Махмұд Саид ат-Тарази XIX ғасыр соңында Тараз шаһарында қожа әулетінде дүниеге келген. Оның әкесі Саид Нәзір ат-Тарази Таразда қала мешіттерінің бірінде ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Өзбек ғалымы Филипп Хуснитдиновтың дерегінше, Таразилер әулеті Мұхаммед пайғамбардың ұлы Хусейннің ұрпағы саналады. Ал, оның шешесі өз дәуірінде Тараздың бас қазысы қызметін атқарған Ахмед ханның қызы болған. Алғашқы сауатын өз әкесінен ашқан Саид Махмұд ел аумағында медреселер салуға, олардың қызметін жүргізуге кеңестік билік тарапынан тыйым болғандықтан, кейін білімін Ходжент, Наманган, Бұхара қалаларында жалғастырады. Осында жүріп Көкілташ медресесінің шәкірті атанады. Бұл өз кезегінде болашақ ғалымның танымал дін өкілдерімен байланысын нығайта түседі. Медреседе оған кейіннен Қоқан автономиясының Білім министрі болған Саид-Ишан Қасани ұстаздық етеді. Өзбек жерінен тәлім алған жас ғалым көп ұзамай туған шаһарына қайтып, Тараздағы Әбілқасым мешітінде имамдық жолын бастайды. Оның уағыздарын тыңдауға сол кезеңде әр тұстан ағылып келетіндер қатары көп болған. Ағартушылық бастамалары үшін оған жергілікті халық Алтынхан төре деп лақап тағып, құрметтеген.
Алайда көп ұзамай 1930 жылы билік тарапынан қысымның күшейе түскенін байқаған Саид Махмұд ауған жеріне қоныс аударады. Ал оның артында қалған отбасы қастандықтан қашып құтыла алмады. Әкесі діни көзқарасы үшін атылып, ағасы Абдурашид өзбек тегіне есімін ауыстырса, әйелі бала-шағасын аман сақтау үшін жергілікті өзбек азаматына күйеуге шығуға мәжбүр болады. Ауғанстанға келісімен қайраты мен таланты арқылы бірден көптің назарын өзіне аударған ол ел билеушісі Нәдір шахтың бұйрығымен Білім министрінің көмекшісі болып тағайындалады. Алайда елдегі билік өкілдерінің көреалмаушылығынан көп ұзамай Үндістанның Бомбей қаласына көшуге мәжбүр болады. Мұнда да тез танылып, бірден қаладағы бас мешіттің имамы атанады. Шаһар жұртшылығы ғалымның біліміне тәнті болып, оған Тура-Сахиб, яғни «бас мырза» деген атақ береді. Өзге елде қызмет етсе де өз жерін ұмытпаған Саид Махмұд осында өзінің ең басты арманын жүзеге асырады. Яғни, 1935 жылы алғаш болып Құранды түсіндірмесімен түркі тіліне аударады. Дегенмен аталған еңбек тек 1955 жылы ғана Бомбейде басылып шығып, Сауд Арабиясы мен Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия мен Катарға тарайды. Сол жылдан еліміз тәуелсіздік алғанға дейін аударма 10 мәрте басылып шыққан. Бұл бұған дейін қазақ ғалымдары арасында бұрын-соңды болмаған тарихи құбылыс еді.
Үндістаннан кейінгі ғұмыры Сауд Арабиясында жалғасқан ойшыл осында ғана шын құрметке бөленгендей болды. Іргесін енді ғана көтерген мемлекеттің екінші билеушісі ғалымды әуелі оқытушы етіп тағайындап, кейіннен дінде деңгейі жөнінен екінші орын алатын, пайғамбар іргетасын қалаған Мединедегі Мәсжид-үн-Нәби мешітіне имам етеді. Бұл ғалым еңбегіне берілген ең үлкен баға болатын. Ол ел астанасындағы мешітте отыз жылдан астам басшылық етіп, 20-дан астам ғылыми еңбек пен жүзден астам мақалалардың авторы атанады. Ислам ойшылдары арасында биік даңқ пен абыройға ие болса да ғалымның туған жеріне деген сағынышы тыныштық бермейді. Мұндайда ол туған жеріне деген сағынышын қаламға арқау еткен. Өз елінде пантюркист деген айып тағылса да, оның еңбектері Түркістан жеріне құпия түрде сатылып отырған.
Ат-Тарази 1991 жылы табаны туған жерге тиместен Мединеде дүниеден өтеді. Сол кездегі ел билеушінің бұйрығымен оның денесі пайғамбар туыстары мен сахабалар жатқан «Жәннат әл-баки» қорымында жерленген. Сауд Арабиясының бастамасымен 1993 жыл – Таяу Шығыста Саид Махмұд ат-Тарази жылы деп аталып өткен. Бүгінде ғалым еңбектерінің басым көпшілігі Өзбекстанның Шығыстану институтында сақталған. Ал, ол имамдық еткен Тараздағы Әбілқасым мешітінде имамдар әлі күнге дейін оның аудармасын қолданады. Бұдан бөлек, қалада ойшыл есімімен аталатын кеше де бар.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді