ПРЕЗИДЕНТ НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиянын тигізіп отырғанын айтқан еді. Президент жаһандық пандемиядан кейін пайда болған бұл дерттің алдын алуға қоғам болып жұмылу қажеттігін баса айтты.
– Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет, – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
ЖАСТАР ҮШІН ЖАСЫРЫН БИЗНЕСКЕ АЙНАЛҒАН
Дәл қазір көптеген ақпарат құралдарында есірткі сатушылардың құрықталғаны жөнінде мәліметтерді кездестіруге болады. Қала берді түрлі әлеуметтік желілерде есірткіні қойып кетушілердің бейнежазбасы да кең таралуда. Жалпы, жауапты органдар есірткімен күресте қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Ал, саладағы кемшін тұстарды толықтыру үшін не істеу керек? Бұл жазбамызда синтетикалық есірткінің зияны мен зардабы жөнінде жан-жақты баяндауды жөн көрдік.
Ел Президенті есірткі және зорлық-зомбылық пен жемқорлыққа қарсы күресті тоқтатпауды, заңды қатаңдатуды, заң шығарушы органдар мен қылмысқа қарсы күресетін органдарға қатаң талап қойғанын жаздық. Алайда, жеті басты айдаһардай, бір басын шапсаң денесінен екінші басы сумаң етіп шыға келетін улы жәндік секілді есірткі де біржола жойылып кеткен жоқ. Адам баласының санасын улайтын өнімді сатушылар мен таратушылар, оған тәуелділер жең ұшынан жалғасып жатыр. Осы себепті, шекара таңдамайтын бұл кесапаттың тамырын түбірімен қопарып тастау да мүмкін емес.
Мәселен, өткен жылы 40- тан астам кәмелетке толмаған жасөспірім синтетикалық есірткіні таратқаны үшін ұсталса, осы жылдың қаңтар айында төрт жасөспірім нақ осы санаттағы қылмысы үшін жауапқа тартылды. Ал, жыл басында полицейлермен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері синтетикалық есірткі жеткізудің ірі арнасының жолын кесті. Бұл күні күдіктінің автокөлігін тінту кезінде 4,8 килограмм мефедрон салынған 16 полиэтилен пакет, электронды таразы және 500 дана zip-пакет тәркіленген. Осыдан-ақ, аса қауіпті қоғамдық індеттің, әсіресе жасөспірімдер арасында белең алып бара жатқанын анық аңғаруға болады.
100-ДЕН АСТАМ АДАМ СОТТАЛДЫ
Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, жыл басынан бері 4 есірткі зертханасы жойылып, 400-ден астам есірткі құқықбұзушылығы анықталған. Бұл қылмысты жасаған 160 адам ұсталса, оның 10-ы шетелдіктер екені белгілі болған. Сондай-ақ, осы жылдың басында көршілес Алматы облысында бірден үш есірткі зертханасының ордасы жойылған еді. Полицейлер екеуі фитолаборатория болып шыққан үш зертхананы тінту барысында пайдалануға дайын 130 килограмнан астам есірткі тәркілеген. Нәтижесінде есірткі зертханасын ұйымдастырған төрт адам ұсталса, оның екеуі таяу шетел азаматтары екені анықталған. Қазақстанға тұрақтаған шетелдіктер осылайша қылмыстық жолмен пайдаға кенелуді көздеген екен.
Ең сорақысы, қазақстандық екі азамат шетелдіктердің есірткі өндіруін қолдаған. Жатжұрттықтардың қысылмай-қымтырылмай лас әрекеттерін Қазақстанда жалғастыруы, оған жергілікті қылмыскерлердің тартылуы аса қауіпті жағдай екені айтпаса да түсінікті. Осыдан-ақ, қылмыс әлемінде шекара болмайтынына көз жеткізуге әбден болады. Бұдан бөлек, бұл ауыр қылмыстарға арасында нәзікжандылардың да қатысы болуы ойландырмай қоймайды. Отбасы, ошақ қасында бала сүйіп, бір әулеттің сәулесін жарқыратып отыруға тиіс арулардың кейбірі есірткімен ұсталып, түрмеде отыр. Мәселен, Атыраудағы түзеу мекемесінде есірткі қылмысымен сотты болған 33 әйел жазасын өтеп жүр.
Өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «қара нарықтағы» бағасы 20 миллиард теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Сондай-ақ, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150- ден астам операция өткізген. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналарының көздері жойылған. Бұдан бөлек, 36 жасырын есірткі зертханасының жұмыс қызметі тоқтатылып, есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Есепті кезеңде Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған.
6 ТОННАҒА ЖУЫҚ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНГЕН
Жамбылдық тәртіп сақшылары былтыр 6 тоннаға жуық есірткі тәркілепті. Мұнда да жасырын есірткі зертханасы арқылы қарасораны өңдегендердің қылмысы әшкереленген. 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде өткен жылдың 12 айында облыс аумағында есірткі қылмысының 576 дерегі анықталған. Заңсыз айналымнан 5 тонна 818 келі есірткі алынса, жасырын бизнесті ұйымдастырған 5 адам тұтқындалған. Полицейлер 34 килограмнан астам синтетика және 4 тонна прекурсорлар тәркілеген. Синтетикалық есірткіні сақтағаны және сатқаны үшін 20 адам құрықталған. Бұл қылмыстың арасында 64 жастағы әйел бар. Ал, Шу алқабынан 1 тонна 293 килограмнан астам есірткі тәркіленсе, оны басқа облыстарға тасымалдап әкетуге әрекеттенген, қарасораны шабу және дайындау кезінде 15 адам ұсталған. Бұдан бөлек, есепті кезеңде қарасора өсірудің 20 дерегі анықталып, 1800 килограмнан астам қарасора тәркіленген.
НАШАҚОРЛЫҚ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ
Заңсыз әрі жасырын бизнестерін дамытпақ болған есірткі мен қарасора өндірушілер қатарына адамдар тартатыны баршаға аян. Ал, бұл қылмыстардың арасында жасөспірімдердің, тіпті мектеп түлектері мен студенттердің жүруі алаңдатпай қоймайды. Тіпті, жас бозбалалардың есірткіге тәуелді болып, соны сатып бизнес жасап жүргендері көңілге қаяу салатыны рас. Өткен жылы синтетикалық есірткі таратқаны үшін 40- тан астам жасөспірім және кәмелетке толмағандар ұсталса, осы жылдың басында Ақтөбе қаласында қолға түскен 9-сынып оқушысының қалтасын тінту барысында 48 дана синтетикалық түйіншек табылды.
Нақ осы сипаттағы қылмыс Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында да орын алған. Нәтижесінде 11-сынып оқушысы ұсталған болатын. Бұдан бөлек, есірткіні жасырудың қыр-сырын танып үлгерген 21 жастағы тағы бір азаматтың құрықталуы да қоғамды дүр сілкіндірді. Негізі, ол полицейлердің көзіне ақпан айында түседі. Жедел-іздестіру шарасында ұнтақ зат салынған 10 полимерлік түйіншекпен қолға түскен күдіктіден жауап алу барысында қала орталығынан есірткі жасырылған 15 орын анықталған. Жалпы, қазақстандық тәртіп сақшылары жыл басынан бері есірткі сатумен айналысқан 34 жасөспірімді ұстады. Атап өтейік, бұған дейін өңірімізде 1 383 интернет-сайт бұғатталып, 392 есірткі жарнамалаған граффити жазулар жойылған болатын.
«ЕСІРТКІНІ ҚАРА КҮШПЕН ЖЕҢЕ АЛМАЙМЫЗ»
Есірткімен күресте алдыңғы шепте жүретін құзырлы орган өкілдері синтетикалық есірткі өндірісінің қарапайымдылығы мен қолжетімділігі оның кең таралуына жол ашып отыр дейді. Мамандардың сөзінше, аталған есірткіні қолдану әдістері ерекше дайындық пен дағдыны талап етпейді. Сондықтан дәл осы кесапат жастар арасында үлкен сұранысқа ие.
– Синтетиканың барлық компоненті былай қарағанда заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Ал, бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ, – деген Ішкі істер министрлігінің өкілі Бақытжан Әмірханов есірткі қылмысы тек қара күш қолдану арқылы шешіле қоймайтынын алға тартты.
Сөзінше, болары болып, бояуы сіңген қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған, себеп-салдарын болдырмаған өте маңызды. Ол өз сөзінде синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып қарсы тұрып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру аса маңызды екенін тілге тиек етті.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Бүтіндей мемлекетті күйретіп, адамзат баласын аздыратын бұл қылмыспен бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет. Иә, бұл күнде құзырлы органдар тарапынан шырмауықтай бір-бірімен шырмалған есірткі тасымалдаушыларға қатысты шекаралық бекеттерде қырағылық күшейтілді. Алайда, қулығына құрық бойламайтын әккі қылмыскерлер есірткі тасымалдауда небір әдіс-айлаларды ойлап табатыны айдан анық. Әсіресе, арамниетті қылмыскерлер өз құрықтарына жасөспірімдерді түсіру үшін барын салатыны белгілі. Бұл ретте, бала тәрбиелеп отырған ата-аналар есірткі өткізгені үшін 14 жасынан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын білуі тиіс.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді