«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Әдеби маркетинг» деген не?

«Әдеби маркетинг» деген не?
Ашық дереккөз
Ой еңбегі адам мүмкіндіктерінің ішіндегі ең құнды дүние.Әлемдік өнер мен әдебиеттің өзегі сөз екенін ескерсек, ой еңбегімен айналысып қаламымен өмірге теңдессіз туындылар әкелетін жазушылардың жұмысы жоғары бағалануы тиіс. Бұл үрдіс алыс-жақын шетелдерде жүйелі түрде жолға қойылған. Ал, бізде ше?

Еркіндігіне кеше ғана қол жеткізген ел үшін әдебиеттің бүгінгі ахуалы соншалықты күрделі еместей көрінуі мүмкін. Бірақ, Қазақстанда ой еңбегінің құны әу бастан соншалықты жоғары болмаған. Қаламгерлердің тұрмыс илеуінде жүріп күнделікті ш ы ғ а р м а ш ы л ы қ ж ұ м ы с ы м е н айналысудан бөлек күндізгі сегіз сағатын не журналистикаға, не ұстаздыққа арнап нәпақасын тауып жүргенін көзіміз көріп жүр. Басы бүтін шығармашылыққа ден қою үшін олардың қаламынан туған дүниелерді тұтынатын сауатты һәм қалтасындағы қаражаттың бір бөлігін интеллектуал өнімдерге жұмсауға мүдделі халықтың белгілі бір тобы болу керек. Бізде бұл жағы қиындау. Бір жағынан халықтың әлеуметтік ахуалы соншалықты жақсы емес. Табыстарының бір бөлігіне кітап алуға қауқарсыз бұқараның үлесі жоғары. Екінші жағынан интеллектуал өнімді тұтыну көрсеткіші төмен. Халықтың кітап оқуға құлқы аз. Бұл кері құбылыстың бетін қалай бері қайтаруға болады?

Креативті экономика сарапшылары м ұ н д а й м ә д е н и е т т і м ә д е н и е т жасаушылардың өздері қалыптастыра алатынын айтады. Тамшыдан теңіз қ ұ р а л а т ы н ы н е с к е р с е к , қ а л а м иелерінің өздері жазған дүниелерін, өз шығармашылығын монетизациялауды мақсат тұтуы тиіс. Бір қызық құбылыс, қазақ қаламгерлерінің арасында жазған дүниеңнен пайда табу сияқты үрдіс көрсеқызарлық пен дүниеқорлықтың белгісі сияқты көрінетіні бар. Бірақ, өзге мамандықтармен иық тіресіп, ой еңбегінің де бағаланып, шығармашылықпен жүйелі айналысу үшін нарық заңдылықтарына бейімделген абзал.

Сонымен, баспадан кітабыңыз жарық көрді. 1000 дана кітапты не істейсіз? Әрине, сатасыз! Егер кітабыңызды мемлекет қаражатына шығармаған болсаңыз, нарық заңдылығымен өзіңіз сатып пайдасын көруге, әу бастағы шығыныңызды өтеп алуға толық хақыңыз бар. Әрбірден соң бұл өз шығармаңызды оқырманға ұсынудың төте жолы. Кітапты ел кітапханаларына тегін таратып, ой еңбегі үшін қаламақы алатын заман келмеске кетті. Нарықтың өз заңдылықтары бар. Сіз қаламгер ретінде өтімді дүниелер жазып сол заңдылықтарға бағынасыз. Немесе айналып келіп мемлекетке алақан жаясыз. Соңғысы соншалықты тиімді тәсіл емес. Әлемдік практикада қаламгерлер өз жұмыстарын өткізу үшін не өздері жүгіреді немесе арнайы әдеби агент жалдайды. Бұл шетелде әбден дамып, пісіп, жетілген процесс. Мәселен, америкалық жазушылар өздерінің де, кітаптарының да пиарына соншалықты бас қатырмайды. Онымен айналысатын мамандар бар. Ал, бізде әдеби агенттер бар ма? Бұл туралы елімізде әдеби маркетинг ұғымын қалыптастыруға күш салып жүрген азаматтардың бірі, жазушы Әлішер Рахат пікір білдірді.

– Елімізде әдеби агент қызметін пайдаланатын жазушылар жоқ деп айта алмаймыз. Мысалы, жазушы Сәуле Досжан қазір әдеби агенттермен жұмыс істейді. Сосын марқұм Рақымжан Отарбаев ағамыз әдеби агенттермен жұмыс істеген. Білуімше, Дулат Исабеков те солай жұмыс істейді. Бірақ, көптеген жазушыда әдеби агент жоқ. Өйткені, Қазақстанда саусақпен санарлық қана әдеби агенттер бар. Дейтұрғанмен де, әдеби агенттіктердің болмауынан олар жеке-жеке жұмыс істейді. Бір шетінен, біздің баспалар авторлармен әзірге кәсіби деңгейде жұмыс істемейді. Сол себепті әдеби агенттер де автордан пайда көре алмайды. Болмаса автордың өзінің есебінен жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені, белгілі бір жүйе жоқ болып тұр. Бірақ шетелге шығаруға мүмкіншіліктер жоқ емес. Шетелде таныстары бар әдеби агенттер бар. Әрине, әдеби агент керек. Онсыз кәсіби әдебиетпен айналысу өте қиын болады. Өйткені, автор шығармасын жазумен айналыса ма, жоқ әлде өзін жарнамалаумен немесе кездесулер ұйымдастырумен айналыса ма? Немесе әрбір баспаның табалдырығын тоздырып жүре ме? Оның бәріне кеткен уақытын шығармашылығына арнаған дұрыс. Әдеби агент – ол баспагермен қалай сөйлесу тиіс, қай баспамен сөйлесу керек, қайда ұсыну қажет, қай тілге аударған дұрыс, соның бәрін жақсы білетін кәсіби маман. Оның орнын жазушы алмастыра алмайды деп ойлаймын. Алмастырған күннің өзінде ол көп уақытын жоғалтады. Үлкен кісілердің көбісі әдеби агентті білмеуі де мүмкін. Меніңше, әдеби агенттер көбейсе бәрі оны жақсы қабылдайды. Өйткені, сіздің кәсіби карьераңызды үйлестіруші, сізге жәрдемдесуші адамды қалай жақсы қабылдамауы мүмкін. Бірақ әзірге бізде нақты жүйе болмай тұр. Агенттерден бөлек, агенттіктер ашылған жоқ әзірге. Кәсіби жұмыс істеп отырған агенттіктерді білмеймін. Жекелеген агенттерді ғана білемін, – дейді қаламгер.

Сонымен Қазақстанда қаламгерлер қалай табысты болады? Кітаптарын қайда сатады? Бақытымызға орай соңғы жылдары ел ішінде кітап дүкендері көбейіп келеді. Олардың қатарында бұрыннан келе жатқан «Меломан», «Книжный город», «Алматы кітап үйі», кейінгі кездері ашылған «Кітап ал», «Оқырман», «Зият» сынды дүкендер бар. Бұл кітапқа деген сұраныстың күн санап артып келе жатқанының белгісі. Қаламгер өзінің нарық талаптарына сай, мұқабасы көз тартатын, тақырыбы өзекті шығармасын осындай дүкендерге ұсына алады. Қос тарап та пайда көре алатындай етіп келісімшарт жасасады. Келісімшартқа тұру тәртібі, ондағы заңдылықтар әр дүкеннің ішкі ережелеріне байланысты. Жазған дүниеңізді барлық дүкендер жаппай қабылдай қояды дегенге сенбеңіз. Себебі, әр дүкеннің саясаты әртүрлі. Біреуі қабылдаса, біреуі тақырыптың өзектілігіне күмәнмен қарауы мүмкін. Біреуі мұқабаны ұнатпауы мүмкін. Мұндайға да дайын болуыңыз керек. Әрбірден соң кітапты басуға дайындау барысында сіз барлық тәуекелдерді есепке алуыңыз қажет. Түптеп келгенде кітапты не үшін және кім үшін жазып жатқаныңызға нақты жауаптарыңыз болғаны жөн

. Кітаптан жақсы табысқа жетудің тағы бір жолы – кітап жәрмеңкелері. Қазақстанда соңғы жылдары бұл үрдіс кең етек алып келеді. Кітапсүйер қауым үшін асыға күтетін мерекеге айналған «КітапФест» кітап фестивалі он жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Одан бөлек Ұлттық кітап палатасы, жекелеген кітапханалар да жиі-жиі кітап мерекесін өткізіп тұрады. Мұндай шаралар кітап сатудан бөлек, оқырмандарыңызбен бетпе-бет жүздесуге де мүмкіндік береді.

Кітаппен табысқа жетудің тағы бір тәсілі бар. Ол сізге кітапты басып берген баспамен келісімге отыру. Алайда, кітапты сатуды баспаның өзіне тапсырып, танымалдылығын арттырып, одан белгілі бір соманы алып отыру жақсы. Бірақ қолына енді қалам алған автор үшін аздап күрделі процес. Баспамен жұмысты бастамай тұрып автор кітабын қандай баспада басқысы келетінін және қандай талаптармен жарыққа шығаруды қалайтынын анықтап алғаны жөн. Содан кейін автор баспаға өз ұсынысын жеткізеді. Алайда, жауабын айлап, жылдап күтуі мүмкін. Кітапты сатудың тағы бір жолы – маркетплейстермен дос болу. Бізде қазір не көп маркетплейс көп. Kaspi, Amazon Kindle, Wildberries, Ozon, Flip, тағысын тағы. Тіркелген жеке кәсіпкерлігіңіз болса маркетплейстерді кітап сатуға еркін пайдалануға болады. Тек айналаңызға, әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға кітаптарыңыздың қандай маркетплейсте сатылып жатқанын жиі-жиі жарнамалап отыруыңыз қажет. Маркетплейстердің бір оңтайлы тұсы – кітаптың оқырманға жеткізілуін өздері реттейді.

Кітаптарыңызды сату арқылы табысты қаламгерге айналудың тағы бір тәсілі – шығармаңыздың электронды нұсқасын сату. Қазір электронды кітаптар сататын сервистер аз емес. Мұндай нарық әсіресе Telegram әлеуметтік желісінде жақсы дамыған. Жаңадан бастаған автор үшін кітаптарын тезірек сату қашан да өзекті, өйткені шығармашылық жолдың басында кітапты мүмкіндігінше көп адамның оқығаны маңызды, ал алға жылжу үшін қаражат жетіспеуі мүмкін. Сондықтан кітаптың өзін емес, шығарманың азғантай бөлігін электронды түрде сату тамаша шешім болады. Кейбір интернет-дүкендерде электронды үзіндісін сатып, содан кейін кітапты баспа түрінде сатып алуға мүмкіндік беретін функциялар бар.

Ш ы н м ә н і н д е қ а з і р б а р л ы қ шығармашыл тұлғалар үшін тамаша уақыт, өйткені сіз өз еңбектеріңізді делдалсыз монетизациялай аласыз және өз өніміңізді тікелей сата аласыз. Егер бұрын кітапты сату үшін жазушы баспаға жүгінуі керек болса, бүгінде өз туындыңызды әлеуметтік желідегі парақшаға қойып-ақ өткізе беруге болады. Біз әдеби маркетингтің көпшілікке ұғынықты қарапайым тәсілдерін түсіндіруге тырыстық. Әлбетте, әр қаламгер өзіне тиімді жолды таңдайды. Елдегі қазіргі әдеби ахуалды ақырын аңдасақ, бұл үдерістер алдағы он жылдықта жүйелі түрде жүргізіле бастайтынын болжау қиын емес.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар