«Бұл қайдан келді?» деген сұраққа үңілетін болсақ, кеңестік кезеңнен кейін пайда болғанын аңғару қиын емес. Өйткені, қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел. Тіпті, күйеуі қайтыс болған әйелді қайнысына немесе қайын ағасына қосып, әмеңгерлік жолмен балаларын өз жұртында тәрбиелеп, жетілдірген. Қазіргі кезде, өкінішке орай қарттар үйіне ата-анасын апарып тастағандар көп болмаса да, бар екені анық. Қартайған шағында балаларының қызығына кенеліп, бір дастарханнан дәм татып, орталарында күліп-ойнап жүруіне не кедергі деген сұрақ ешкімді толғандырмай қоймайтыны белгілі.
Осындай тағдырға тап болған кейуананың бірін Тараз қаласындағы №2 қарттар үйінен кездестірдім. Бір өкініштісі ол кісі өзінің жақын жандарынан гөрі жақсылықты осы қарттар үйінен тауыпты. Жұмыс барысымен барып едім, жүзін уайым басқан әжейдің жанарындағы мұң мені тоқтатпай қоймады. Қасына дереу барып, амандасып, халжағдайын сұрадым. Қарт әже мені көре салысымен:
– Әй балам, жүзіңде жылулық көрініп-ақ тұр, жүрегің мейірімділікке толы екен, – деді.
Мен осы мезетте, әженің көкейінде қандай да бір айтқысы келіп тұрған зар барын аңғардым да қасына отырдым. Тағдырдың тәлкегімен, жалғыздықтан жапа шегіп, осы орталықты мекендеген ол 75 жасқа келген екен. Жалғыз ұлы өмірден өткең соң, қараусыз қалып, қарттар үйіне келуге бел байлаған.
– Өзім Шымкенттен келгенмін. Жалғыз ұлым мәңгілік мекеніне аттанған соң, қатты сырқаттанып, екі ай тұра алмай төсек тартып қалдым. Тіпті, өз аяғыммен жүре алмай, арбамен қимылдауға мәжбүр болдым. Шарасыз күйде қалған соң ел-жұртыма келдім. Өзім Сарысу ауданның тумасымын. Туысқандарым қарамайды емес, қарайды. Бірақ, қашанғы оларға масыл болайын. Олардың да менен бөлек шаруалары бастан асатыны белгілі. Уақыттарын алып, тәуелді болғым келмеді. Өзім де ақыл-есімнен ауытқып бара жатқанымды сезе бастадым. Балам фирмада жұмыс істеген-тін, күтпеген жерден о дүниелік болғаны маған қатты ауыр соқты. Өзімді қолға алып, ақылы дәрігеріме «Сен мені қарттар үйіне апар» дедім. Әйтпесе, адам қатарында өмір сүруім қиын екенін жеткіздім. Кейін осы жерге өз еркіммен келдім. Қазір міне, екі жылдай болып қалды. Бастапқыда 1-қабатта карантинде жаттым, кейін 2-қабатқа ауыстырды. Еңбектеп, жүре алмай сырқаттанып келіп едім, қазір Аллаға шүкір, таяқпен жүретін болдым. Бұл жерде моральдық тұрғыдан да, медициналық көмектен де қолдау көрсетіп, жағдайымды жасады. «Апа, әже» деп бар көңіліме қарап сөйлеп, жағдайымды жасайды. «Бөбек» шипажайына жіберіп, аяғымды емдеп тік тұрғызды. Алдағы уақытта өз аяғыммен жүретініме де сенемін. Мекеме қызметкерлеріне алғысым шексіз, келіннен көру бұйырмаған жақсылықты мейірбикелерден көрдім. Құдайдан кейін осы кісілерге алғысымды білдіремін, – деді аты-жөнін өзгертіп Зағипа Әбдіманапова деп атаған апамыз.
Кейуана туыстары жайлы сөз қозғасам көзіне еріксіз жас келіп, әрі қарай тереңірек айтқысы келмейтінін аңғартты. Тек бар айтары – қазіргі жастарға ата-анасын сыйлап, айтқан ақылын тыңдап, барынша құрмет көрсетсе екен деумен болды. Ата-ананың, жақын жандардың қадірін көзі тірісінде білейік, құрметті оқырман.
Құрмет САРЫБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университеті
конвергентті журналистика
мамандығының студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді