Мәшһүр Жүсіп туралы ел арасында аңыз көп. Ол кісінің болжаушылық, көріпкел-әулиелік қасиеті болған. Мәшһүр Жүсіп өзінің қай жылы, қай күні қайтыс болатынын болжап білген екен. Сол уақыт жақындағанда барлық туысқандары мен ағайындарын, балаларын, келіндерін жинап алып: «Мен үш күннің ішінде ана дүниеге барамын. Сендер мені қалай жоқтайтындарыңды өз көзіммен көріп, құлағыммен естиін. Ал келіндер, жылап-жоқтаңдар, туыстар, ағайындар мал сойып, ас беріңдер», – деген. Өзі бірнеше күн бұрын Ескелді шатқалына барып бейітінің орнын қаздырып, кішкентай кесенесін салдырған. Шынымен, өзі айтқан күні Мәшһүр дүние салады. Мен өзім 1942 жылы әкеммен сол Мәшһүр атаның кесенесіне бардым. Ол екі қабаттан құралған, астыңғы қабатында жер төлесі орналасқан. Үстіңгі қабатында кітаптары, тағы басқа өзі қолданған бұйымдары бар. Ал кесенесінің жер төлесінде денесі жатыр екен. Денесінің бос жатқанын өз көзіммен көрдім, тек ақ матамен үстін жауып қойыпты. Біз барғанда сол ақ матаны ауыстырды. Денесі бұзылмаған. Қарны үлкендеу екен. Ұйықтап жатқан кісі сықылды. Кесенесінің айналасында жалтыраған көктеу келген тастар көп екен. Жұрттың барлығы тұмар қылып алып жатты. Мен де алдым. Менің әкем сол денесі жатқан жерден бір уыс топырақ алып, шешеме берді. Шешем маған сол топырақты көк матадан істеген шүберекке салып, тұмар тағып берді. Сол тұмарды университет бітіргенге дейін тақтым. Менің төрт рет дүниежүзілік жаңалық ашуыма Мәшһүр Жүсіп атамыздың рухы себепші болды ма? Оған сенетінім, сол ауылдың және басқа жерден келген кісілердің арман-тілектері орындалатын. Мысалы, менің шешем мен Мәшһүр Жүсіптің кіші ұлы Пазылдың әйелі екеуі айтып отыратын, бала таба алмай жүрген әйелдер және ауырып жүргендер ниет қылып Мәшһүр Жүсіптің бейітінің басына келсе, тілектері орындалып, баласы жоқтар перзент сүйеді, денсаулығы жоқтар жазылып кететін. Осының барлығы фактілермен дәлелденген. Мен 1942-1947 жылға дейін оқуға түскенше сол ауылда жұмыс істедім. Жылына екі-үш рет Мәшһүр Жүсіптің кесенесінің астына түсіп, ақырет киімін ауыстыруға қатысатынмын. Сол көрген дене сол қалпында жататын. Менің есімде, Пазыл аға біздің әкейге келіп, Москвадан келген комиссия жөнінде айтты. Негізгі комиссияның мақсаты – Мәшһүр Жүсіп «литаргический сонмен» жатыр ма, болмаса шынында да өлген адам ба деп, білу үшін келген екен. Приборлары бар деді. Ертең соның кесенесіне сен де менімен бірге жүр деді. Олар комиссиямен бірге барып, комиссияның шешімін біліп қайтқан. Комиссия шын өлген деп шешім шығарған. Кейін оқу бітірген соң Минералогия кітабын қарасам, ол тамаша кесілетін тальк деген тас екен. Қазір ойласам, сол Ескелді шатқалында кішкентай төбешікті таңдап өзінің кесенесін салдыруы кездейсоқ емес екен, үлкен мағынасы бар. Мәшһүр атаның геологиядан білімі бар сияқты. Мәшһүр Жүсіп тірі күнінде балаларына, ағайындарына айтқан екен. Менің денем 41 жыл бойы бұзылмайды. Бірақ біреулер әсер етіп, денеме зақым келтіруі мүмкін. Шынында да 1950 жылдары Қазақстанның Орталық Компартиясының Бірінші секретары Пономаренко Мәшһүр Жүсіптің кесенесін бұзуға бұйрық берген. Оның бұйрығы бойынша екі кісі бульдозермен әулиенің кесенесін бұзған. Бұл жайтқа жалғыз Баянауылдың азаматтары емес, Қазақстанның көп жеріндегі халық риза болмаған. Көп кешікпей, Пономаренко орнынан түсті, екі жігіттің есі ауысып кемтар болып қалды. Осы қайғылы уақиғадан кейін Мәшһүр Жүсіптің кесенесінің басына халық ағылып «әулие» деп тағзым ететін болды. Мәшһүр Жүсіптің шығармалары орта мектептердің оқулығынан алынған, сондай-ақ шығармаларын зерттеуге тыйым салынған. Одан бұрын Мәшһүр Жүсіп шығармалары мектептің оқулығында Абай шығармаларымен қатар жүрген болатын. Тек қана Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін Мәшһүр Жүсіптің ерекше әдемі кесенесі Павлодар облысының Баянауыл ауданы Жаңа жол ауылдық округінің Ескелді шатқалында салынды.
Хабиболла Оспанов, профессор.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді