Қалашық қазіргі Байзақ ауданында Тегістік ауылынан солтүстік-батысқа қарай Тегістік-Бостандық тасжолының сол жағында орналасқан. Алғаш рет тарихи мекенді 1894 жылы Василий Бартольд зерттеп, ортағасырдағы орташа дамыған қалалардың бірі деп бағамдаған. Одан кейін де қалажұртты Александр Бернштам, Карл Байпақов, Мадияр Елеуов сияқты археолог ғалымдар зерттеп, мекеннен көптеген құнды заттай деректер тапқан. Олардың айтуынша, қала VІ-ХІІ ғасырларға жатады.
– Әзірге бұл қалалық мәдениет туралы деректер жоқтың қасы. Сондықтан археологтарымыздың зерттеулерімен ғана шектелуге мәжбүрміз. Әр жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде аэрофотосуреттер ескерткіштің біршама сипаттарын анықтады. Қалашық топографиялық жағынан күрделі, екі қатарлы қабырғалармен қоршалған. Төртбұрыш үлгідегі алаңның бекініс қабырғалары дөңестеле келе төрт құбылаға бағытталған. Мұнаралар қабырғалардың бұрыштарына периметр бойынша орналасқан. Мұндағы мұнаралардың жалпы саны 18-ді құрайды. Қақпалар батыс және шығыс қабырғалардың ортасында орналасқан. Қалашық ішінің үстіңгі қабаты шығыс пен батыс қақпаларды біріктіретін магистральді көшелер мен олардан тарайтын шағын жолдардан тұратын тығыз құрылыстар. Қалашықтың аэрофотосуреттері көрсеткендей, орталыққа ауыл шаруашылығы мақсатында қабырғалармен қоршалған телімдер жанасқан, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау бөлімінің басшысы Ұлжалғас Шаизхан.
Тарихшылардың пікірінше, қала бекінісі төртбұрышты алаңқай түрінде салынып, қабырғалары дүниенің төрт бұрышына қараған. Ішкі мұнаралардың саны – 14 болса, қалған 4 бұрыштық мұнара оңтүстік-шығыста орналасып, ішкі қамал қызметін атқарған. Ал, қақпалар батыс және шығыс қабырғалардың ортасында орналасқан. Қақпаға жол ені 25 метрге дейін жететін, тереңдігі 2 метр болатын орға салынған бөгет арқылы өткен. Қалашықтың ішкі жағы адырлардан тұрады. Бұл шығыс және батыс қақпаны байланыстырған бас көше мен одан тараған кішігірім көшелер бойындағы тығыз құрылыстардың болғандығын білдіреді. Сыртқы қабырғаның арғы жағында қырық метрге дейінгі қашықтықта қалыпсыз пішіндегі тағы бір дуал орналасқан. А.Бернштам мұны қорғаныс жұмыстарына қажет құрылыс болған деп есептеген. Алайда, кейіннен аэрофотосуреттер көрсеткендей, дуал сыртында қабырғамен қоршалған жер телімдері екендігі белгілі болған. Солардың ішінде қалашықтың батыс жағындағы үшірі телім анағұрлым жақсы сақталған. Бұдан бөлек, Оххум маңында Талас өзенінің сол жақ сағасы – Қарабахр өзен суын қолданған ежелгі суландыру жүйелерінің қалдықтары анықталған. Одан ұзындығы алты шақырымға дейінгі магистральді каналдар тартылған. Осыған қарап-ақ, ортағасырда бұл аймақ тарихи маңызы бар, шаруашылығы дамыған мекен болғандығын аңғаруға болады. Археолог ғалымдар қалажұрттың бетінен, қабырғалардың құландыларынан, каналдардың қырқылған тұсынан жинақталған керамикалардан тарихи мекеннің VI-XII ғасырларға жататындығын айғақтаған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді