Облыстың құрылғанына 85 жыл толуына және белгілі айтыскер, Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақовтың 60 жылдығына орай өткен іс-шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Теміржан Ізтілеуов ашып, жас ақындарға сәттілік тіледі. Доданы талантты жас Нұрлыбек Құрманов жүргізсе, Алтынкүл Қасымбекова, Ербол Қамбатыр, Талғат Құсайынов секілді белгілі айтыскер ақындар қазылық етті.
Айтыс шымылдығын Жамбыл ауданының үміті Елібек Нұрмағанбетов пен таластық Айсұлу Жүнісбек ашты.
Ал, жуалылық Дидар Апбасов пен Жамбыл ауданының ақыны Медеу Мырзатай айтыс көркін қыздырды.
Медеудің: Біз үшін ой іздеген ғаламнан да,
Қарыздармыз ардақты ұстаздарға адамдарға.
Шәкірті Мұхамеджан көлік сыйлап,
Нәсіпті етті Айтмұханбет ағамды Алла.
Ал сенің қазыда отырған ұстазыңа,
Велосипед мінгізер шамаң бар ма?, – деді.
Сонда Дидар:
Өлеңімен биікке дара жеткен,
Шәкіртінің барлығын саналы еткен.
Есет ұстаз ұшақ мінсе жарасады,
Кезінде мінгіземін шама жеткен.
Велосипед мінгіз деп мұқатпашы,
Менің ағам жүреді самолетпен.
Бала көңіл дегенге ұстазымды,
Велосипед мінетін бала деп пе ең? – деп сөзден ұстап, шыңдалған шеберлігін көрсетті.
Келесі сәтте республикалық жастар айтысының бас жүлдесін алған, Жамбыл ауданының ақыны Мұхтар Қонарбаев пен республикалық оқушылар айтысының жүлдегері, тараздық Інжу Жаңабай, Жамбыл ауданының үміті Мерейхан Райымбаев пен тараздық Аят Бәтей сәтті айтыс жасады. Облыстық айтыстардың жүлдегері, таластық Нұржан Манатбек Жамбыл ауданының оқушы ақыны Жанерке Қамбарованы жақсы шумақтарымен жетелеп отырды. Республикалық «Асыл домбыра» айтысының жеңімпазы, байзақтық Дархан Әбдіманат пен сарыкемерлік Ернұр Бейсеновтың айтысы көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұл айтыс Інжу Жаңабай, Жанерке Қамбарова секілді оқушы ақындардың көзге түсуімен ерекшеленді.
Айтысты қорытындылау сәтінде облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы» мекемесінің директоры Ахметжан Өзбеков сөйлеп, айтыстың жоғары деңгейде өткенін айтып, үміт артатын жас ақындардың өнеріне тоқталды. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды жуалылық Дидар Апбасов иеленсе, жүлделі екінші орынға Жамбыл ауданынан Елібек Нұрмағанбетов қол жеткізді. Ал үшінші орынға жамбылдық Медеу Мырзатай мен байзақтық Дархан Әбдіманат лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Теміржан Серікұлы, Жамбыл «адалдық алаңы» жобалық кеңесінің жетекшісі Назима Жұбандықова, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекеме сінің директоры Жандар Тоқсаба, қазылар алқасының төрағасы Айтмұханбет Исақов диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді