ЕЛГЕ ҚАНДАЙ МАМАНДАР КЕРЕК?
Қазақстанда қалыптасқан жағдайда мамандық таңдаудың қызығы мен шыжығы, өзіндік машаһаты да баршылық. Қазір «өскенде ғарышкер, мұғалім, дәрігер болам» дейтін балалар аз. Мектеп түлектерінің таңдауы тез баюға, танымал тұлға болуға, блогер, инфлюенсер, инфобизнес эксперті сынды мамандықтарға түсіп жатқаны, ал бұл кәсіптерді ЖОО-да төрт жылын сарп етіп меңгерудің қажеттілігі жоғы тағы бар. Тиімді, қолайлы әрі уақытқа үнем. Десек те, мемлекет үнемі белгілі бір топтағы мамандықтарға мұқтаж. Жұрттың бәрі жылдам ақша табу, табысты болуға ұмтыла берсе бұл елдің қарапайым қажеттіліктерін кім өтейді? Кім адам емдейді? Кім бала оқытады? Кім пойыз жүргізеді? Сөзсіз елге кәсіби мамандар қажет. Еңбек нарығы күн сайын құбылып тұрады. Жасанды интеллект сынды игіліктер өмірге келген сайын кейбір мамандықтар өзектілігін жойып барады. Биыл қаңтарда Адам ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары Қазақстандағы 2024–2030 жылдарға арналған кадр қажеттілігіне болжамын жасаған еді. Олардың есептеулері бойынша, жақын болашақта жаңа кадрларға сұраныс көлемі 1,9 миллион адамды құрайды. Орталық қазірдің өзінде сұранысқа ие мамандықтардың тізімін әзірлеп, ұсынып отыр. Бір қызығы келешекте бізге 93 000 бухгалтер қажет болуы ықтимал. Одан әрі көшті мұғалімдер жалғайды екен. Шаруалар мен аралас өнім өндіретін жұмысшыларға қажеттілігі – 12 мыңды құрайды. Бұған қоса Қазақстанда қарапайым жұмысшылар қашанда сұраныста болатынын байқауға болады. IT сарапшы, модельер, визажист, таргетолог сынды мамандықтарға бет бұра жөнелгеннен гөрі қарапайым еңбек адамы болуға талпыныс жасаған да жөн секілді. Әлбетте, әркімнің таңдауы өз тағдырының кілті. Алайда мемлекет азаматтардың өз қалауы мен арман-мақсаттары орындалатын орта қалыптастыруы тиіс-ақ. Бұл ретте жоғарыдағыдай мамандықтарға сұраныс үнемі бола береді. Қазақстанда жастар өздерінің тағдыршешті мамандықтарын таңдау барысында қандай құралдар мен тәсілдерге сүйенеді? Осыған көз жүгіртіп көрелік.
БАЛА АРМАН
Қазақы нанымда кей бала тілі шығып, қаз басқан кезеңнен өзінің кім болатынын болжап қояды. Бала күнінде «дәрігер болам, сендерді емдеймін», «мұғалім болам, сабақ беремін» деп былдырлап айтқан сөз азамат болып ер жеткенде тағдырына айналып жататыны бар. Бала арманның жетегінде өз ісінің майталманы атанған азаматтар аз емес. Риясыз, таза көңілмен таңдайға түскен арманның ақиқатқа айналғаны қандай жақсы?! Кейде балаға отбасындағы жетістікке жеткен туысы немесе жалпы бір салада үздік атанған қандай да бір тұлға үлгі, бүгінгі күннің тілімен айтқанда role-model болуы әбден мүмкін. Күні кеше футболдан Еуропа чемпионатында үздік атанған Испания құрамасының ойыншысы Ямаль Ламинның оқиғасы осыған дәлел. Бала күнінде аяқдоп аңызы Лионель Мессимен жарнамалық роликке түсіп, ер жеткенде Мессидың ізін басып келеді. Оның оқиғасы қаншама баланың жүрегіне үміт жақты.
Алысқа бармай-ақ, өз өңіріміздегі дәрігерлер отбасындағы Руслан мен Тимур Ашировтарды бала армандары орындалған әулет ретінде мысалға алуға болады. Жылына үш мыңға жуық науқастың жүрегіне ота жасайтын Әбутәліп Әшіровтің жанұясында үш буын дәрігер өсіп келеді. Әке жолын қуған қос ұлы медицинадағы кейінгі технологияларды шебер меңгерген. Былтыр еліміз бойынша жүрекке алғаш рет дефибриллятордың жаңа түрін орнатты. Әбутәліп Әшіров өмірінің 40 жылын кардиохирургияға арнаған. 66 жасқа келген ақ халатты абзал жан тәжірибесін бөлісіп, әлі күнге ем шара жүргізеді.
«Әлемдік статистика бойынша, жүрекпен келетін науқастардың 70 пайызы –коронарлық артерия ауруына шалдыққандар. Ал 15 пайызы – туабітті жүрек ауруы барлар. Жалпы, жыл санап, бұл ауру түрлері үдеп барады. Біздің облыстың өзінде 4-5 мың адам коронарлық артерияның бітелуі бар-жоғын анықтауға кезекте тұр. Ал біз істейтін орталықта жылына 3 мыңға жуық науқасқа ота жасап жатырмыз», – дейді дәрігер.
Үлкен ұлы Руслан да әке жолын қуған. Оның қызметі – коронарлық ауруларды ерте кезеңінде анықтау. Мамандықты таңдауға әкесінің әсері болғанын айтады. «Бала кезден әкем сияқты дәрігер болуды армандадым. Үнемі науқастардың алғысын алып жүретін. Қазіргі кезде үлкен ұлым да Асфендияров атындағы университетте дәрігер оқуын оқып жатыр. Әкеміздің жолын қуып, халыққа көмектескісі келеді», – дейді Руслан Аширов. Тимур Аширов та 15 жылдан бері кардиохирург қызметінде. Аптасына 70-ке жуық ота жасайтын білікті маман үнемі тәжірибесін толықтырып отырады. Мамандықтан мүлт кетпеген, бала арманына адалдық танытқан жандар деп осы секілді көптеген азаматтарды атауға болады.
КӘСІПТІК БАҒДАР
Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанда еңбекке жарамды халықтың 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған екі себеп бар. Бір жағынан, жастар өз мүмкіндіктерін дұрыс зерттемейді. Олар белгілі бір қызмет түрлеріне өздерінің бейімі барынан хабарсыз болып жатады. Жалпы, жастардың өз дарынын, қызығушылықтары мен мүмкіндіктерін тану деңгейі төмен. Екінші жағынан, түлектердің еңбек нарығы мен сұранысқа ие мамандықтар туралы толық ақпаратқа ие болмауының нәтиже сінде о сындай ахуал қалыптасып отыр. Қазақстанда халықтың мамандық таңдауында белгілі бір ерекшеліктер бары рас. Мамандық пен кәсіпті таңдау көбінесе отбасылық дәстүрге, әлеуметтік тенденцияларға (гранттар, ҰБТ тапсыру көрсеткіші) немесе ата-аналардың, туыстарының, достарының кеңестері негізінде жүзеге асады. Көбінесе сапалы білім алу туралы толық объективті түсінік жоқ. Зерттеулер бойынша мектеп оқушыларының 87 пайызы мамандықты ата-ана мен мектеп мұғалімдерінің ықпалымен таңдайды. Сонымен қатар, ата-аналардың 75 пайызы балаларының мамандық таңдаудан ақсайтынын, тіпті келешекте кім болатынын білмейтінін мойындайды. Мектеп оқушылары мен олардың ата-ана ларының 90 пайызы нарықтағы ең сұранысқа ие мамандықтар туралы мәліметтерден бейхабар. Респонденттердің барлығы дерлік мансаптық бағдар туралы ақпаратты ешқашан мақсатты түрде іздемеген. Сонымен қатар, ақпараттың жоқтығы немесе кәсіптік бағдар берудің қолданыстағы әдістері мен құралдарының тиімсіздігі де өз алдына бөлек мәселе.
Ал шын мәнісінде Қазақстанда жастарға, оқушылар мен түлектерге кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында:
«Кәсіптік бағдар – білім алушының кәсіптік қызығушылықтарына, жеке қабілеттері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және кәсіптік мүмкіндіктер саласында, мамандық пен оқитын орнын еркін және саналы таңдау құқықтарын іске асыруына ақпараттар мен консультациялық көмек беру», -делінген екен.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 шілдедегі № 460 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»:
«Жалпы білім беретін мектептерде оқушылар ерте кәсіби бағдарлау мақсатында кәсіби бағдарлау кабинеттері ашылатын болады. Оқушылардың кәсіби өзін-өзі анықтау процесіне жұмыс берушілер мен ата-аналар белсенді қатысады. Орта білімнің маңызды бөлігі 7 және 10-сыныптардың әр оқушысын жыл сайын кәсіптік диагностикалау және еңбек нарығында қажетті мамандықтарға бағдарлау болуы қажет», – деп мектеп оқушыларына кәсіби бағдар берудің өзектілігі нақты айқындалған.
Қазір бұл бағытта кәсіби тұрғыда қызмет ұсынатын бағдар беруші мамандар баршылық. Соның бірі – Мадина Біләлова балаға мамандық таңдаудан қорқу қалыпты жағдай екенін түсіндіру керек дейді.
– Мамандық таңдау үшін бала ең алдымен болашақтан қорқу, таңдаудан қорқу қалыпты жағдай екенін түсінуі қажет. Таңдау жасау қашан да қорқынышты. Ал қазір бұл мәселе бұрынғыдан да өткір. Ғалымдар техникалық прогресті ескере отырып, қазір өсіп келе жатқан балаларға өмірінің соңына дейін бес-алты мамандық ауыстыруға кепілдік берілгенін айтады. Барлығы өте тез өзгереді. Қазірдің өзінде еңбек нарығында 40 мың мамандық бар. 15 жастағы бала оны анықтап, өз бетінше таңдау жасай алмайды. Серіктестік үшін басқа біреумен бірлесе отырып, қысым көре отырып мамандық таңдай алмайтыныңызды және телехикаяларда көрсетілетін жылтырақ өмірге азырақ назар аудару керек екенін есте ұстаған жөн. Соңғы төрт жылда маған үш бала кеңес алуға келіп, патологоанатом болғысы келетінін айтты. Ал мен балаға қарап, бұған ешқандай бейімділігі жоқ екенін көремін. Біреуі қыз бала. Оның сымбатты жігіттер мен қыздар жұмыс істейтін мәйітхана туралы «Кости» деген сериалды көретіні белгілі болды. Сонда осы сериалдағы әлемге тап боламын деген ойдың жетегінде жүр. Мұндай абсурдттардан бөлек оқуға түсуге қойылатын талаптар қазірдің өзінде өте жоғары екенін және 2037 жылдан бастап Қазақстанда білім алу үшін мемлекеттік гранттар жойылатынын, яғни барлық жоғары білім ақылы болатынын түсінуіміз керек. Ал ата-аналар балаларға өз бетімен білім алатын жүйе құруы керек. Басқа амал жоқ. Иә, сіз ағылшын немесе математика курстарын сатып ала аласыз, бірақ бала тапсырмаларды орындамаса оның қажеті қанша? Мен балаларға ересек өмір 21 жаста емес, қазірден басталатынын түсіндіремін. Өйткені, дәл қазір сіз іргетасыңызды қалап жатырсыз. Ата-ана да, баланың өзі де өз күш-қуаты мен талантының қандай екенін анық түсінуі керек, – дейді кәсіби бағдарлаушы.
ҚАЙ САЛАДА ГРАНТ САНЫ БАСЫМ?
Күні кеше Ұлттық тестілеу орталығы 2024- 2025 оқу жылына арналған білім грантына көп талас болған мамандықтар тізімін жариялады. Орталық мәліметінше, 2024-2025 оқу жылына бакалавриатқа 78 мыңнан астам грант бөлінген. Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығы бойынша болды. Бұл мамандық бойынша бір орынға 35 талапкер таласқан. Әрі қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» – 11 адам, «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» – 10 адам, «Аударма ісі» және «Психология» – 9 адам болды. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаеваның мәлімдемесі бойынша, биыл ең көп грант инженерлік-техникалық салаларға бөлінеді. Бұл Мемлекет басшысының техникалық бағыттағы мамандарды даярлауға қатысты жүктеген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.
«Инженерлік ғылымдар, құрылыс ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, жаратылыстану ғылымдары, математика, статистика – мұның барлығы мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің шамамен 60 пайызын құрайды», – деп атап өтті Жанна Есинбаева.
ТҮЙІН:
Егер қарапайым есеп жүргізіп қарасақ, жоғару оқу орнын тәмамдап, шын мәнінде білікті маман болып шығатын кадрлар мен елге бір жылда тапшылық тудырып отырған кадрлар арасында ешқандай пропорция жоғын аңғарасыз. Тапшы мамандар көп. Ал елдегі білім беру саласы тапшылықтың орнын толтыра алмайды. Осыған сәйкес ел ішінде блогерлікке, жылдам ақша табуға, танымалдылыққа, тіпті қаржы пирамидалары мен ойынқұмарлыққа ұрынатындар көбейіп келеді. Мәселенің түйіні осында. Одан бөлек қазір қарапайым еңбек адамы болуға талпыныс жасайтындардың қарасы азайып кеткен. Оған әлеуметтік желідегі жалған жылтырақ өмір де әсер етпей қоймайды. Бұл тұрғыда жасөспірімдер шынайы табысқа жету үшін тек еңбек етіп, тер төгу керектігін ұмытпағаны абзал.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді