Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың ерлігіне және өмірден озғанына 80 жыл толуына байланысты байзақтықтар еске алу іс-шарасын өткізді. Іс-шара Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атындағы орталық саябақта батыр ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алды. Жиналғандар ерлігі ұрпаққа ұран болған Ақәділ Суханбаевты бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң іс-шараға қатысушылар Қосы батыр ауылындағы (бүгінде музей болып тұрған) А.Суханбаевтың қара шаңырағына барып, батырдың рухына бағышталған Құранға қол жайды. Көпшіліктің қатысуымен Жақаш ауылындағы А.Суханбаев атындағы орта мектептің ауласындағы батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, мектеп ішінде орналасқан музей жұмысы таныстырылды.
Туған елінің даңқын шығарған Ақәділ ерлігі жайлы көптеген шығармалар жазылып, бейнефильмдер түсірілген. Солардың ішінде Арғынбай Бекбосынның «Соңғы сезім» (бастапқы аталуы «Нюрнбергтен бұрын») тарихи-қаһармандық қасіретнамасы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында және республиканың басқа да театрларында қойылды. Ал белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбаев «Жай отындай жарқ еткен» тақырыбында туынды жазғаны белгілі.
Бұдан кейінгі іс-шаралар Ақәділ батырдың есімін иеленген орта мектепте жалғасын тапты. Мектептің мәжіліс залында алдымен А.Суханбаевқа арналған деректі фильм көрсетіліп, көрермен көпшілік «Шахан» халық театрының режиссеры Бақытжан Байкүшіковтің орындауындағы «Ақәділ монологын» тамашалады. Сондай-ақ, шара барысында облыстың және Байзақ, Шу, Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев, «Қосы батыр» қоры төрағасының орынбасары Болат Үсенбев, Шу ауданынан келген қонақ Балықбай Көбжанов, Шу ауданы, Төле би ауылдық округінің әкімі Елнұр Рахымқұлов, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, Amanat партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева ретімен сөз алып, А.Суханбаев туралы өз пікірлерімен бөлісті. А.Суханбаев атындағы орта мектептің оқушылары мен аудан өнерпаздарының орындауында Арғынбай Бекбосынның өлеңдер топтамасы оқылып, «Ақәділ маршы», Қасқырбай Нарбатырдың «Тағзым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері шырқалды. Өнерпаз оқушылар көпшілікті тәнті етті. Аталмыш шараға белсене атсалысқан және А.Суханбаев мұражайын қайта жаңғыртуға үлестерін қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаты, «Қосы батыр» қоры, Amanat партиясы аудандық филиалы тарапынан марапатталды. Марапат кезінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасым:
«Өздеріңіз білетіндей, Байзақ жері – батырлар елі. Отан үшін жанын қиған Ақәділ Суханбаев жерлесіміздің ерлігін әр ауылдың әр баласы біліп, ерлікке құрмет жасап өсуі тиіс. Сол кезде ол балалардан болашақта патриоттар шығады. Батырдың ерлігімен мақтанамыз. Келген қонақтардың баршасына алғыс айтамыз. Елімізде, ауданымызда Отанын сүйетін әдепті де, арлы, зерек ұрпақ көбейе берсін», – деді.
Батыр ерлігін ұлықтау іс-шарасы Суханбаев ауылдық округінің Жақаш елді мекенінде кіші футболдан ұйымдастырылған аудандық турнирге ұласты. Онда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев батырдың ерлігі жастарды отансүйгіштікке, ұлы істерді атқаруға үндей беретінін жеткізіп, жарыс қатысушыларына сәттіліктер тіледі. Аталған турнирге 18 ауыл, ауылдық округтерден жиырмаға жуық команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнир жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған марапаттарға ие болды.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді