«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елдос АҚШ-қа аттануы мүмкін

Елдос АҚШ-қа аттануы мүмкін
Ашық дереккөз
Франция астанасы Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының он екінші күнінде грек-рим күресінен қоржынымызға түскен күміс медальдың салмағы зіл батпан, десі басым. Бұл күні 35 жастағы Демеу Жадыраев үшін жалынан ұстатпайтын алтын жүлдені жұлып алу мүмкіндігі туған еді. Отандасымыз осынау сынның екінші кезеңінде қырғыздың мақтанышы Ақжол Махмұдовтың мысын басқанда марқаймаған қазақ жоқ-ау, сірә. Тіпті, жетісулық жампоздың ақтық сынға алқынбай жетуі тараздық татами тарланы Елдос Сметовтің өзін жігерлендіріп жіберген. Даңқты жерлесіміз бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз-брифингінде мәлімдеді. Басқосу барысында әйгілі палуан алдағы жоспарлары жөнінде кеңінен айтып, әзірге спорттық мансабын да аяқтағысы келмейтінін жеткізді.

– Осы уақытқа дейін Олимпиада ойындарына екі рет қатысып, 32 жасымда алтыннан алқа тағындым. Ал, жетісулық Демеу Жадыраев 35 жасында грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ, 41 жастағы кубалық Михаин Лопес Нуньес 5 мәрте Олимпиада алтынын олжалады. Жалпы, кез келген адам психологиялық тұрғыда мықты болуы аса маңызды. Сонда қанша жаста болсаң да жеңіске жетуге болады. Рас, маған Демеудей аға-бауырымыздың жеңісі мотивация берді. Ендеше, бойымда күш-қуатым бар кезде егемен еліме жарқын жеңістер сыйлаймын деп үміттенемін. Есептеп қарасақ, 2028 жылы АҚШ-та өтетін жазғы Олимпиада ойындарында 36 жасқа қадам басады екенмін. Сол сәтте мүмкіндігім болып жатса, неге күреспеске деген шешімге келдік. Алдағы уақытта демалып, отбасыма, бала-шағама көңіл бөлгеннен соң, кимономызды киіп, ел абыройы үшін қызмет жасауға бел буып отырмыз, – деді Елдос Сметов.

Сондай-ақ, ол келешекте ағылшын тілін үйренуге күш салатынын да айтып қалды. Оның сөзінше, Олимпиада чемпионы атанған сәтте жерлесімізді шетелдік спортшылар да құттықтаған. Алайда, олардың бал-бұл жанған жүздерінен қолпаштау, мадақтау сөздерін айтқанын ұққан жамбылдық шын мәнінде, олардың айтқанының бірін де түсінбегенін жасырмады. Осы себепті, алдағы уақытта жаттығудан бөлек тіл үйренуге ерекше ден қоймақ ниетте.

Бұдан кейін, сөз алған Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев сүйікті шәкірті 2006 жылдан бері түрлі халықаралық жарыстарда бақ сынағанын атап өтті. Білікті бапкер Париж Олимпиадасында атой салу жолында көптеген кедергілерді еңсергенін жеткізді. «Қазақ дзюдо тарихы жаңаруы жылдар бойы үзіліссіз еңбектің нәтижесі», – деді ол. Жиын соңында БАҚ өкілдері Жақсылық Үшкемпіровтің ізін жалғаған Елдос Сметовпен естелікке суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар