Ең әуелгі іс - руханият

Ең әуелгі іс - руханият
Ашық дереккөз
Тәуелсіздік! Қандай тәтті сөз десеңізші. Бағзы кездердегі ата-бабаларымыздың арман-аңсары болды ол! Оған қол жеткізгенімізге де биыл отыз үш жыл толғалы отыр. Міне, осынау жылдар ішінде Мемлекет басшысы біреу, қалғанымыз оған тіреу болып, ортақ мүдде аясына тығыз топтасып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара еңбек ете алдық па, өзі?

Рас, жас мемлекетіміздің қалыптасып, дамуы оңайға түскен жоқ. Алды-артымыз әлі де сын-қатерлерге толы. Ендігі жерде ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салтдәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттердің мидай араласқан аласапыранына жұтылып кетпеудің басты кепілі болуға да тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» аталатын бағдарламалық еңбегінде, міне, осы жөнінде алға айқын бағдарлар қойғаны әмбеге аян.

Қалай болғанда да біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін танытқан Алаш қайраткерлерінен тағылым алуымыз керек-ақ сияқты. Бар саналы ғұмырын еліне игілік, жұртына жақсылық жасауға жұмсаған арыстарды аманатын орындаған жан деп түсініп, солардың рухына адал бола алсақ, қанеки! Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін жұмыла жұмыс істеуге, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөзді басты ұранымыз етуге тиіспіз.

Бұл жердегі біздің айтпақ ойымыз, жүрегі ел, жер деп соғатын ертеңгі күннің тұтқасы болар қазіргі жастарымыздың қайраткерлік тұлғасы, патриоттық рухы бүгінгі күні қалай қалыптасып, дамытылуда, дүниетанымдық көзқарастары, бағыт-бағдарлары қандай? Міне, осы мәселе басты назарда болуы тиіс.

Жалын жүректі жастардың жолының ашылуы қай-қай дәуірде де қиын, қысталаң уақиғаларға, «тар жол, тайғақ кешулерге» толы болды ғой. Бүгінгі таңда жастар тәрбиесі бұрнағыдан да өзекті бола түсті. Рас, ата салтын- қазақтық қалпын бұзбай-жармай сол күйі сақтай алған аға, орта буын мен бүгінгі өскелең ұрпақ өкілдерінің көбінесе «бір қазанда басы піспей» жатады. Үлкендер тарапынан «жастар үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді аққұла қойды» деген ұшқары ойдың да айтылып қалары бар.

Шынында да солай ма? Жоқ, әрине! Бұл тұрғыда біз жастарымыздың азат ой мен еркін еңбектің бастамашысы, туын көтерушісі екенін әсте естен шығармауға тиіспіз. Тіпті, міндеттіміз. Олардың мінез-құлқы, тәрбиесі, ортасы, күллі әрекеті бағзы кездердегіден мүлде басқа. «Бүгінгі ән баяғыдан өзгерек».

Бұған бір мысал мынадай. Биыл Талас ауданындағы Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебін бұдан жиырма жыл бұрын бітірген түлектер өздерінің өмірден ертелеу өткен сыныптастарының анасына тосын сый жасады. Атап айтқанда, шерлі ананың әбден көнерген қоржынтамы орнына ортадан қаржы жиып, асарлатып заманауи зәулім үй тұрғызды. Сол күні сыныптастарының әруағына бағыштап Құран оқытып, ас та берді. Олардың бұл әрекеттеріне риза болмаған жан жоқ. Міне, адамгершілік пен имандылықтың, бауырмалдық пен қайырымдылықтың елде жоқ ерен үлгісі. Біз кейінгі толқын іні-қарындастарымызды жете танымай келіппіз. Олардың жүректерінде ат басындай алтын, мейірім-шафқат сәуле шашумен жатыпты-ау. Мұны білмеу ұрпақтар сабақтастығына көрінеу сына қағып, үш буын өкілдерінің арасы алшақтап кетті деп домбытумен бірдей бейсана іс болып шықпай ма? Ендігі жерде қазақы ділімізге сай тәрбиені ортамызға қайта оралтуға күш жұмылдырып, өсер ұрпақтың өнбойына күш, жігер, өршіл талап, өнегелі тәрбие теліп, санасына самала ой атаулыны сіңірген үстіне сіңіре бергеніміз жөн секілді.

Бір жағынан бүгінде жастарды иектеп, торуылдаған қауіп-қатер де, кертартпа құбылыс та аз емес. «Жас талды қалай исең, солай жетіледі» емес пе? Оларға да оңай емес. Қауіп қайдан дерің бар ма? Күні кешегі кеңестік кезеңде қазақ жастары орыстану саясатының жылымына жұтылып кетудің аз-ақ алдында болды ғой. Ал, қазір жаһандану деген «аждаһа» аранын ашумен тұр.

Міне, осындай сын сәтінде ауылаймақтарымыздағы «мәдени майданның» әлеуетқарқынын арттырған үстіне арттыра беру де берекеге кенелтетіні анық.

Егемендігімізге қол жеткізгелі бергі үш онжылдықта қоғамымыздың қозғаушы күші боларлық қаншама ой-идеяны «ұясында» тұншықтырдық екен десеңізші. Азат ойдың тегеурін, бұлқынысын да таныта алмай, іштен тынғанымызды кім кешірер? Қоғамның тақ-тұқ тәртібіне көніп, кең көсіле де алмай, не істерге білмей, жоғары инстанцияларға, ғаламторға жәутеңдей қарап, «тәуелді» болып отырған өзіміз ғой. Шетелдерде олай емес. Алманияда студенттерге ғаламтордан көшіріп реферат жазуға мүлде тыйым салынғаны, Түркияда үлкен кітапханалар ісі дамытылуына, кітаптардың оқылымы арттырылуына қомақты қаржы бөлінетіні осы сөзімізге жанды айғақ бола алады.

Тағы бір еске сала кетерлік жайт – дамыған елдерде үкімет түрме салардан бұрын ол аймақтағы халықтың кітап оқу құмарлығын өлшемге алады екен. Кітап көп оқылатын өңірде үлкен түрмелер соғылмайды. Керісінше кітапхана мен кітап дүкені мешеу қалған өңірден қылмыскер көп шығады. Сол үшін де үлкен түрмелер халқы кітап оқымайтын аймақтарға салынады-дүр.

Құдайға шүкір дейік, соңғы жылдары бір жақсы үрдіс – өңіріміздің әдебиет, мәдениет, руханият салаларының бұрынғы-соңғы өкілдерінің еңбектерін ел жадында қайта жаңғырту, кітап етіп бастыру, ғылыми-тарихи, көркем әдебиеттерді кеңінен насихаттау арқылы оқылымын арттыру мәселесі қанатын кеңге жая бастады. Ақындар мекені – Таразда облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен республикалық, халықаралық деңгейде түрлі баспалар мен авторлардың тікелей қатысуымен кітап көрмелері, тұсаукесерлері, опера және балет кеші, танымал әншілердің концерттері әлденеше мәрте дүрілдеп өтті. Халық арасында «кітабыңды өткергің келсе, Таразға бар» деген сипаттағы афоризм «айналымға» енді. Шынында да қазақтың роман жазатын талантты жас жазушыларының аталмыш көрмелерде туындыларын тиімді бағаға өткеріп, қалталарын «томпайтып» қайтқандары да баршылық. Осылай Тараз «оқырмандары кітап оқитын қалаға» айнала бастады.

Мұның бәрі де өткен жылы облыс әкімінің өңірде бір мезгілде 24 автордың кітабы жарық көруіне қаржылай көмек көрсету ісінен бастауын алған еді. Әулиеаталық ақын-жазушыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған, бұрын-соңды болмаған осынау жобаға 50 миллион теңге көлемінде қаржы аударылған-ды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ең алдымен экономика саласын дамытуға бағыт ұсталынғаны белгілі. Қаржы болмаса ещтеңе де жасай алмайсың деген ұстаным алға шықты. Ал, мұның қате тұжырым екені көп өтпей-ақ белгілі болды. Бірнеше жүздеген театр, клуб, кітапхана секілді мәдениет ошақтары сол қаржы үнемдеу, оңтайландыру саясатының «құрбанына» айналды. Соңыра мәдениет ұжымдары қызметкерлерін, кітапхана оқырмандарын, театр көрермендерін қайта жинау қиынға да түскен.

– Өңірімізде сол тұста бары-жоғы 5-6 кітапхана ғана қалғаны есімде. Тек 2000 жыл «Мәдениет жылы» болып жариялануына байланысты жабылып қалғандарын қайта ашудың мүмкіндігі туды. Бүгінгі таңда аймақта 285 ауылдық кітапхана жұмыс істеп тұр. Олардың техникалық-әлеуеттік жарақтандырылуы, цифрландырылуы жылданжылға жақсара түсті. Оқырмандар саны да арту үстінде, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Әбдінова.

Ербол Шырақпайұлы облысқа басшы болып келгелі бері «ең алдымен әдебиет пен мәдениет дамуы керек, рухани кемелденген, жан-жақты білімді адам үшін қаржы табу аса қиынға да түспейді. Еліміздегі еңбекқор маман ең сыйлы адам болуға тиіс» деген ұстаным алға шыққандай. Мұның нақты көріністерін облыстың мәдени, рухани-имани өмірінен де байқауға болады деген ойдамыз.

Баймаханбет АХМЕТ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар