Қазіргі таңда елімізде цифрлық платформамен 12 облыс жұмыс істейді. Оны республика бойынша іске қосу жоспарланған. Халықаралық тәжірибені алғаш рет Ұлыбританияда «білім алуға жәрдемдесу схемасы» деп аталатын шектеулі квази-ваучерлік схема ретінде қолға алған. Сондағы жобаның мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан қабілетті, дарынды оқушылардың сапалы әрі қолжетімді білім алуына жағдай жасау болды. Дәлірек айтсақ, олардың білім және ғылым департаментінде тіркелген тәуелсіз мектептерде оқуы үшін төленетін ақысын мемлекет көтереді. Бұл тәжірибе кейіннен кәсіптік білім беруде кеңінен қолданылған. Бүгінде бұл әдіс Чили, Колумбия елдерінде, АҚШ-тың бірқатар штатында қолданылады. Белгілі болғандай, бұл тәсілді енгізу – табысы төмен отбасылардан шыққан оқушылардың жекеменшік мектептерде білім алуына мүмкіндік берумен қатар, мемлекеттік мектептерде бала санының көптігінен сыныптардың толып қалуы, яғни орын жетіспеушілігі мәселесін де шешкен.
Ваучерлік тәсіл қалай жүзеге асады? Мұнда мемлекет баланың балабақшаға, мектепке, не болмаса жоғары оқу орнында оқу ақысын не тамақтану және басқа да шығындарын төлеу үшін ваучер береді. Ол қолға ұсталатын ақша емес, дегенмен белгілі бір ақша сомасымен бағаланады. Сондай-ақ, оқу не өзге шығынды толық өтемеуі мүмкін. Мемлекет ваучер бере отырып, оқу орнына қаржыны аудару жолымен оқу ақысының толық немесе бір бөлігін төлеу міндетін алады. Түсінуімізше, бұл жұмыстар мемлекеттік орган, жекеменшіктегі білім беруші ұйым және ата-ана арасындағы өзара келісім-шарттар арқылы реттеліп отырады. Ең бастысы, білім беру саласында ваучерлік тәсілді пайдалану арқылы ата-аналар мен оқушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтуге, білім беру жүйесінде нарықтық қатынасты дамытуға, қызмет көрсетуде бәсекелестікті арттыруға, қар-жының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Жаңа жоба жамбылдықтарға таңсық көрінген соң, бұл мәселе аясында көптің көкейінде сұрақ туындайтыны сөзсіз.
– Бүгінде облыс бойынша жекеменшік 280 балабақша, қала бойынша 86 бақша бар. Жыл санап бұл көрсеткіш үсті-үстіне артып келеді. 2022 жылдан бастап мемлекеттік балабақшаға баланы үш жастан емес, екі жастан бастап ала бастады. Ал жекеменшік бақшалар бір жастан бастап алады. Балабақша жайлы айтқанда мектепке дейінгі баланың алғашқы баспалдағы туралы ойлаймыз. Бөбекжай – әр ата-ананың еркесінің, алақанға салып аялап отырған үмітінің үйден тыс тәлім алатын, үйренетін жері. Жаңа тәсіл бойынша ата-ана Indigo жүйесі арқылы өтінім береді. Оған жекеменшік балабақшалардан бос орындар ұсынылады. Тиісінше, өтінім беруші соның бірін таңдаса, оның төлем шотына қаржы мемлекет тарапынан аударылады. Бүгінде елордалық мамандармен бірлесіп бұл бағытта ата-аналар мен бөбекжай иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жоба пилоттық негізде іске асқан соң, мұнда өзіміздің де үйренеріміз көп дейді, – Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбиелеу жөніндегі әдіскері Гүлфайруз Есенқұлқызы.
Елімізде ваучерлік қаржыландыруды «Қаржы орталығы» АҚ басқарады. Бұл ретте Indigo жүйесі арқылы банктер, ұлттық білім беру платформасы және басқа да ведомстволар арасында деректер алмасу дербес қамтамасыз етіледі. Облысқа арнайы түсіндірме жұмыстарымен келген астаналық мамандар жаңа жобаның артықшылықтарын айтып өтті.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жолдауында Оқу-ағарту министрлігіне 2025 жылға дейін алты жасқа толмаған балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту міндеті жүктелген болатын. Осыған байланысты министрлік тарапынан мектепке дейінгі білім берудің бүгінгі жағдайына шұғыл талдау жасалды. Айталық, елімізде 10179 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның 4450-і – жекеменшік балабақша. Осы орайда 906 800 бала мектепке дейінгі білім берумен қамтылған болса, олардың 40,6 пайызы жекеменшік балабақшаға барады. Яғни, мектепке дейінгі білім беру қызметінің тең жартысына жуығын жеке балабақшалар қамтамасыз етіп отыр деген сөз. 2021 жылы осыны назарға алған министрлік Президент тапсырмасына сәйкес алты жасқа дейінгі балаларды түгел балабақшамен қамтуда біріншіден – жекеменшік балабақшалардың үлесін арттыру, екіншіден – ваучерлік механизм арқылы жүзеге асыруды ұсынды. Бұған сәйкес, ваучерлік механизм арқылы ата-ана өзіне қолайлы балабақшаны таңдайды. Сондай-ақ, бүгінде білім басқармалары мен бөлімдері мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаны конкурс арқылы анықтап отырса, ата-анаға таңдау еркі беріледі. Нәтижесінде, салада бәсекелестік орын алып, білім мен тәрбие беру қызметінің сапасы артады, – дейді «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов.
Бүгінде тұрғындар арасында жаңа қызметтің қыр-сырын түсіне алмай әбігерге түскендер жетерлік. Олардың басым көпшілігі қысылтаяң шақта балабақшадағы орнынан айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Сонымен бірге мұнда бөбекжай алмастыру мәселе сі де бар. Алайда, сала мамандары мұнда ешқандай қауіптің жоқ екенін айтады. Жүйе бойынша оларға ваучерлік алғаны туралы ата-анаға хабарлама келіп түседі. Ата-ана оған екі күннің ішінде жауап қайтаруы тиіс, егер түрлі жағдайлармен мұндай мүмкіндік туындай қоймаса, онда өтінім беруші келесі кезекке тізім құрылғанда басымдыққа ие тұлға ретінде орны сақталып тұра береді. Сонымен бірге сарапшылар қаржылық аударымдарға байланысты бөбекжай орынын ауыстыру кезеңін ай соңына жоспарлауды ұсынып отыр.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді