Десе де бұл мәселенің майшаммен қарайтын тұстары жетерлік. Өйткені, жеке кәсіпкерлер өз ұсыныстары мен тауарларын мектеп басшылықтарына ұсынып, ата-аналар мен оқушылар тарапынан қолдау тапқанымен, істің аяғы сөзбұйдаға салынып кететіндігін айтады. Аталған мәселе төңірегінде Тараз қаласы білім бөлімінің мамандарынан мектеп формасы қалай таңдалатынын сұрап-білдік.
– Орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Оның үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, түстерді үшеуден асырмай араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады және білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Дегенмен, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық киімдеріміздің танымалдылығын арттыру мақсатында бірқатар мектептерде ата-аналар мен оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдарының бастамасымен қазақи нақыштағы мерекелік мектеп формалары ұйымдастырылған. Сәнді мектеп формалары көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда. Ұсынылған этно-стильдегі формаларда ұлттық нақыштағы киімдерге салынған ою-өрнектер арқылы қазақ халқының болмысы, қалыптасқан стиль ерекшелігі бар, – дейді Тараз қалалық білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов.
Сондай-ақ, маманның айтуынша, бірыңғай мектеп формасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасы туралы» бұйрығы арқылы реттелген. Соған сәйкес мектеп формаларының стандарттары бекітілген. Ал, мектеп директорлары ұлттық киімге қатысты арнайы заңнамалық құжат болмағандықтан, бұл мәселеде пікір алуандығы жиі орын алатынын жеткізді. Соған сәйкес, ата-аналар киімдерді қайдан және кімнен алатынын өздері таңдайды.
– Биыл ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге баса назар аударылып отырғаны белгілі. Осыған байланысты бірқатар орта білім мекемелерінде ұлттық киімдерді қолдау челленджі қолға алынған болатын. Бұл бастама ата-аналар тарапынан көтерілгендіктен, мектеп басшысы ретінде бұған ешқандай шектеу қойылмады. Тиісінше, ұлттық киімді оқушылар мереке күндерінен бөлек, наурыз айында бір ай бойы, әр апта сайын бір күн киіп жүрді. Ал, кәсіпкерлермен келісім бойынша айтатын болсақ, мұнда ескере кететіндігі ата-аналар киім дизайнын өздері таңдап, өздері келісім орнатты. Әр сыныптың ұлттық киімі әртекті. Сол себепті бұл бірыңғай мектеп формасы болып саналмайды. Аталған күндерден басқа күндері оқушылар бірыңғай мектеп формасын киіп жүре береді, – дейді Тараз қаласы №26 мектептің директоры Шаттық Сержанова.
Мектеп директорының айтуынша, ұлттық киім үлгісін бірыңғай мектеп формасы ретінде де киіп жүруге болады. Бірақ, бір мектепте әралуан әлеуметтік топ өкілдері болғандықтан, әзірше бірдей киім үлгісін сақтау мүмкін емес көрінеді. Сол үшін бір сыныптың ата-аталары басқа форманы, келесі сынып ата-аналары бөлек мектеп формасын да таңдайды екен.
Ал, жалпы бүгінде Тараз қаласындағы 20- дан аса қала мектептерінде ұлттық нақыштағы мектеп формалары бар. Олардың бірі ұлттық киімді бірыңғай мектеп формасына айналдырып үлгерсе, бірі мерекелік киім үлгісі ретінде қолданады. Соған сәйкес, бұл салада кәсіпкерлердің де қатары артқан. Солардың бірі – жас кәсіпкер Асылжан Қаратаев. Оқушыларға арнайы киім тігумен үш жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкер алғашқы жылдары қаладағы бірқатар білім ордаларына өз ұсынысымен барған. Десе де мектеп директорлары құзырлы органдардың рұқсатнамасы керектігін айтып, шығарып салған.
– Ұлттық нышандарымыз бейнеленген киім түрлерін тігу бірнеше жыл бұрын ойға келді. Содан бері қызығушылығымды кәсіпке айналдырып келемін. Бұған дейін де бірқатар тұтынушыларға киім түрлерін сатып үлгердік. Ұлттық киімдеріміз өзіндік дизайнымен айшықталып, жарық шағылыстырушы таңбаларымен ерекшеленеді. Бұл өз кезегінде кешкі уақытта оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Алайда, білім ошақтарына барғанымызда ата-аналар мен директорлар тарапынан қолдау болғанымен, бұл іс түрлі себептермен әріге бармайды. Содан бері біршама уақыт өтіп, қоғамның қазақи құндылықтарға деген көзқарасы өзгерді. Сол себепті мектеп формасын бекітетін есепті кезеңде ұсыныстарымыз ескеріліп, кәсіпкерлерге қолдау болса екен, – дейді Асылжан Қаратаев.
Айта кету қажет, жаңа оқу жылына дайындық тамыз айының басында-ақ жүргізіліп қояды. Осы уақытта көмекке мұқтаж отбасы балаларының әрқайсысына қаржылай қолдау көрсетіліп, соған орай мектеп басшылығымен бекітілген мектеп формасы да сатып алынады. Сол себепті дайындық науқанында мектептерді аралап, өз ұсыныстарын таныстыратын жергілікті кәсіпкерлер өз істеріне қолдау табылса екен дейді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді