Жеті жасар бала Насрулланы Кеңес үкіметінің дінге қарсы күресіне ашық қарсы тұрғаны үшін Шымкент түрмесіне үш рет қамалып, алда күтіп тұрған ауыр жазасынан аман қалу үшін амалсыз 1930 жылы жат елдерге бас сауғалаған әкесі, Мүбашир ат-Тарази тастамай жетектеп алып кеткен. Содан Ташкент қаласына барып аялдады. Аласапыран болып жатқан шаһарда тұрақтап қалу қатерлі болғандықтан, Ауғанстанға табан тірейді. Ол Түркістанның азат ел болуы үшін бар ғұмырын арнаған әкесінің жанынан табылып, қолдаушы әрі серігіне айналды. 1943 жылы Кеңес одағына шекарадан соққы беруге мухажирлердің басын қосып, ұйымдастыруға бел шеше бекінген әкесінің жанында жүргені үшін ұсталып, кейін түрмеден босатылғанда әулет Пәкістанға көшеді. Сол уақыттағы Египет пен Суданның билеушісі, король Фарухтан пана сұраған өтініштері қанағаттандырылған соң әулетімен 1950 жылдан Мысырға барып қоныстанады. Каирде өмірінің соңына дейін тұрып, парсы, түрік қолжазбалары бойынша маманданып, осы саланың аса білгірі, ғалымы ретінде мойындалып, мәшһүр болды. Қолжазбалар мен кітаптар арасынан Түркістанның арлы-берлі тарихына қатысты деректерді cүзіп жинақтап, туған елге деген сағынышын өлеңмен өрнектеді.
Насрулланың поэзиялық шығармаларында жас кезінде туған жерінен, анасынан амалсыз ажырағаны, оның еліне деген сағыныш сезімі кестеленген. Әулиеата да Кеңес үкіметі дінге тиісе бастағанда бұғып қалмай, көшеде медресе шәкірттерін шерулетіп, қарсылығын ашық түрде өлеңге арқау еткен. Ауғанстан түрмесіне қамалып, бес жылдан астам уақыт абақтының тас қапасында отырғанда қалам тербеп, Кеңес үкіметінің зұлымдығын, қиянатын әшкерелеуін парсы тілінде көлемді шығыс шайырлары қолданатын мәснауи жанрымен тоқып шыққан. Ғұлама әкесінің өлеңдерінде ұрандық, саяси сарын пафосы ашық әрі басым бой көрсетсе, ұлының туындылары нәзік лиризммен, сыршылдық мақамымен тәнті еткізеді. Насрулланың өлеңдерін жазылу уақытына қарап 1991 жылғы тәуелсіздікке дейінгі, тәуелсіздік кезеңінен бергі мезгілде туындаған деп қарастыруға болады. Алайда көп туындыларының дәл жазылу уақыты қойылмағандықтан, тек мазмұнына қарап шамалауға болады.
Каирге келіп қоныстанған соң да Насрулла елде қалған анасын естен шығармаған, бірақ темір қамал құрсауындағы Кеңес одағындағы ағайыннан хабар-ошар алудың өзі қиын еді. Әрі сыртта жүрген ат-Таразилер Кеңес одағының үрейлі дұшпаны санатында қауіпсіздік орындарының үнемі бақылау-назарында болды. Насрулланың «Сүйікті анама» шығармасының соңындағы «Негізгі түпнұсқасы парсы тілінде жазылып, араб тіліне аударылған. Өлеңде тұтас отбасын ойрандап, шешесі мен баласын ажыратып, қайта табыстыруға бөгет болып, адамдық құқын таптаған Кеңестік кезең туралы:
«Анам-ау» деп бастайыншы сөз басын,
Қырық жылғы сағынышым қоздасын.
Раушан гүлде бір қара дақ бар еді,
Білем, ана, ол да – сенің көз жасың.
Тіршілікте талай азып, тоздыңдар,
Келді солай тұман басқан боз жылдар.
Ұлысыңды жаныштады, қырғындап,
«Коммунист» деп аталатын озбырлар, – деп бейнелейді.
Бұдан бөлек ол «Үміт» туындысында ұзынсонар соқпақты эмиграциядан қамыққан налалы көңіл-күйін «батқан айға» балау арқылы айшықтайды. Өзін дауылды теңіз толқындары арасында қалықтаған құсқа теңейді. Ұзақ һижрат жолдан қажыған, жүрегі жаралы, жүзін мұң торласа да сенімін жоғалтпауға, сабырға шақырады. Қасиетті мақсат-мүдде үшін тайталаста бар амалы – ілім деп тұжырымдайды. Ат-Тарази өлеңдерінің негізгі өзегі, басты арқауы – алыста қалған Отан тақырыбы. Ең алдымен парсы тілінде жазып, кейін арабшаға тәржімалаған. Оның «Отаным» атты өлеңі 1960 жылы Каирде дүниеге келген. Өлеңнен ақын ұзақ жыл сыртта сергелдең сапарда жүргендей, осы жолда қанша адам ажал құшты, осы күрестің, шайқастың қарым-нәтижесі қашан болады, қашан жеңіске жетеміз деген шерлі, шалдығу, қажу байқалмай қалмайды. Египет өгейсітпей, өз туысындай қамқорлығына алып, бала-шағасы көбейіп, абыройлы болса да жаны беймаза, тыныштық таппаған, көңілі алай-түлей алаң, жаралы жайын жайып салады. Атажұртқа, туған жерге деген сағыныш, аңсау шері жыр болып төгіліпті. Ол өлеңдерін әрдайым «ұзақ сапарда жолда жүрген» деген қалыпта танытады:
Сен Отанымсың – ұлы топырағым.
Ұзақ болғаным, сапар шеккенім, жетер,
Сен ұзақта болсаң, түн айсыз өтер.
Саған деген махаббат жүректе орнығар,
Айырғанымыз үшін жүрегім жарылар.
Насрулла ат-Тарази өлеңдерінде Отаным және анам деген сөздер қатар баламаланып бірігіп кетуі осы екі ұғымның қастерлілігін әрі кіндік қаны тамған жерге деген сүйіспеншілігін, махаббатты нақыштайды. Еліміз тәуелсіздік алған жылы жазылған «Отан-Ана – Түркістан шақырады» деген өлеңінде атажұртының топырағын қайта басуға жабылған жол қайта ашылғандай, үміті қайта тұтанған толғанысты күйін бедерлейді. Шет өлкеде қоныстан қоныс аударып, ұзақ сапардан шаршап шалдыққан тірі өліктей бейбақты мәңгі жайқалған бақ өзіне қол бұлғап шақырғандай, балғын шақтың елесі ойда жаңғырып, кел дегендей, жүректе түйілген сағыныш дамыл бермей, енді өткен қайғыдан серпіл, енді тәуелсіздіктің қуанышы тауқымет-бейнеттің бәрін ұмыттырады деп, қайта дәрменденіп, әлденгендей күйге бөленеді.
Тек 1997 жылы Тараздың тарихи атауы қайтарылған тұста ғана Таразилер де елге ат басын тіреді. Насрулла ақсақал тұла бой тұңғышы Мүбаракты ертіп, зарықтырған туған қаласына көзі тірісінде табаны тиіп, анасының қабіріне зиярат жасады, аман қалған ет жақын туыстарының ұрпақтарымен, нағашыларымен қауышты. Оның мысырлық газеттердің біріне берген сұхбатында Таразда бабаларының жеті атасынан үзілмеген шейхтар болғанын айтқан. Осылайша Таразилер тізбегінің Орта Азияның рухани өміріндегі маңыздылығын көрсете білген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді