«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасанды жаңбыр: ақиқат па, аңыз ба?

Жасанды жаңбыр: ақиқат па, аңыз ба?
Ашық дереккөз
Өткен аптада Қазақстан халқы шіліңгір шілдеде жауған толассыз жауынға таң-тамаша болды. Мұндай таңданысқа толы резонанс әлеуметтік желіде жиі байқалуда. Әсіресе, Алтай Айнабек есімді өнертапқыштың жасанды жаңбыр жаудыратын қондырғыларының мүмкіндіктері ақпараттық кеңістіктегі негізгі тақырыпқа айналып отыр. Отандық өнертабыстың мүмкіндіктері жайлы сөз қозғамас бұрын әлемдегі жасанды жаңбыр жаудыру тәжірибесіне назар аударған жөн.

Технология дамыған сайын адамзат өмірі сәт санап жеңілдеп келеді. Мысалы, қазір даланы қуаңшылық жайласа көкке қарап, дағыра ұрып, тәңірден жаңбыр тілеп, құрбандық шалудың қажеті жоқ. Ғылым сіз үшін бар жағдайды жасап жатыр. Қазір жасанды жауын шақырудың химиялық элементтерді пайдалану, бактериялар арқылы жаудыру, бұлттар арасына статикалық разряд жіберу сынды тәсілдері бар.

ХИМИЯЛЫҚ ТӘСІЛ

Дубай шөлінің үстінде арнайы басқарылатын ұшақтар елдегі жауын-шашын мөлшерін арттыру үшін бұлттар арасына химиялық қоспалар жібереді. Әдетте жылына шамамен 10 сантиметр ғана жаңбыр жауатын елде «сұраныс бойынша жаңбыр жаудыру» деген идея бұрыннан бар. БАӘ және басқа да елдердің тәжірибесіндегі жасанды жаңбыр технологиясы 1940 жылдардан бері қолданылып келеді. Осы уақыттан бері қарай «General Electric» компаниясының ғалымдары әзірлеген бұлт себу технологиясын кейінірек АҚШ әскерилері әлеуетті климаттық қару ретінде пайдаланды. Ол сонымен қатар, 1949 жылы Нью-Йорк қаласын жойып жібереді деп үрей тудырған құрғақшылықпен күресу үшін пайдаланылды.

ДРОНДАР

Бүгінде БАӘ-де жасанды жаңбыр жаудырудың басқа да технологиялары сынақтан өтуде. Ол қоршаған ортаның температурасы мен ылғалдылығын өлшеу үшін жоғары технологиялық сенсорлары бар дрондарды пайдалану арқылы жүзеге асады. Ені 2 метрлік бұл құрылғылар бұлттарды борттық сәуленің көмегімен зарядтайды. Зарядтайтын сәулелер теориялық тұрғыдан кішкентай бұлт тамшыларын бір-біріне тартып, біріктіріп, жерге түсу үшін үлкен жаңбыр тамшыларына айналғанша өсуі керек. Алайда, бұл әзірге тек эксперименттік әдіс болғандықтан оның тиімділігі туралы айтуға әлі ерте.

БАКТЕРИЯЛАР

Бактериялар барлық жерде, адамның ішегінде, терімізде тіпті аспанда да болады. Зерттеулерге сәйкес, тірі бактериялар су буымен және бұлттағы бөлшектермен бірге өмір сүреді. Ал кейбір ауа бактерияларының ерекше қуаты бар. Олар суды мұзға айналдырып, жасанды жаңбыр тудыруы мүмкін. Мұздатылған түйіршіктер шаң бөлшектерінде, минералдарда немесе микроорганизмдерде пайда болғаннан кейін жаңбыр тамшыларына айналады. Осылайша бұл микроорганизмдер жауын-шашын мөлшерін көбейте алады. Қарастырылып отырған бактерия Pseudomonas Syringae деп аталады. Бір қарағанда бұлттар бізге таза болып көрінеді. Шындығында, кез келген жаңбыр бұлтының бір текше метрінде 300-ден 30 000-ға дейін микробтар бар. Соның ішінде, Pseudomonas Syringae ерекше қабілетке ие бактерия. Ол суды салыстырмалы түрде жоғары температурада да мұзға айналдыра алады. Бұл бактерия бірнеше ондаған жылдықтар бұрын өсімдіктердің арасында пайда болған. Сондықтан оны жасанды жағдайда өсіру өте оңай. Қазір кез келген шаңғы базалары осы бактерия арқылы қар көлемін көбейте алады.

Теорияда мұндай әдіс тіпті қуаңшылық кезінде де жаңбыр жаудыра алады. «Егер бұлттардың арасына осы бактерияларды жіберсе мұз қату процесі басталады да, ізінше бірден жаңбыр жауады. Тек аспанда бұл бактериялар қаншалықты көп? Осыны ойлану керек» дейді Флорида университетінің биологы Брент Крайстнер. Қазіргі таңда Брент Крайстнер бастаған ғалымдар тобы ұшақтар мен метеозондтардың көмегімен өсімдіктер арасында өмір сүретін Pseudomonas Syringae бактериясының аспанға қалай жеткенін білу үшін сынама алумен айналысуда.

ЗАЛАЛЫ МЕН ЗАРДАБЫ

Зерттеу нәтижесі бойынша бұлтты көбейту арқылы жаңбыр көлемін 10-15 пайызға ұлғайтуға болатынына қарамастан, бұл тәсілдің залалды тұстары да аз емес. Бұлтқа бактерияларды немесе күміс йодидін жіберу теңіз флорасы мен фаунасына кесірін тигізеді. 2016 жылы жүргізілген зерттеу бұлттарды көбейту кезінде судың құрамы күрт өзгеріп кететінін көрсеткен. Тіпті, жасанды жаңбыр шақыратын технология жаңбырды жаууы тиіс орыннан басқа жерге ауыстырып, климаттың жүйеде тепе-теңсіздік пайда болуы мүмкін. Бұдан бөлек, біздің табиғат заңдылығына араласуымыз үнемі тиімді нәтижеге алып келе бермейді. Сондықтан өз әрекеттерімізге бақылау жасауымыз қажет. Белгілі бір аумақта жаңбырдың көп жаууы жануарлардың қырылуына, адамзатқа өмір сүруге қолайлы жүйенің бұзылуына алып келуі мүмкін. Сондықтан жасанды жаңбырдың пайдасы көл-көсір деп ойласаңыз, қатты қателесесіз.

ОТАНДЫҚ ӘДІСТІҢ ОҢ НӘТИЖЕСІ

Қазақстанда жасанды жаңбыр жаудыру туралы әңгіме 2021 жылы желдей есе бастады. «Central Asian Center of Climate Change Technologies» компаниясының бас директоры Алтай Айнабектің сөзінше, бұл технологияның алғашқы демонстрациялық жұмысы Маңғыстау облысында жүргізілген. Алтай Айнабек бүгінде әлемде атмосфералық ылғалдан жауын-шашын (жаңбыр, қар) жаудыру технологиясымен жұмыс істейтін компаниялар көп емес екенін айтады. Жаңа жоба 2021 жылдың тамыз айында қолға алынған болатын. Осы мақсатта «Грант Қазақстан» корпоративтік қорының «Central Asian Center of Climate Change Technologies» серіктестігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында үш жақты келісім жасалған еді. Биыл бұл жұмыстар Аралда жалғасын тапты. Аталған компанияның басшысы, климаттық технологиялар саласының сарапшысы Алтай Айнабек егер жоба сәтті жүзеге асса, Орталық Азия су қауіпсіздігі мәселесіне бас қатырмайтынын алға тартуда.

– Атмосфера статикалық емес, сол себепті технология әсері Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Жезқазған, Түркістан облыстарында және Қарақалпақстанда байқалады. Бұл аймақтың барлығында температура деңгейі жоғарылап, құрғақшылық пен дала өрттері туралы ТЖМ дабыл қағып отыр. Біз мұның алдын ала аламыз. Перифириялық облыстарда жауын 30-50 пайызға дейін көтеріліп, температура мен өрт қауіпінің деңгейі түседі. Бірінші кезекте «атмосфераның төменгі қабаттарын иондау» тәсілін жасаймыз, ол сол ылғалды тартады. Мұның мүмкін екенін көрсеткеннен кейін 100-ге жуық қосымша дрон жасақтаймыз. Қазір 3 министірлік пен 2 институттың мамандарынан жұмыс тобы құрылып жатыр. Аралға ылғал тартып, конденсациялау жүзеге асса, Орталық Азия болашақтағы су қауіпсіздігіне алаңдамаса болады. Жауын мөлшерін кем дегенде 100 пайызға көтеруді жоспарлаудамыз. Өткен жылы тамызда Түркістан облысында жаңбыр деңгейі 650 пайызға жоғарылады. Кейінгі жылдары Аралға мүлде су келіп жатқан жоқ. Біз бір жыл ішінде 8-15 шаршы шақырым су құюды жоспарлап отырмыз. Ол 4 Шардара су қоймасымен тең, – дейді маман.

Алтай Айнабектің бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген бастамасына сын көзбен қарайтындар аз емес. Алайда, оның қойған қондырғылары жаздың жаңбырлы болуына ықпал етіп жатқанын аңғару оңай. Әрбірден соң «Central Asian Center of Climate Change Technologies» компаниясы ел аумағында алғаш рет әлемде бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибені іске қосып отыр. Ғалымның тәжірибесі нәтижелі болғаны сондай, ел ішінде Алтай Айнабекті «rainmen» яғни «жаңбыр адам» деп атап кетті. Байқағанымыздай, алыстағы тағдырлы Аралмен қоса Жамбылдың аспаны да найзағай мен қалың бұлттан көз ашпай тұр. Демек, жасанды жаңбыр жаудыру әдісі аңыз емес, ақиқат секілді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар