1949 жылы 20 мамыр күні Жуалы ауданы, Бақалы ауылында дүниеге келген ол республикалық «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Егемен Қазақст ан» газеттерінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, бұрынғы Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінің тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Салмақты сараптамалық мақалалары арқылы республикалық Баубек Бұлқышев атындағы байқаудың алғашқы жеңімпаздарының бірі атанды. Қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ғалым, қайраткер Қаныш Сәтбаев туралы «Мысдария» повесі Қазақстан Жазушылар одағымен «Қазақмыс» корпорациясының «Қарсақбай» мыс қорыту зауыты жариялаған конкурстарда бас жүлдеге ие болды.
Ол көркем әдебиетке де көсіле қалам тартты. Он бес кітабы жарық көріп, оннан аса ұжымдық жинаққа әңгімелері мен очерктері енді. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Әбдір Сағынтаев», «Тарих тамырлары», «Көңіл құсы», «Бақатерек», «Ән-ғұмыр» көркем әдеби кітаптары оқырмандарынан шынайы бағасын алды.
Журналист ретінде облысымыздағы «Амангелді» газ-кен орнын игеру туралы мақалаларын «Егемен Қазақстан» газетіне үзбей жазып, ол еліміздің оңтүстігін газ тапшылығынан құтқарудың, өзгеге тәуелді болмаудың бір жолы екенін дәлелдей білді. Себебі, бұған дейін оңтүстік өңір газды Өзбекстанның «Газли» кен орнынан алатын. «Егемен Қазақстанға» осы мәселе жарияланғаннан кейін көп ұзамай сол кездегі ел Үкіметінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, аталған мақаланы оқығанын және сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің бұл жөнінде хабардар еткенін айта келіп, кен орны игерілетініне уәде беріп кетеді. Мақұлбек Қайыпбекұлы көтерген мәселені Шерхан Мұртаза бастаған Мәжіліс депутаттары қолдап, «Амангелді» газы әр үйге жылу болып кірді. Осы еңбегі үшін ол Талас ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
2004 - 2010 жылдары Мақұлбек Рысдәулет Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы қызметін де абыроймен атқарды. «Ақ жолда» ұжымды ұйыта білген ұйымдастырушы, жан-жақты, ізденімпаз басшы болды. Газеттің сенбілік саны «Атпал-Ақ жол» 12 бет болып шығып, онда түрлі тақырыптар жан-жақты, зерделене қозғалатын. Газет жанынан мектеп оқушыларына арналған «Алтын шырақ» атты журнал да жарық көрді.
Облыстық мұрағатта қызмет еткен жылдары да Мақұлбек Қайыпбекұлы өнімді еңбек етті. Өңіріміздің 75 жылдығына орай 1939 жылдан бергі аймақтың өсіп-өркендеуінен сыр шертетін «Жылнама-шежіре» кітабы жарыққа шықты. Ал, 80 жылдыққа аталған көптомдықтың 80 томы шығарылды. Бұл іске Мақұлбек Қайыпбекұлының өлшеусіз зор үлес қосып кеткені айтылып та, жазылып та келеді. Оның бастап берген ісі жалғасын тауып «Тараз мұралары» сериясымен шыққан томдар кітапханалар қорын толықтырып, оқырмандар игілігіне қызмет етуде.
Мұнымен қоса еңбекқор журналист мұрағат материалдарын пайдаланып «Ерлік ұмытылмайды», «Ескерткіштер – ел тарихы», «Жазықсыз жазаланғандар», «Мәңгілік ерлік», «Жамбыл батырлары», «Майдан хаттары», «Жасампаз 25 жыл», «Жамбылым қандай тамаша», «Мәдениет және өнер өрнектері», «Солдат жары», «Жуалы», «Тарихы терең мерейлі мекен», «Конфискация» кітаптарын бірінен соң бірін жарыққа шығарды.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Мақұлбек Рысдәулет – қарымды қаламгер, тағылымды тарихшы, өрелі өлкетанушы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бір топ зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, замандас достары, әріптестері марқұмның осы қырларын, еткен еңбектерін тебірене қозғады. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Мейрамбек Төлепберген жүргізген конференцияны облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлана Сламбекова кіріспе сөз сөйлеп ашты.
Іс - шара барысында Мақұлбек Рысдәулеттің жеке тектік құжаттарынан тұратын көрме ұйымдастырылып, қонақтар назарына ұсынылды. Сондай-ақ, еске алу мақалалары, тұлғалық қасиетін ашатын ақпараттар, қаламгердің сұхбаттары мен зерттеу мақалаларынан тұратын «Өрелі сөзді өрнектеген» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді