Һибатулла ат-Тарази жайлы алғашқы мәліметті Таризилердің соңғы тұяғы, Каир университетінің профессоры Насрулла ат-Таразидің 1995 жылы 27 қыркүйекте «Егемен Қазақстан» газетінде «Түркістан түркілері тарихынан» атты мақаласында жариялаған. Ол туралы деректер араб тілді ғұламалардың еңбектерінде «Түркістани» атауымен көптеп кездеседі. Мәселен, Әбу Мұхаммед әл-Қурайши өзінің «Ханафи мәзһабы ғұламаларының топтары жайлы жарық жауһарлар» атты шығармасында Тараз ғалымын «Һибатулла бин Ахмад бин Муалла бин Махмуд Шуджа ад-Дин ат-Түркістани» десе, Әбул Фида Зайн ад-Дин Қасым ибн Құтлұбұға да «Ханафи ғұламалары жайлы өмірбаяндық деректердің тәжі» атты еңбегінің бір тарауына Һибатулла бин Ахмад ат-Тарази деп тақырып қойғанымен, мәтінінде Һибатулла бин Ахмад бин Муалла бин Махмуд Шуджа ад-Дин ат-Түркістани деп көрсетеді. Ал ғалым Хайр ад-Дин аз-Зирикли «Әл-Ағлам» еңбегінде оның Һибатулла есімінің Түркістани болып көрсетілуін «Һибатулла ат-Тарази Түркістан аймағындағы Тараз шаһарында туған» деп түсіндіреді.
Һибатулла сауатын Тараздан ашып, кейін ислами ғылым орталықтарының бірі – Дамаскіге келіп, білімін толықтырған. Сонан соң Каирдегі мәмлүктерге қоныс аударып, Сұлтан Бейбарыс салған аз-Заһирия медресесінің меңгерушісі болған. Мәмлүктердің төрт мәзһабты тең ұстап, құрмет көрсеткенімен кейбір билеушілердің ата-бабалары ұстанған Әбу Ханифа мәзһабына іш тарта қарағаны белгілі. Һибатулла осы соңғы мәзһаб ғұламалары әл-Баздауи, ат-Тахауи, ан-Насафидің және атақты аш-Шайбани еңбектеріне түсіндірме жазған. Бұл сол дәуірдегі ислами ғылымдағы табиғи құбылыс саналатын. Өйткені, Әбу Ханифа мәзһабының жанданып, шарықтай көтерілуіне Орта Азиялық ғалымдар, қазіргі қазақ жерінде Отырар, Сайрам, Сығанақ, Усбаникет, баласағұндық ойшылдар орасан зор үлес қосты. Һибатулла Тарази солардың алдыңғы қатарында болды. Бұл жайында XII ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми
«Ол білгір, әрі аңғарымпаз, Құранды мәнерлеп оқудың үздігі болатын», – дейді.
Ежелгі Тараз қаласында мешіт, кітапханалардың көп болғанын ескерсек, ойшылдың тарихи мәні бар саяси-әлеуметтік оқиғалардан тыс қалмағандығы күмәнсіз. Оның ислами тұрғыдан тәлім-тәрбие беріп, жергілікті халықтың сауатын ашудағы еңбегі орасан болған. Ортағасырлық ойшыл, тарихшы Әбу Сағд ас-Самани 1122 жылы жазған «Шайырлардың сөздігі» атты еңбегінде:
«Һибатулла ат-Таразидің қолынан Шу мен Талас өңірінің ақсүйектері ғана емес, Түркістан өлкесінде білімге ұмтылған азаматтар да келіп дәріс алатын болған. Оның Әбу Сыддық Ахмад ибн Хасан аз-Занди әл-Бұхари туралы жазған хадисі мұсылман заңынан білім беретін оқу орындарында негізгі оқу құралдарының бірі болып саналады»,– деп ғалымның ағартушылық қасиетіне айшықты баға берген. Тараздағы Һибатулла ат-Тарази мешітінің өкілдері мұндай қажеттілік сол дәуірге байланысты туындаған деседі.
– Һибатулла ат-Тарази ортағасырда Әбу Ханифа ілімін жетілдіруге үлкен үлес қосқан ғалым. Осы бағытта ол бірқатар ойшылдардың еңбектеріне түсіндірме жазумен айналысты. Бұл ретте Ханифа Әбу Абдалла Мұхаммед бин аш-Шайбаниге тоқталуымыз қажет. Ол осы күнгі Иракта туып, ес біліп, етек жапқан соң Әбу мен оның шәкірті Әбу Юсуфтың дәрістерін тыңдаған. Хадис шәріптерді зерделеген. Куфа мен Бағдад мешіттерінде уағыздар айтқан. Мұсылман заңын сөз ететін «Әл-Джамиғ әл-Кабир» («Үлкен жинақ») атты анықтамалық құрастырған. Тараз тарланы осы шығарманың Әбу Ханифа мәзһабын сөз ететін бөлігіне түсіндірме жазған. Бұдан бөлек, ол көрнекті ғалым Әли бин Мұхаммед әл-Баздауидің еңбектеріне кіріспе ретінде «Иршад» («Басшылық») атты еңбек жазып, ортаазиялық даңқты жерлесі Ан-Насафидің «Әл Манара» кітабына түсіндірме жазған. Осыған қарап-ақ, сол кездері мұсылман шәкірттерге арналған түсіндірме еңбекке сұраныс едәуір жоғары болған деуге болады, – дейді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалым Жәпек.
Тараздық ғұлама саналы ғұмырын ілім-білімге арнап, өмірінің соңын Каирдегі аз-Заһирия медресесінде өткізген. Ойшыл өмірінің соңғы күндері жайлы Әбу Мұхаммед әл-Қурайши елеулі естеліктер қалдырған:
«Мұсылман заңгері, тілші, көркем мінезді Һибатулла ат-Тарази үнемі ғылыммен шұғылданатын, қартайғанша шығармаларын жазумен айналысатын, жаттағанын қайталап жүруші еді, білімі көл-көсір болатын. Ол Дамаскіге оралып, фикһ ғылымын Әби Мұхаммад Умар бин Мұхаммад әл-Хаббази Джалал ад-Диннен үйренді, «Әл-Джамиғ әл-Кабирді» ат-Тадж әл-Ашқардан оқыды».
Бүгінде ғалымның «Шарх Ақидатут Тахауи» (Тахауи ақидасына түсіндірме), «Табирутл асрар фи шархи әл-Манар» (Түсіндірмесіндегі сырларды көрсету), «Китәбул Ғұрар» (Таңдаулы өлеңдер кітабы), «Китәб әл-ршад» (Насихат кітабы), «Китабул Мисал» (Мысалдар кітабы) кітаптары Түркия кітапханасында сақталған. Ал оның алғашқы 75 беттік қолжазбасы АҚШ-тың Принстон университеті кітапханасының қолжазба қорында тұр.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді