Сарбас Майкөтұлы өз заманының арда туған от ауызды, орақ тілді дүлділ ақыны. Ол Жетісу облысы, Верный уезі, Қордай болыстығының №2 ауылының (Мәтібұлақ) маңындағы Долаңқара елді мекенінде 1849 жылы дүниеге келіп, 1911 жылы дүниеден озған. Азан шақырып қойған аты – Тілеулі, түр-түсі сары адам болған соң ел оны Сарбас атап кеткен. Ақындық қуаты жағынан Сарбас өз тұсындағы майталман сөз шеберлерінің көбінен басым болған. Оның өлеңдері өткір, батылдығымен қатар өрнек-айшығымен де, тапқырлық-ұтқырлығымен де ерекшеленген. Шешелері өліп, жетім қалғаннан кейін нағашылары Тілеуліні алып кетеді. Ол – Ұлы жүз ақындарының көбінің ұстазы болған Қабан жыраудың жиені. Жетісу өңіріне танымал атақты Кебекбай шешеннің мектебінен өтіп, оны өзіне ұстаз санап, жыр-толғаулар айту тәсілін үйренген. Кебекбай шешеннің шәкірті, замандасы Ноғайбай бимен бірге қырғыз-қазақты аралап жүріп айтыстарға қатысқан. Верныйдағы Ноғайбай мен Қожамберді ұйымдастырған Жамбылмен айтысында Сарбас өзін Майкөттің сегіз ұлының бірімін деп таныстырады.
Сарбас: ...Мен Майкөттің сегіз ұлының бірі едім,
Мен сендейдің бәрін де жаншып тастап жүр едім.
Шақыртқан соң мыналар,
Бұл жиынға кеп едім,
Жасы үлкен ағаңмын,
Осал жерден шықты демегін... – деп және жасы үлкендігін тілге тиек етеді.
Жамбыл болса :
Алматы деген шаһарда –
Би-болыстар жиналып жатқанда...
Ноғайбай мырза шіренген,
«Домбыра алған бұл кім» деп,
Теріс көзбен қарады.
Танып тұрып, танымай,
Екі көзі жеп барады.
Түрімді көріп Ноғайбай,
Деді кекеп: – Шошыма.
Өңкей дәудің қасында.
Сөйле, кәне, мұңаймай!... – деп Ноғайбай биді шіренген мырза екенін жырлап, өзінің орақ тілімен түйреп өтеді.
Сарбас ақынның даңқын шығарған оқиғалардың бірі ақын Абайға жөн-жосық айтуы. Ноғайбай би мен Сарбас ақын бастаған топ Верныйдағы Құнанбайдың туысы саудагер Мерқасымның үйіне түседі. Абай ақын демалып жатса керек. Ноғайбай оны Сұлутөрге келіп қонақ болуын, Ақмай жеңгесін көріп қайтуы жайында айтыпты. Ықылас-пейіл білдірген Ноғайбайдың сөзіне құлақ қойып, ойланып қалған Абайға Сарбас ақын қолма-қол домбырасын қолға алып: «Арғы атаң Өскенбай мен Құнанбайды, Тобықты Ырғызбайлап ұрандайды... Бармаған шақырғанға зар болады, Құрметпен барған қонақ ұялмайды» – дегенде жиналып отырған игі-жақсылар Сарбастікі дұрыс деп шешім қабылдапты. Пәтуәлі, жөн сөзге тоқтаған Абай ақын Сарбасқа күле қарап: «Рахмет, барсам барайын, халық шақырған жерден неге қалайын?!» – деп шақыруын қабыл алып Сұлутөрге келген.
Көз көргендердің әңгімесі бойынша, ақынның өлең айтарда, айтысты бастарда өз құлағын өзі бұрап, айғайлап бастайтын ерекше әдеті болған. Ол әдетті ол Қабан ақыннан үйренеді. «Нағашым Қабан өз құлағын бұрамаса, аузына өлең түспейді екен», – дейді Сарбас ақын. Кейіннен Сарбастың сол әдеті әрі шәкірті, әрі туысы ақиық Кенен ақынға көшкен.
Сарбас Майкөтұлының есімін елге кеңірек танытқан жоғарыдағы атап өткен Жамбылмен айтысынан бөлек, Қалмырза, Қуандық, Еркебай, Өзипа және Күлзипамен болған айтыстары.
Еншісі бөлінбеген қазақ және қырғыз халықтары ежелден-ақ аралас-құралас өмір сүрген. Екі елдің көптеген ақындары той-жиында өзара айтысқа түскені тарихтан белгілі. Қазақ пен қырғыз ақындарының айтыстарына тән бір ерекшелік – қысқа да нұсқа сөз жарыстыру салты болған. Осындай қысқа айтыстардың бірі – қазақ Сарбас бен қырғыз Қалмырзаның айтысы:
Алматынын боорунда,
Сары нар чөктү билдиң би?
Узун агач башына,
Ак қус қонду билдиң би?
Жер ортасын мөлшер қып,
Тузак курду билдиң би?
Ээсиз жаткан көп жылкы,
Бирин кармап миндиң би?
– деп көпті көрген Қалмырза ел басындағы ахуалды Сарбасқа ұқтырады. Сарбас домбырасын қағып-қағып жіберіп, әріптесіне жауап беруді былай бастайды:
«Алматының бауырына,
Сары нар шөкті дегенің –
Балдыр-бұлдыр сөйлеген,
Адам тілін білмеген,
Шапанында жаға жоқ,
Етігінде таға жоқ,
Өңі сары, көзі көк,
Адам білер сөзі жоқ,
Қала салып көшпеген,
Мына бір орыс болмасын...
Ұзын ағаш басына,
Ақ сұңқар қонды дегенің –
Қарағайдың басында,
Ақ шынысы болмасын.
Жер ортасын мөлшерлеп,
Тұзақ құрды дегенің –
Дүрбіменен қараған,
Шашыла айтып санаған,
Бір қисығы болмаған,
Телеграф сымдар болмасын».
Сарбас пен Қалмырзаның осы сөз қағысуынан айтыстың мәдениетін сезіну қиын емес. Бұл сөз сайысында отаршылдық дәуір өмірге әкелген жаңалық-өзгерістер айтылады. Одан ары Қалмырза Кенесары мен Наурызбайды тілге тиек етеді, Сарбас болса жауап ретінде екі елдің татулығы, бірлігі жайлы айтады. Негізі, аталмыш айтыс сұрақ-жауап ретінде рет-ретімен жұмбақталып төгіле береді, шабыттанған екі ақын арғы-бергі тарихтан сөз қозғайды. Нәтижесінде, осы айтыстың өтуіне себепкер болған Кебекбай, Ноғайбай, Шәбден сынды және басқада қазақ пен қырғыздың жайсаңдары айтысты тамашалап ырза көңілмен тарасады.
Сарбас Майкөтұлының шоқтығы биік айтыстарының бірі – Қуандық ақынмен айтысы. Аталмыш айтыс Шу бойында ысты Қаржау байдың асында өтеді. Үлкен асқа жан-жақтан қазақтың игі жақсылары шақырылып, жиналады. Оған атақты Кебекбай мен Ноғайбай шешендер бастаған бір қауым ел келеді.
Бұл айтыста Сарыбас елінің, жерінің, байлық-салтанатын дәріптеп, жалынды, ұтқыр сөздерімен өрнектеп жырлайды.
Айтыс өнерінің дүлдүлі Сарбас ақынның қайсы айтысын алсаңыз да ол еркін көсіледі. Ой-қиялға суарылған нағыз тапқыр сөздер, айшықты, нақышты оралымдар, гауһардай құбылған сырлы, нұрлы сөздер түнгі аспандағы сансыз жұлдыздай төгіледі. Мысалы, Күлзипамен айтысына тоқталатын болсақ:
...Ақ тікен, қара тікен кей жерде бар,
Біреу бай, біреу кедей пенде де бар.
Бетіме кедейлікті салық қылдың,
Қарыс жер қақыраған сенде де бар – деп Сарбас ақын тапқырлық танытады.
Ел арасында Сарбас ақынның құрдасы Жолдықараға, Байқара молдаға, Ақатай болысқа, Қоштасу атты өлеңдері сақталған. Ақынның қоштасу өлеңіне келетін болсақ, 1911 жылы атақты үзеңгілес серігі Ноғайбай бидің асы боларда Сарбас науқастанып жүреді. Сонда да өмірінің ең бір естен кетпес қызықты, шуақты шақтарын бірге өткізген жолдасының асына барып қайтуға белін бекем буып жолға шығады. Сұлутөрге барар жарты жолда денсаулығы сыр беріп, ағайындары Мәтібұлаққа кері алып қайтады. Сондағы үйге келіп, ішқұса болған Сарбас ақын қара домбырасын қолына алып:
Атандым талай елге Сарбас ақын,
Қазақ қырғыз тұз-дәмін талай таттым.
Кеселдің кесірінен амалым жоқ,
Жиынын Ноғайбайдың көрмей қайттым...
Тоқсейіт, Былғақбай мен Пішенбайым,
Қорабай аман болғын, Мұқатайым.
Бәріңе белгілі ғой менің жайым,
Жетімнің біле жүргін хәлін, жайын.
Бұлағың ағып тұрған тартылды енді,
Сен-дағы хош боп тұрғын алған жарым.
Бұл жайды Кебекең де білген шығар,
Ноғайбай да күдерін үзген шығар.
Барайын мен соларға сәлемдесіп,
Сағынып дауысымды жүрген шығар, – деп домбыраның үніне қосып жырлайды.
Осы «Қоштасу» жырына қарағанда Сарбас ақын бұрындары айтылып жүрген 1914 жылы емес, 1911 жылы қайтыс болған. Себебі, Ноғайбай Дәулетбақұлы архив құжаттарына қарағанда 1910 жылы қайтыс болып, асы 1911 жылдың жазында өтеді. Асқа жете алмаған Сарбас осы жырды жанынан суырып, жарыққа шығарады.
Жандарбек ҚАРАБАСОВ,
тарихшы, Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді