланған қуатты полкке айналады. Дайындық күндіз-түні жүргізіледі. Бұлардың артиллериялық полкы тамыз айында Батыс Украина майданы жағынан ұрысқа кіреді. – Алғашқы ұрыс полк үстінен қалықтап ұшып жүрген немістің барлаушы самолетін атып түсіруден басталды, – дейді қарт солдат. – Ұшқыштың біреуі өліп, біреуі порашютпен жерге қонып тірідей қолға түсті. Біздің негізгі міндетіміз жау әскері шоғырланған жерді артиллериямен соққылау, жаяу әскерге жол ашу еді. Он бес-жиырма шақырым жерде тұрып жауды атқылайтынбыз. Барлаушы ретінде ыңғайлы биік жерге шығып, көмекшім екеуміз жау әскерінің қозғалысын бақылап, полк штабына хабарлаймыз. Көмекшім әрі радист те болатын. Украина халқының жартысы Кеңес Одағын, жартысы немістер жағын қолдауы бұл елді жаудан азат етерде көп қиындық туғызды. Кімнің жау, кімнің қас екенін білмейсің. Бір жолы сол неміс жағындағы украин әскерлері қоршауға алып, полкты түгел жойып жібере жаздады. Ең қиын шайқас болды, көп адам шығынға ұшырап, өлім құшты. Әрең дегенде қоршаудан шыққан артиллериялық полк қайта жасақталып, ұрысқа кірді. Иә, Шығыс Пруссияны азат етуге, блокадада қалған Ленинградты қорғауға, неміс қалаларын басып алуға қатысқан Асхат шайқасты Берлин қаласын алумен аяқтайды. Екі рет жараланған Асекең үш айдан дала госпиталінде емделіп, қайта қатарға қосылады. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен наградталады. – Біз соғысып жүргенде, Сталиннің Жарлығымен отбасыларымызды Қазақстанға көшіріп жіберіпті. Бізге де арнайы жер аударылушы ретінде әскерден өз еркіммен қайтуға рұқсат берді. Сөйтіп, өздері де қиындық көріп, қалт-құлт етіп отырған қазақ ағайындардың ыстық құшағына бөленген, мейірімділіктері мен адамгершіліктерінің арқасында аман қалған отбасымызға келіп қосылдық, – дейді Асхат Этезов. Ол бейбіт өмірде сүт зауытында қабылдаушы, одан соң сол кездегі Меркі қой зауыты ауылында мұғалім, кейін мектептің директоры, облыстық санаториялық мектеп-интернаттың он сегіз жыл үздіксіз басшысы болып қызмет істеп, зейнетке шыққан. Меркі ауданының ел-жұртқа қадірлі азаматтарының бірі. Бұл күндері немере-шөбересінің қуаныштарына кенеліп отырған Асхат ата «Қазақ – өте мейірман, жаны таза, адамгершілігі мол халық. Сол дәстүрді, сол мәрттікті қазіргі жастар аласартпасын» дейді шын ниетімен тебірене.

Серік Құралбай, журналист.

Андас батыр ауылы, Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар