Кейіпкеріміз Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ол №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, әрі қарай оқуын Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы халықаралық шет тілдер университетінің колледжінде жалғастырып, маркетинг және менеджмент мамандығын алып шығады. Нұрасылхан колледжді аяқтағаннан соң, әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Абай облысының Аягөз қаласындағы 10810 әскери бөлімінің құрамындағы 11-ші танк бригадасында өтейді.
– Мен мерзімді әскери қызмет қатарына өз еркіммен бардым. Қазір көптеген жас жігіттер әскерге бармауға тырысады. Үйдегілерге келіп әскерге баратын болдым деп айтқанда, ата-анам бірден мені қолдап: «Ер жігіт әскери өмірді көруі керек» деп айтты. Рас, әскерге барғанда алғашында қиналдым. Сондай сәттерде ауылды сағынып, үйге қайтқым келетін. Таңертең ерте тұрып, тәртіпке бағыну алғашқыда оңайға түскен жоқ. Әрі әскерде әлімжеттік болатыны туралы естігендіктен, әуелгі кезде аздап жүрексінгенімді жасырмаймын. Бірақ, бәрі біз ойлағандай емес екен. Барлығы әскердің қатаң тәртібі мен ережесіне бағынады. Мен де аз уақытта қатаң тәртіпке үйрендім. Әскерде үйдегідей еркіндік жоқ. Әрбір ісіңе жауапкершілікпен қарайсың. Жалпы, әскери өмірді көру, қатал тәртіпті бастан өткеру әрбір жас жігітке шыңдалу үшін қажет. Біз таңғы асты ішіп болған соң, бөлімнің алдында оқу-жаттығу жұмыстарын өткіземіз. Бос уақытымызда өзімізді ретке келтіріп, тазалыққа мән береміз. Оның арасында әскери өмірге байланысты концерттік бағдарламалар болады. Өз басым әртүрлі ішкі әскери оқу-жаттығуларға белсене қатыстым, – дейді Нұрасылхан Шәріпханұлы.
Айта кетейік, Нұрасылхан үйдің кенжесі. Оның алдында әпкесі мен ағасы бар. Әкесі Шәріпхан Жуалы ауданындағы спорт мектептерінің бірінде жұмыс істейді. Ал, анасы Аягөз аудандағы ветеринария бөлімінде жұмыс істесе, ағасы мен жеңгесі жеке кәсіппен айналысады. Жақында ғана әскерден оралған Нұрасылханның алдына қойған арманы көп. Ең басты мақсаты – өз мамандығымен жұмысқа орналасып, отбасын құрып, ата-анасының үмітін ақтау.
– Әскердегі өмір маған шыңдалуды, алға қойған мақсатқа жетуді үйретті. Біз онда жүріп қаруды қолдануды және әскери техникаларды жүргізуді үйрендік. Әскерде жүріп қиыншылықты саналы түрде жеңе білу қажеттігін ұғындым. Әскерде біз нағыз достар қандай болатынын түсіндік. Алыста жүріп, жақындарыңның қадірін түсінесің. Әскери өмір ер азаматты шыңдап, сені рухы мықты етіп тәрбиелейтін және барлығына үйрететін өмірлік мектеп деп ойлаймын. Әрі қарай жұмысымды осы әскери мамандықпен байланыстырып, Отаныма адал қызмет етсем деген ойым бар, – дейді ол.
Иә, әскер ер азаматты шыңдаумен қатар, оның өмірге деген көзқарасын да түбегейлі өзгертеді. Мұнда келген жас сарбаз бір жыл ішінде бүкіл өміріне азық болар тәжірибе жинайтыны тағы анық. Кейіпкеріміз Нұрасылхан қасиетті борышын абыройлы өтеп келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Лайым, Отанды шексіз сүйетін әрі туған халқына пана болар жүректі жігіттеріміз көп болғай!
Есен ӨТЕУЛІ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді