«Игі істер марафоны» адамгершілікке үндейді

«Игі істер марафоны» адамгершілікке үндейді
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылатын «Игі істер марафоны» жобасы биыл 9 шілдеден басталды. Еліміздің әрбір азаматының мұқтаж жандарға өтеусіз көмек көрсетуге жеке қатысуы арқылы қайырымдылық және волонтерлік мәдениетті дамытуға бағытталған бұл жоба биыл 5 айға жалғасады.

Жобаны мейірімділік апталығы мен тақырыптық іс-шаралар арқылы өткізу жоспарланған. Шілденің 9-ынан бастап 14-іне дейін «Экология» апталығы өткізілсе, тамыздың 12-сінен 18-іне дейін Жастар күніне арналған игі істер көш түземек. Ал, 23-29 қыркүйек аралығында Қарттар күніне арналған, 3-9 қазан күндері жануарларды қорғау күніне арналған тақырыптық ісшаралар ұйымдастырылады. Соңғы апталық «Инклюзия» бағытындағы мейірімділікке арналып, 4-10 қараша күндері іске асырылады.

Бұл жобаны жамбылдық жас еріктілер де табиғатты аялау істерімен бастаған болатын. Мысалы, Жамбыл ауданының еріктілері әр апта сайын «Таза бейсенбі» атауымен ауыл ішіне тазалық жұмыстарын жүргізген. Пробация бөлімінің есебінде тұрған бас бостандығынан шектеуге сотталған және 100 сағат көлемінде мәжбүрлі еңбекке тартылған адамдарды тарта отырып, сенбілік өткізілген. Жастар күніне арналған іс-шараларды түйіндеген аудан еріктілері енді қыркүйекте әлеуметтік бағытта қарттардың үй шаруасына көмектесіп, азық-түлік себетін таратып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беруді көздеп отыр.

Қордайлық еріктілер «Қарттар – біздің асыл қазынамыз» атауымен ақсақалдар мен кейуаналардың үйіне барып, ауласын жинастырған. Сонымен қатар, «Мейірімді жүрек» атты қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына азық-түлік үлестіріпті.

Ал, Шу ауданындағы волонтерлер «Ауылымызды көркейтейік!» деген ұранмен елді мекендердің ішін ғана емес, аралығындағы жолдардың бойын да бейберекет шашылған қоқыстардан тазартып, арам шөптерді жұлып, шығарған. «Экологиялық мәдениет» бағытымен Ақсу ауылдық округінде, Оразалы батыр ауылында «Таза жағалау» атты сенбілік өткізіп, Шу өзенінің жағалауын жинастырған.

– «Адамның бәрі пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, жомарттық осы жолға бастайтын қасиет» деген даналық сөздің мәнін ұққан азамат ел аузында жақсы ісімен қалатыны сөзсіз. Кешегі тарихта аты қалған Атымтай жомарт та өзінің көл-көсір көңілімен, қолының ашықтығымен, сауапты істе алдына жан салмайтын көркем мінезімен ғасырларды артқа қалдырып, даңқы бүгінге жетіп отыр. Тарихта атың тек даналығыңмен, ақылыңның асып туғандығымен ғана емес, қайырлы ісіңмен де қалатындығының дәлелі бұл. Кезінде Шал ақын жігіттерге айтқан өсиетінде «Жомарттық қылған жігіттің ықыласын байқасаң, толқып соққан көлмен тең» деуі әр адамның мәрттігі – бойындағы ең асыл қасиеттердің ізгісі екендігін аңғартады. Әлбетте мырзалығымен, жомарттығымен танылған жанды ел мақтайды. Қанымызға сіңген жомарттық қасиетіміз бүгінде де көрініс беріп келеді. Ел еңсесін тіктегелі тектілік қалпы бар азаматтарымыз шама-шарқы жеткенінше жомарттығын танытып, халыққа қарайласуда. Игі істің жарқын көрінісін Шу ауданының жастары да көрсетіп жүр. Биылғы облысымыздың 85 жылдығына орай Жастар ресурстық орталығы мекемелері арасында ұйымдастырылған «Мерейлі Меркі өлкесі» атты облыстық спорттық сайыста Шу аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жүлделі ІІ орын иеленіп, велосипед ұтып алған болатын. Ортақ жеңістің нәтижесі үшін табысталған бағалы сыйлықты мекеме қызметкерлері қайырымдылық мақсатқа жұмсап, ауданымыздың әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасына тарту етті. Бұған қоса Ақсу ауылдық округінде волонтерлік қозғалысты дамыту бойынша бекітілген «Біргеміз: Қамқор» бағытымен «Қамкорлық көпке үлгі» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырдық. Қоғамды адамгершілікке үндеп, жас ұрпақты қайырымды іске тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шарада ерікті жастар Оразалы батыр ауылының тұрғыны, зейнеткер Мырзакүл Ауелбаеваның үй шаруасына қолғабыс етіп, көргені көп кейуананың алғысын алып қайтты. Сондай-ақ, «Басқа әлеумет» бағыты бойынша Балуан Шолақ ауылдық округінде тұратын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себетін таратып, қайырымдылық істің тағы бір үлгісін көрсетті. Қазіргі таңда елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясына да бір кісідей атсалысып жатқанын атап өтпеске болмайды. Яғни, «Кел, көмек көрсетейік» атты қайырымдылық акциясы аясында Жаңақоғам ауылдық округінің аз қамтылған, көпбалалы отбасының балаларына мектепке қажетті құралжабдықтары мен мектеп формаларын әперді. «Болар елдің баласы бірінбірі батыр дер» деген ұранымызды жалаулатып, жақсылыққа жол салған жігерлі жастарымызды жиі ауызға алып отырсақ, игі азаматтардың қатары артатыны сөзсіз, – дейді Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Ғани Қойбағаров.

Талас ауданында волонтерлердің қатысуымен 10 экологиялық іс-шара ұйымдастырылыпты. Осы апталықта аудан аумағындағы Жартас көлі мен Тамды өзені де тазартылған. «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жастар ісі жөніндегі аға инспекторы, «Қаратау жастары» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Асылжан Орынбектің а й т у ы н ш а , т а л а с т ы қ е р і к т і л е р «Вандализмге жол жоқ», «Табиғатты аялайық», «Тегін такси» акцияларын ұйымдастырып, «Қариялармен өткен бір күн» атты кездесуде өнерлерімен қарттардың көңілін серпілтіп, ақылкеңестерін тыңдап, пікірлескен. Осы істерге белсенді қатысқан еріктінің бірі – Сәлима Талғатбекқызы.

– Жастар ресурстық орталығында қызмет етіп жүріп, күнде қасымызда жүрген жандардың біразы басқаның көмегіне мұқтаж екенін аңғардым. Ол тек материалдық жағдайға байланысты емес. Кей кісілер қалың қоғамда жүріп, жалғыздықты сезінеді, жан сырын бөлісіп, жақсы сөзбен демеу болатын сенімді сырлас іздейді. Біздің халық «Жасқы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпайды, біреуге бөліп берер дүниең болмаса да жан жылуын білдіріп, қиналғанда жалғыз емес екенін сезіндіргеннің өзі қайырымды іс деп білемін. Осындай жағдайларға араласа жүріп, еріктілердің қатарына қосылдым. Осыдан біраз бұрын ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі кішкентай қыз баласына көмектесуге барғанмын. Алғашқы кездесуден бері ол менің жақын сіңліме айналды. Бірнеше апта хабарсыз кетсе, уайымдап тұрамын. Анасының рұқсатымен үйіне барып, кездесіп, хал-жағдайын сұрап, қандайда бір көмек керек болса, қасымдағы достарыма айтып, қол ұшын созамыз. Мерекелерде сыйлық апарып, қуантуға тырысамыз. Қазір ол қыз жоғары сыныпқа көшті. Балалықтан жастық шаққа өтіп жатқандықтан, жиі-жиі сырласып, әңгімелесіп тұруды жөн санаймын, – дейді Сәлима Талғатбекқызы.

Қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысатын Талғар Ерімбетті еріктілікке қарттарға деген құрмет сезімі жетелеген.

– Қарттар үйіне алғаш рет барғанымда олардың жүзіндегі мұң жүрегімді елжіретті. Мүмкін біразының жанашыр жақыны жоқ та шығар, бірақ ішінде өз баласы сол үйге әкеліп кеткендері де бар екен. Қандай адам туған әке-анасын басқаның қамқорлығына қиып кетеді? Осы сұрақ менің жанымды жегідей жеді. «Мен өмірімнің соңына дейін анам мен әкеме, барлық қарияларға қолымнан келгенінше көмектесіп, оларды сыйлап өтемін» дедім іштей өзіме уәде беріп. Себебі, қарттар да кішкентай бала секілді, олардың көңіліне қарап сөйлеп, барынша сыйластықты аңғартып жүру керек. Әйтпесе, тез жабырқайды. Адам жанының жүдегені тым қиын, өмірге деген сүйіспеншілігін, келешекке деген үмітін жоғалтады. Балаларға қандай қамқор болсақ, ата-әжелерге де солай қарайықшы. Волонтерлер қатарында жүргеніме 3-4 жыл болды, әрбір еріктілік іс-шараларына қуана қатысамын. Себебі, бұл маған ұнайды, көпшіліктен алғыс аласың. «Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дейді ғой, алғыс алған адам азбайды, – дейді Талғар Жомартұлы.

Осындай қайырымды жастар барда ел болашағы да баянды болатынына сенеміз. Қоғам мейірімнен ажырамасын!

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар