ӨРТТІҢ АЛДЫН АЛУ МАҢЫЗДЫ
Бүгінде ТЖМ бөлімшелерінің табиғи өрттерге жедел ден қою шаралары күшейтілген. Пилотсыз ұшу аппараттары арқылы өңірлерді әуеден шолып барлау жүзеге асырылуда. Күштер мен құралдардың топтамасы тұрақты дайындықта, өңірлерде су ағызу құрылғылары бар 34 әуе борты қойылды. ТЖМ күшімен 37 орман шаруашылығына күзет ұйымдастырылып, бүгінгі таңда олар 23 өртті сөндіріп, 60-тан астам жедел шақыртуға барды. Арнайы бөлімшелер жоқ елді мекендерді қорғау мақсатында оларда ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен өрт сөндіру бекеттерін құру жұмыстары жалғасуда. Биыл 26 бекет пен 43 ерікті құрылым құрылды. Мобильді топтар рейдтер жүргізуді жалғастыруда. Жүргізілген 11 мыңнан астам рейдтің нәтижесінде 3 мыңдай бұзушылық анықталып, тиісті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Орман» жедел тексеру шараларының нәтижесінде 802 тұлғаның заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Жалпы алғанда, орман өрттері 3 есе, дала өрттері 2 есе азайған.
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ЖИЫНДАР БАСТАЛДЫ
Облыста Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде радиациялық химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінің оқу-әдістемелік жиындары басталды. Алдағы екі апталық полигондық жұмыстар дәл осы күрделі бағытқа арналмақ.
Жиындардың мақсаты – мамандардың теориялық білімі мен практикалық дағдыларын арттыру, оларды дайындауға қатысты өзекті мәселелерді шешу, ең бастысы, жауынгерлік уландырғыш заттарды қолданған жағдайда, сондай-ақ химиялық қауіпті объектілерде төтенше жағдай кезінде өзара іс-қимылды пысықтау болып табылады. Оқу-жаттығудың бірінші күні қатысушылардың арнайы техникасының жабдықтары мен жауынгерлік мүмкіндіктерін зерделеуге, жедел құтқару құралдарын пайдалану, халық шаруашылығында қолданылатын күшті улы заттардың қасиеттері мен қауіпті факторлары бойынша тактикалық арнайы жаттығулар мен практикалық сабақтарға, радиациялық химиялық және биологиялық қорғау нормативтерін орындауға арналды.
БҮЛДІРШІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚАУІПСІЗДІК САБАҒЫ
Жамбылдық құтқарушылар ерте жастан бастап бүлдіршіндер бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және оларға күтпеген жағдайларда мінез-құлық ережелерін үйрету үшін «Айнелек» мектепке дейінгі балалар мекемесінде танымдық ойын сабағын өткізді.
Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының офицері Данияр Келіс балаларға өрттің пайда болу себептері, төтенше жағдай туындаған кезде өзін қалай ұстау керектігі, өрт басталған жағдайда қалай әрекет ету, ал ересектер жақын жерде болмаса, өрт сөндіру қызметіне дұрыс қоңырау шалу, жалған қоңырау өрт сөндірушілерді шын мәнінде маңызды істерден алшақтататыны туралы түсіндірді.
ТЖД қызметкерлері балабақшаның педагогикалық құрамы мен қызметкерлері үшін алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану және өрт кезіндегі іс-қимылдар бойынша нұсқаулық өткізді, ал құтқарушы дәрігерлер оларға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетуді үйретті.
«ЗЕРБҰЛАҚ» – ҚҰТҚАРУШЫЛАР НАЗАРЫНДА
Қалалық құтқарушылар Тараздағы «Зербұлақ» жағажайының аумағында ұйымдастырылған акцияда шомылу маусымы кезінде су нысандарындағы қауіпсіздік ережелері туралы айтып, демалушыларға жадынамалар таратты.
«Зербұлақ» көлі 6,5 гектар жерді алып жатыр. Көлдің үштен бірінде арнайы қалтқылармен бөлінген балалар жағажайы орналасқан, мұндағы судың тереңдігі бір жарым метрге жетеді. Аталған жағажайда күніне бірнеше жүздеген адам демалады. Ал, қауіп қашанда адамдар босаңсыған жерде пайда болатыны белгілі. Осыған байланысты қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері демалушыларды суда шомылу кезінде бірқатар қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып, масаң күйде шомылмау керектігін, балаларды су нысандарының жанында қараусыз қалдырмауды, бейтаныс жерлерде жалғыз шомылуға немесе суға түсуге, жүзу үшін оған арналмаған заттарды пайдалануға болмайтынын ескертті.
«ҚАУІПСІЗ САУДА» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Елімізде сауда нысандарында өрттің туындау қаупін азайту үшін 22-28 шілде аралығында «Қауіпсіз сауда» кең ауқымды республикалық акция жарияланған болатын.
Акция шеңберінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде және базарларда өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы сақтау бойынша профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде ұсыныстар бере отырып, меншік иелерімен және жалға алушылармен кездесулер өткізді. Шара барысында оларға төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар және алғашқы өрт сөндіру құралдарын дұрыс пайдалану тәртібі түсіндірілді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді