«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Он жылда олжалы өзгерістер жасаймыз» - Арсен Томский

«Он жылда олжалы өзгерістер жасаймыз» - Арсен Томский
Ашық дереккөз
InDrive халықаралық компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский Таразға келіп, студенттер, жас кәсіпкерлермен кездесті. Якутиядан шыққан кәсіпкер 46 елге тараған бизнесін қалай бастағанын әңгімелеп берді. Қазақстан азаматтығын алған ол тіл үйренудегі тәжірибесін айтып, бизнес бастаймын деген жандар үшін кеңесімен бөлісті.

СТУДЕНТТЕРДІҢ ПАБЛИГІНЕН СТАРТАПҚА ДЕЙІН

«Менің тілім кекештеніп шығады, бірақ бұл жақсы әңгіме айтуымызға кедергі болмас». 3000 адам жұмыс істейтін компанияны басқаратын бизнесмен сөзін осылай бастады. Арсен Томский – андердог кәсіпкер. Андердог деп әдетте жеңіске жетуде мүмкіндігі өте аз, ешкім жеңіс күтпейтін команданы айтады. Томскийдің тілінде мүкістігі бар, әлемдегі ең суық және ең алыс нүктенің бірі Якутияда дүниеге келген. Оның балалық шағы ауыр өткен. Бірақ қай жерде туылғаны да, қандай ортада тұрғаны да Томскийдің 100 миллион адам қолданатын IT-стартап жасап шығуына кедергі болмады.

Бизнесмен әңгімесін InDrive сервисін қалай іске қосқанын айтумен бастады. 2013 жылы Якутскіде өте қатты қыс болады. Такси жүргізушілері бірауыздан келісіп, аязды күндері бағаны бұрынғыдан бірнеше есеге көтеріп жібереді. Оған келіспеген студенттер «В контакте» желісінен парақша ашқан. Сол жерде тұрғындар баратын жерге дейін өздері баға ұсынып, келіскен адамға мініп кете береді. «Бұл парақшаның танымал болғаны соншалықты, жарты жыл ішінде 50 мың адам қосылды. Адамдар такси бағасын өзара келісіп жүре беретін болды. Ал, бағаны көтерген такси жүргізушілердің барлығы дерлік жұмыссыз қалды», – дейді Арсен Томский.

Ол студенттер құрған жүйенің әлеуметтік феноменге айналғанын байқайды. Сол парақшаның негізінде жүргізуші мен жолаушы бағаны өзара келісетін сервисті ойлап шығарады. Жаңа стартап Indriver деп аталған. Independent driver яғни тәуелсіз жүргізуші деген мағынаны білдіреді. Бүгінде 46 мемлекетке тараған, 100 миллионнан аса адам қолданады.

2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін компания Ресейдегі жұмысын тоқтатты. Қызметкерлері түрлі елдерге көшірілді, бірақ басым көпшілігі және негізгі кеңсесі Алматыда тұрақтанды. Томскийдің сөзінше, қазір Алматы мен Астанада InDrive-тің 1000-ға жуық маманы қызмет істейді.

КӘСІБІҢІЗДЕ МӘН БОЛСЫН

«Біз орталықта тым алыста орналастық, инфрақұрылым әлсіз, мамандар тапшы болғанына қарамастан барлығын жасай алдық, қолымыздан келді», – дейді компания басшысы жетістігі жайлы. Дәл солай өз бизнесін жолға қойғысы келген өңірдегі жас кәсіпкерлер, стартапшылар үшін негізгі үш кеңесін айтты.

«Алғашқысы – тұрақты еңбек, үзіліссіз даму. Біз өзіміз үшін маңызды деген қабілеттерді, «мынау күшті, мынау әлсіз» деп олардың деңгейін анықтап аламыз. Сосын жыл бойы сол қабілеттерді дамытамыз» деп түсіндірді Томский.

Екінші дүние – ерекшелендіретін бизнес модель. Міндетті түрде басқалардан артық ететін жүйе болуы керек. «Бәсекелесімізде комиссия 20-25 пайызға жетеді. Ауа райы бұзылғанда бағаны 2-4 есе көтереді. Осы кезде нарыққа біз шығамыз, бағаны жолаушылар белгілесін дейміз. Нарықта бағамен манипуляция жасамаймыз. 10- 12 пайыз деген ең төменгі комиссияны аламыз. Артықшылығымыз осы, адамдар өздері белсенді түрде пайдалана бастайды», – дейді InDrive негізін қалаушы.

Үшінші – мән. Кәсібіңізде мән болсын. Сіздің көңіліңіз қалаған, сізді ұстап тұратын дүниемен айналысу керек. Indrive компаниясының өзі алдағы алты жылда 1 миллиард адамның өміріне оң ықпал етуіміз керек деген мақсат қойған.

Томскиймен кездесуге жиналғандар транспорт министрлігінің InDrive, YandexTaxi такси жүргізушілері 50 шақырымнан ұзақ жүрмеуі керек деген ұсынысы туралы сұрады. «Үкіметтің мақсаты адамдардың өмірін жақсарту екен рас. Бірақ олар бұл мәселені талқылап, дұрыс шешім болмайтынын түсінеді деп ойлаймын. Ол халыққа соққы болады. Көпшілікте таңдау болу керек. Автобус немесе машина ма өздері шешуі керек. Әзірге бұл тек жоспар ғой, бірақ болашақта ондай өзгеріс болады деп ойламаймын», – дейді кәсіпкер.

Бизнестен бөлек Арсен Томскийдің Қазақстандағы жобалары, тіл үйреніп жатқаны жайлы сұрақтар қойылды.

«Жақында ғана «тамаша, жақсы» деген сөздерді үйрендім. Қазақ тілі якут тіліне ұқсас, түркітілдес қой. Бірақ қазір мен шетелдемін, Қазақстанға жиі келіп тұрамын. Бірақ сөйлесетін орта жоқ, сондықтан әзірге жақсы меңгере алмадым. Дегенмен, біздің Алматыдағы түтін мәселесін шешу, қазақстандық IT стартапқа көмектескеніміз маңыздырақ шығар», – дейді ол.

Арсен Томский келесі жылы Қазақстанда жаңа университет ашу туралы жоспарын да бөлісті. Жаңа оқу орнында жаңа деңгейдегі көшбасшыларды дайындайды және ол қазақстандықтар үшін тегін болмақ.

«Ол көшбасшылар үлкен өзгеріс әкеледі. Алдағы 10 жыл ішінде Қазақстан үшін ғаламат дүниелер жасаймыз деп ойлаймын. Ақша тауып, оның бір бөлігін әлеуметтік мақсатқа жұмсаймыз деген нәрсе жоқ. Әлеуметтік жобаларымыздың өзін компания үшін ортақ миссияға айналдырамыз», – деді Томский.

 

Ақсәуле ӘБІТАЙ,

журналист

Тараз қалас

Ұқсас жаңалықтар