...Біздің кезімізде студент болғандардың ішінде екі-үш айға созылатын ауыл шаруашылық жұмыстарына қатыспағаны жоқ шығар.
Әр күз сайын ұйымдастырылатын ол іс-шара ауызекі тілде «сельхозка» деп аталатын.
Мен білім алған Шымкент педагогикалық институтының студенттерін ылғи Жетісай ауданындағы мақта терімге жіберетін.
Жамбыл облысынан келіп оқып жүрген біздерге қарағанда Өзбекстаннан келіп оқып жатқандар мен жергілікті өңірдің жастары мақта теруден алдына жан салмаушы еді.
Сонда мақта плантациясын бірінші рет көргенім есімде.
Таң қараңғысынан тұрғызып, асхананың таңғы асынан дәм татырған соң, жетекшілеріміз мақта алқабына ертіп әкелді. Негізі, өсірілген мақтаның басты бөлігін жинау комбайнмен атқарылады екен де, техникамен жинау қиынға түсетін егістіктерде қолмен жиналады екен.
Жұмысты алдымен ақ мақта теруден бастатты. Кең алқаптың жүйек-жүйегін бойлай, қатар түзіп, екі жағыңда белуарыңнан аса жайқалып тұрған мақтаны түбіндегі көсегінен суырып жинап, арықтың аяғына дейін тазалап сүзіп шығуың керек.
Сабағының биіктігі бір, бір жарым метрден келіп, бүкіл жазықты алып, жайқалып тұрған мақталарды қасынан алғаш көрген жан кәдімгідей әсерленетіні рас. Бір-екі негізгі бұтақтан тарайтын он-он бес бұтақшаларға шыққан аппақ немесе ақсары түсті ұлпадай үлбіреген жұмсақ гүлдерді қатты қауашақтарынан суырып алып, бір бауы мойнымызға ілініп, екінші бауы белімізге байланған қалта-қабымызға бипаздап, біртіндеп салып жүргенімізше, түс болды.
Кенет көзіме өзгеше мақта түсті. Бір бұтақшадан шыққан екі қауашақты мақта. Қолыма ұстап, қызыға қарап тұрып қалдым да, әлгі ұлпадай аппақ әдемі мақтаны қапшығымдағыларға қосуға қимай, кәстөмімнің кеуде қалтасына салып алдым.
Түскі үзілісте тамақтануға жиылғанда, өңіріме қыстырылған гүлдей мақтаны байқап қалған құрбыларым:
– О-о-о, Үміт, қос мақта тауып алдың ба, күшті, ей! Кейін егіз балаң болады! Қос мақта тауып алғандар егіз туады деген ырым бар! – десті жамыраса күліп құттықтай.
Қос мақта. «Қос мақта тауып алғандардың егіз баласы болады». Қызық сөз екен. Несі бар. Егіз балаң болса керемет қой. Егіз тусаң қандай қызық болар еді, иә. «Қой! Мен не деп кеттім? Масқара! Бесіктен белім шықпаған мына жасымда бала туралы, бала туу туралы ойға кетіп қалғаным қалай?!.»
Осы қыздардың шығармайтындары жоқ. Не болса, содан ілік тауып алады, әйтеуір.
Қолымдағы қос мақтаны қапшығыма тастай салғым кеп бір оқталдым да, гүлдей боп тұрған аппақ қардай үлпілдегін қимай, қайтадан өзіме алып қалдым. Сол қос мақтаны ауылыма да әкеліп, көпке дейін көзімнің қарашығындай сақтадым.
...Құдайдың құдіреті, кейін көп жыл өтіп, тұрмысқа шыққан маған Тәңір тұңғыш балаларымды егіз қып, бірден екі ұл берді. Содан бері сонау алыс шақта қалған осы жайт жиі ойыма түседі. Аппақ ұлпа гүлді қос мақта көз алдыма келгенде бойымды шаттықтың күйі тербейді.
Сондай-ақ, өзім қатты қадірлейтін тағы да бір ырым бар.
Халқымыздың ұлттық асындағы әрбір жіліктің орны бар емес пе. Дегенмен, өзім асықты жілікті жақсы көрем. Мүжіп, жеу үшін емес. Мүжілген жіліктің асығын алу үшін.
Ұлттық ойынымыздың да бір негізіне айналған асықтың біздің қазағымыз үшін қасиеті баршылық. Тіпті, бір-бірімізге «Асығыңыз алшысынан түссін» деген тілек айту қанымызға сіңіп кеткен.
Ұрпағымыз көбейіп, келіндеріміздің балағынан бала сауласын деп, асықты жинап жүретін де әдетіміз бар. Жақсы нәрсені ырымдасаң және оған өзің құлай сенсең, түбінде бір орындалады.
Ертеректе інімнің келіншегі біраз уақытқа дейін бала көтере алмай, уайымға салынып жүрді.
Бір күні, кезінде би атанып, елге сыйлы болған бір бабамыздың рухына Құран бағышталып, жүз жылдығы аталып өтілген ұлан-асыр тойға қатыстым. Келген қонақтарға сый-сияпаттар жасалынып, теберік үшін ерлерге қамшы, әйелдерге шапан-шапқыт таратылды.
Мен «Келінім нәрестелі болсыншы» деп, көйлек-орамалдың орнына той иелерінен қамшы сұрап алдым.
Әкелген қамшымды «Қошқардай ұл тап» деп, інімнің келіншегіне ұстаттым.
Көп ұзамай, олар менен сүйінші сұрады.
Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде дүниеге шекесі торсықтай ұл келді. Одан кейін де, артынан бірінен соң бірі, іні- қарындастары ілескен сол балапаным қазір ат жалын тартып мінуге жараған жігіт боп қалды, шүкір!..
...Міне, бүгін де алдыма тартылған табақтан бұйырған жіліктің асығын жұмсақ етінен ажыратып, тазалап, бөлек алып қойдым.
Жиып жүрген асықтарымды ойнайтын немерелерімнің саны арта берсін деп ырымдағаным.
Барша жұртқа да соны тілеймін.
Қазақ көбейсін! Ұрпақтарымыз өрбіп, есен-аман өсе берсін!
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысында 16 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
- 21 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді