Сексен жылдан кейін иесін тапқан медаль

Сексен жылдан кейін иесін тапқан медаль
Ашық дереккөз
Ұлы Отан соғысында еліміздің тыныштығын қорғауға жан аямай атсалысқан майдангер Мүтәліп Ережепбайұлының есімі көпшілікке кеңінен таныс. Сұрапыл соғыс жылдарында Беларусь мемлекетінің Брест қамалын қорғауға және қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысқан.

Биыл неміс фашист әскерлерінің Беларусь жерінен шығарылғанына 80 жыл толды. Осы тарихи оқиғаға байланысты Беларусь республикасы Президентінің Жарлығымен «Неміс фашист әскерлерінің Беларусь жерінен шығарылғанына 80 жыл» медалі тағайындалған болатын.

Кеше Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил Ұлы Отан соғысының ардагері Мүтәліп Ержепбайұлының шаңырағына барып, майдангердің кеудесіне «Неміс фашист әскерлерінің Беларусь жерінен шығарылғанына 80 жыл» медалін тақты.

«Ұлы Жеңісті жақындатуға сіздің қосқан үлесіңіз өте мол. Брест қамалын қорғау кезінде батылдықтың үлгісін көрсеттіңіз. Бүгін сол еңбегіңіздің еленген күні. Сізді Тараз қаласы әкімдігінің атынан құттықтап, әулетіңізге береке тілейміз. Сіздің ерлік істеріңізден жас ұрпақтың үйренері көп», – деді Қайрат Әбілханұлы.

Мұнан соң «Халықаралық полиция қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Өрнекбай Смаилов және облыстық қорғаныс істері департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайнар Байқабылов та жылы лебіздерін білдіріп, майдангердің әулетіне жақсылық тіледі. «Жас кезімізде Отан қорғадық. Брест қамалы үшін де жан аямай күрестік. Ел басында күн туғанда орындаған әскери міндетімізді бағалап, марапаттап жатқан тарапқа мың алғыс. Енді соғыс болмасын. Жас ұрпақ сапалы білім алып, бейбіт күннің озаттарына айнала берсін» деп қарт майдангер батасын берді.

Мүтәліп Ережепбайұлы өзі жақындатқан бейбіт күнде еңбекке де ерте араласты. Аудандық партия комитетінде нұсқаушы, «Талас» асыл тұқымды мал зауытында партия комитетінің хатшысы болды. Бес жыл бойы Социалистік Еңбек Ері, әйгілі директор Әбдір Сағынтаевпен тізе қосып, бірге еңбек етті. Кейіннен 26 жыл бойы аудандық «Талас тынысы» (ол кезде «Ленин жолы») газетінде бас редактордың орынбасары, бас редакторы қызметтерін атқарды. Беріректе «Өмірім – өлеңім», «Оқ пен оттан оралғандар», «Жамбыл жолы», «Аңызға айналған ақиқат» атты кітаптар жазды. Асыл жары Тынышбала екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 15 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар