Төрт жүз мыңнан астам тұрғыны бар үлкен шаһардың тазалығына жауапты «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің бригадалары аз емес. Үсен Есентаев тер төгіп жүрген бригаданы ұзақ іздедік. Мекеме басшыларынан Есентаевтың Ауғанстан соғысының батыры екенін естіп, білдік. Біз моторлы орақпен биік шөптерді орып жатқан «Жасыл ел – Тараз» мекемесі жұмысшыларының алдыңғы сапындағы Үсен Есіркепұлының аз ғана демалған сәтінде сөзге тарттық.
– Көзімді ашқалы көргенім – қара жұмыс. Әке-шешем 20 жыл бойы жылқы, қой баққан кісілер. Әкем Есіркеп – Ұлы Отан соғысының ардагері. Майданда ауыр жараланып, елге қайт десе де қайтпай, өз еркімен пулеметшілер тобына қосылып, соғысқа толық қатысып қайтқан кісі. Мен жоғары білімге құлаш ұрмадым. Кеңес Одағы кезінде дипломы жоқ азаматтың өзі жерде қалмаушы еді ғой. Ауғанстанда әскери борышымды өтеп қайтқан соң, еңбекке араласып кеттім. Қазір жалпы еңбек өтілім – 43 жыл. Жамбыл ауданына қарасты жеміс-жидек өсіретін кеңшарда, Қаратау қаласында көлік жүргізушісі болып 7 жыл жұмыс істедім, кейіннен «Фабрика Пош – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 10 жыл бойы жүн өңдеуші болып еңбек еттім. Кезінде әкемізбен бірге қой бағып үлес қоссақ, сол қойдың жүнін өңдеуге де атсалыстық. Мұнан соң осы «Жасыл ел – Тараз» мекемесінде тер төгіп келемін. Мұндағы еңбек өтілім – 26 жыл. Қазақта «Орман бір жерден көгереді» деген сөз бар. Қолымыздан келетіні қара жұмыс болған соң, осы мекемеде тұрақты еңбек етіп келемін. Тараз қаласы әкімінің, басқа да мекемелердің бұйырған марапатын алып жүрмін. Марапат үшін еңбек етпеймін. Бес қызым бар. Отбасымның өркендеуі, Отанымның дамуы үшін тер төгемін. Қазір жалақым 250 мың теңгеге жоғарылады. Бірақ, біздің бригада демалыс күндері дегенді білмейді. Қай жерде жұмыс бар, уақытпен санаспай тазалық жұмыстарында жүреміз. Тараз қаласының тазалығына үлес қосып жүргеніміз өзімізге ұнайды. Жігіттердің бәрі еңбекқор. Олармен бауырдай сыйласып кеттік», – деді ол. Осындағы жұмысшы Ербол Ошақбаев пен Береке Орманбеков те талай жылдан бері осы бригадада тер төгіп келеді.
Еңбектері елеулі. Үсен Есіркепұлы облыстық, қалалық деңгейде бірқатар марапаттарға ие болған.
Өзі атап өткендей, күміс қасықтай 5 қыздың әкесі. Өмірлік жары Рахаткүл екеуі осы бұрымдылардан рахат көреміз деген сенімде. Қыздардың анасы газ саласында еңбек етеді. Үсен өзі оқымаса да, қыздарын қалаған оқуларына оқытуды жөн көріпті. «Сендер жоғары білім алыңдар. Оқыған қор болмайды» деп қыздарына үнемі айтып отырады. Соның нәтижесінде қыздары зерек болып өскен. Қазіргі таңда үш қызын ұзатқан, үш жермен құда болып отырған, немере сүйген, өсіп-өнген әулеттің арқасүйері. Қыздарының бәрі жоғары білімді. Үлкені Гүлжан – тәрбиеші болса, екінші қызы Бақыткүл ғылымның соңында жүр. Қазіргі таңда мұғалім, психолог мамандығы бойынша магистратура бітіріп, докторантурада білім алып жатыр. Жаңыл мен Ұлбосыны да білім саласында еңбек етсе, Кенжегүлі мұғалімдік мамандықты таңдап, университетте білім алуда.
Үсеннің қай кезде де еңбектен бас тартқан кезі жоқ. Кеше иығына қару асынып Отанды қорғаған майдангер Есіркептің баласы бүгінде адал еңбектің рәтін көріп жүр. Ал, майдангердің немерелері жоғары білім алып, педагогика саласына үлестерін қосуда.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді