Тараз қаласында Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына орай еске алу іс-шарасы өтті. Ісшараны белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов ашып, сөз сөйледі. «Қаратай Тұрысұлы әуелі Арқада, Торғайда жемісті еңбек етіп, Одақ көлеміндегі аса жауапты жұмыстарға дейін көтерілді. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары Отанына оралып, егемен елдің іргесі берік қалануына өз үлесін қосты. Маңдай терін төгіп жүріп, еңбек етті. Елімізде экономикалық реформалардың жүргізілуіне жол ашты. Өнеркәсіп саласының дамуына өз үлесін қосты. Еліміздің Үкіметі мен Парламентіне сіңірген еңбегі үлкен. Біздердей інілеріне де ізетті, жанашыр аға бола білді. Қаратай қайраткердің ісі – үлгі, оның жақсы істерін насихаттай жүру – ұрпаққа аманат», – деді ол.
Келесі сәтте облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз алып, дара тұлғаны сыйлап келген барша сыйлы қонақтарға алғысын білдірді.
– Қадірлі көпшілік! Құрметті ағалар! Біз бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына орай еске алу іс-шарасына жиналып отырмыз. Ол кісі қасиетті Әулиеата жерінде өмірге келді. Балалығы осы топырақта өтті. Қатардағы жұмысшыдан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары жоғары лауазымына дейін өсті. Мәскеуде жауапты қызметтер атқарды. Парламент Мәжілісінің екі шақырылым депутаты болды. Қандай биік лауазымда жүрсе де, қарапайымдылығынан танбай, парасатты келбетінен айныған жоқ. Мемлекетіміздің нығаюына зор үлесін қосты. Еліміздің ядролық қарудан бас тартуы идеясын ұсынған осы кісі. Біз Қаратай Тұрысов секілді қайраткер ағамызды мақтан тұтамыз. Бірегей тұлғаның асыл жары Әскеркүл Жанбайбекқызына да құрметіміз үлкен. Еліміздің дамуына ғаламат еңбек сіңірген дара тұлғаны ардақтау ісі алдағы уақытта да жалғаса береді. Қайраткер рухына арналған құран қабыл болсын. Топырағы торқа болсын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиында облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлы Құран оқып, Қаратай Тұрысұлының рухына бағыштады. Сонымен қатар, Қазақстанның Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев та сөз сөйлеп, ортадан озып туған қайраткердің рухына бас иетінін айтты. Басқосуда сөз сөйлегендер арасында бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі заңгер Серік Байбатыров, қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, теміржол саласының өкілдері Мұстафа Сүлейменов пен Қалтай Сәмбетов, Қаратай Тұрысовтың сыныптасы Әбдуәлі Данаев та болды. Олардың лебіздерінен де Тұрысов туралы мол мәлімет алып, бала күнгі өжеттігі мен қайсарлығын таныдық. Мұнан соң облыстық кәсіподақтар комитетінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облысқа есімі белгілі азамат Таймас Сағынтаев ақ тілектерін арнап, жылы лебіздерін білдірді. Елімізге танымал әнші Нұрлан Өнербаев жылы лебізін білдіріп, «Әкеге сағыныш» атты әнді орындап берді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының сәлемін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбек Тәжібаев жеткізіп, қайраткердің жары Әскеркүл Жанбайбекқызына құрмет көрсетті.
Жиын барысында Мәдениет саласының үздіктері, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Маралбек Бабақұлов пен Ғани Мәтебаев елімізге белгілі ақын Айтмұханбет Исақовтың әні мен сөзіне жазылған «Қаратай ата мектебі» атты әнді орындады. Әбілахат Есбаевтың «Маржан қыз» әнін түркістандық әнші Назар Смағұл орындаса, Түркістан облыстық филармониясының әншілері де жиынның көрігін қыздырды.
Жамбылдық жас айтыскерлер Елібек Нұрмағанбетов пен Жанерке Қамбарова қайраткердің рухына жыр арнады. Іс-шара соңында Қ.Тұрысовтың жары Әскеркүл Жанбайбекқызы сөз алып, келген қонақтардың баршасына алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді