ЖАМБЫЛДЫҢ ҚАРБЫЗДАРЫ ҚАЙДА?
Әсіресе, қарбызды жазға асыға жетіп, аңсарымыз ауып, шөлеркеп жүріп жейміз. «Қайдан келген, құрамы қандай, сапасын дәлелдейдін сертификаты бар ма?» деген сауалға тіпті бас қатырмаймыз. Қаладағы шағынаудандардағы үй арасында үйілген қарбыздарға ешқандай бақылау жоқ. Сертификат сұрасаңыз, бастарын ала қашады. Ал, қай жақтың қарбызы екенін білгіміз келгенде «Сарыағаш, Шардарадан» деген жауап аламыз.
Негізінен өңірімізде қарбыз өсіретін шаруалар баршылық. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәлімет бойынша жалпы облыс бойынша 159-ға жуық шаруашылық 3459 гектар алқапқа қарбыз дақылын еккен. Жобамен 58,4 мың тоннадан астам өнім алынбақ, орташа өнімділік гектарына 170 центнерді құрайды. Қарастырылған нормаға сәйкес минералды тыңайтқыштар, дәрумендер пайдаланылады. Өнім толық пісіп, сатуға тапсырылған уақытта тиісті сертификаттар алынады. Оның ішінде Байзақ ауданы бойынша қарбыз дақылы 1348 гектар алқапта орналастырылған. Шаруалар қарбызды өсіру үшін тамшылатып суару әдісін қолданады. Минералды тыңайтқыш пайдаланады. Болжам бойынша орташа есеппен 15 906 тонна өнім алу күтілуде. Байзақта піскен қарбыздар тек облыс ішінде сатылады. Сыртқы нарыққа шығарылмайды. Меркі ауданы бойынша барлығы 100 гектар қарбыз егілген. Болжаммен 2500 тонна өнім алу күтілуде. Тамшылатып суғару әдісін қолданады. Минералды тыңайтқыш пайдаланады. Дайын өнімді Астана, Алматы қалаларына жөнелтеді және ішкі сұранысқа байланысты облыс ішінде де сатылады. Ал, Жамбыл ауданында 214 гектар алқапқа қарбыз егілген. Болжаммен 7100 тонна өнім күтілуде. Оларды тамшылатып суғару әдісін қолданып, минералды тыңайтқыш пайдаланады. Жамбылда өсірілген қарбыздар өңір ішінде сатылады. Шу ауданында 1712 гектар алқапта қарбыз дақылы егілді. Болжаммен 30 810 тонна өнім алу күтілуде. Оларды тамшылатып суғару әдісін қолданып, минералды тыңайтқыш пайдаланады. Сату нарығы Алматы, Астана, облыс ішінде. Талас ауданы бойынша 85 гектар алқапта орналастырылған. Барлығы тамшылатып суғару әдісімен егілген. Минералды тыңайтқыш пайдаланады. Биыл 2167,5 тонна өнім алу жоспарлануда. Қарбыз өнімі облыс көлемінде сатылады.
Көріп отырғанымыздай, облыста өсірілетін қарбыз көлемі аз емес. Бірақ, неге бізге Сарыағаш пен Шардарадан ат арылтып жеткен жемістер сатылып жатыр? Бұған ауыл шаруашылығы басқармасы: «Оңтүстік өңірде климат өзгеше. Ол жақта температура жоғары, жаз ерте түседі, тиісінше қарбыз ерте піседі. Жамбылдың қарбыздары піспегендіктен әлі сатылымға шыққан жоқ» деген уәж айтты. Қисынға келетін жауап болғанымен, сырттан келген қарбыздардың сапасына сұрақ көп. Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне осы мәселемен қайырылдық.
– Қарбыз бен қауынға біздің мекеме тарапынан бақылау жүргізілмейді. Біз жемістерді тексере алмаймыз. Біздің санитарлық эпидемиологиялық қызмет қарбыз бен қауыннан жаппай улану болған жағдайда немесе бір отбасы түгел қарбыздан уланған жағдайда, дәлелді материал болғанда, фото немесе видеоайғақ болғанда, тексеріске материал алып келсе, бізге электронды портал арқылы арыз түсірсе немесе аймақтық басқармаға келіп жазбаша арыз берсе ғана жоспардан тыс тексеріс жүргізе аламыз. Нысанды аралап негізсіз тексеріс жүргізе алмаймыз. Ол жұмыспен фитосанитария қызметі айналысады. Олар тікелей қарбыздың құрамын зерттейді, ел аумағына кіргізу мәселесін қарайды, сертификаттарын тексереді. Ал, жаз мезгілі басталғалы бізге қарбыз бен қауыннан улану жағдайлары туралы арыз- шағымдар келіп түскен жоқ, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Қордабайқызы.
Айтылған фитосанитария қызметі жөнінде ақпарат іздеу үшін ғаламторға жүгіндік. Расында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 ақпандағы №205 қаулысына сәйкес «Фитосанитария» РМК Мемлекеттік басқару органы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитеті ретінде жұмыс жүргізеді және ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта ұйымдастырылған екен. Кәсіпорын өсімдіктерді қорғау және карантин, фумигация (зарарсыздандыру) және фитосанитариялық сараптама саласындағы қызметті жүзеге асырумен айналысады. Аталған мекеменің аймақтағы филиалына хабарласқанымызда «мұндай нөмір тіркелмеген» деген жауап алдық. Қазіргі уақытта өңірде сатылып жатқан сырттан келген өнімдердің сапасына кімнің қалай бақылау жүргізіп жатқаны біз үшін әзірге түсініксіз.
ҚАРБЫЗДАН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕЙМІЗ?
Ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке қарасақ, қарбыз өсіру барысында барлық шаруалар минералды тыңайтқыш пайдаланады. Мұның жемістің сапасына әсері болатыны анық. Жыл бойына таңсық болып, сағындырып жеткенде аңсарымыз ауып, құшырлана жеп, шөлімізді қандырғымыз келеді. Алайда дұрыс таңдалмаған, қандай да химикаттардың әсерімен өсірілген қауын-қарбызға тап болсақ, бірнеше апта бойы әбігерге түсеміз. Мұндайды болдырмау үшін сақтық шараларына салғырт қарамаған ләзім.
Қарбыздан уланудың микробтық және микробтық емес деген екі түрі болады. Алғашқы жағдай жемістің қабығындағы немесе ішіндегі бактериялар мен қоздырғыштардың салдарынан болады. Екіншісінде жеміс өсіруде қолданылатын агрохимикаттар мен пестицидтер қауіп төндіреді. Екі жағдайда да уланудың симптомдары ұқсас келеді. Бірақ айырмашылық жоқ емес.
Жалпы, ауруханаларда «қарбыздан улану» деген диагноз сирек қойылады, сондықтан бұл туралы статистика жинау өте қиын. Инфекционист дәрігерлер маусымдық жемістерді жегеннен кейін жедел гастроэнтерит белгілері байқала бастайтынын айтады. Мұндай жағдайлар маусым–шілде айларында, қауын- қарбыз жаппай сатыла бастағанда күрт көбейіп кетеді. Қарбыз жегеннен кейін жағымсыз, кейде тіпті қатты ауырсынулар бірнеше себептерге байланысты пайда болады.
ПЕСТИЦИДТЕР
Пестицидтер – ауыл шаруашылығында зиянкестермен, арамшөптермен және әртүрлі өсімдік ауруларымен күресу үшін қолданылатын агрохимикаттар. Пестицидтер жемісті өсіру үшін көп қолданылғандықтан, адамдар тамақтану кезінде олардың қалдықтарынан улануы мүмкін. Ресейде және әлемнің көптеген елдерінде пестицидтердің айналымы мен қолданылуы қатаң бақыланады. Мамандар пестицидтердің мөлшерін есептеп, құрамын жүйелеп отырады. Қазақстанда мұндай тексерістің жоғын сіз бен біз жақсы білеміз. Әсіресе, қарбыз бен қауын ешқандай сертификатсыз, бақылаусыз саудаланады. Қарбыз көбінесе гүлдену кезеңіне дейін пестицидтермен өңделеді. Сондықтан, өзіңізді қорғау үшін қарбызды дәлелденген жерлерден сатып алыңыз және пышақпен кесер алдында қабығын мұқият жуыңыз.
ҚАБЫҚТАҒЫ БАКТЕРИЯЛАР
Қарбыз басқа бақша дақылдары сияқты жерде өсіріледі. Бұл ішек инфекцияларының кез келген бактериялары мен қоздырғыштары топырақтан қабығына түсуі мүмкін дегенді білдіреді. Екінші қауіп факторы – тасымалдау және сақтау. Далада жиналған сәттен бастап дүкенге дейін қарбыз бірнеше рет қолдан қолға өтеді, тасымалданады және сақталады. Сондай-ақ, қарбызда ауыр металл тұздары пайда болуы мүмкін. Бұл қарбыз қалалық жерлерде дұрыс сақталмағанда, жол бойында ұзақ уақыт бойы соғылып, қолайсыз көлікпен жеткізілгенде пайда болады. Мұндай жағдайда да уланудың алдын алу үшін қарбызды тексерілген жерден алуға кеңес береміз.
БҰЗЫЛҒАН ҚАРБЫЗ
Қарбызда нитраттар мен пестицидтер болмаған жағдайда да ол бәрібір қауіпті болуы мүмкін. Бұл табиғи түрде бұзылып, шіри бастаған қарбыздарға қатысты. Егер қарбыз жарылса, ойық пайда болса, арасына ауа кірсе бұзылып кетеді. Мұндай жағдайларда патогендер қарбыздың тәтті целлюлозасында белсенді түрде көбейе бастайды, бұл улануға әкеп соғуы мүмкін. Кейде қарбыз «ауырады». Мысалы, қабықтың бактериялық некрозы пайда болғанда қарбыздың қабығына қара қоңыр дақтар шығып кетеді. Егер қарбыз кесілген күйі жатса ішінде тотығу процесі басталады. Бұл С дәрумені мен басқа қоректік заттардың жоғалуына, сондай-ақ өнімнің дәмі мен құрылымының өзгеруіне әкеледі. Химиялық реакциялар кесілгеннен кейін бірнеше сағаттан кейін-ақ басталады. Тотығу ащы дәмге және целлюлоза түсінің күңгірт немесе сарғыш реңкке өзгеруіне әкелуі мүмкін. Сондықтан қарбызды кескеннен кейін бірден жеген дұрыс немесе оны герметикалық қаптамада немесе тоңазытқышта сақтаған жөн.
ӨНІМГЕ ТӨЗБЕУШІЛІК
Фруктозаға төзбеушілік сияқты патологияны есте ұстаған жөн деп ескертеді инфекционист дәрігерлер. Қарбыздың қорытылуы сілекей көмегімен ауыз қуысында басталады. Фруктозаның бөлінуі аш ішекте жүреді. Онда фруктоза тасымалданатын ақуыздардың көмегімен сіңеді және метаболизм процесіне араласады. Төзімсіздік жағдайында бұл тасымалдау функциясы уақытша бұзылады немесе мүлдем болмайды, содан кейін дәрігерлер «фруктозаның мальабсорбциясы» деген диагнозды қояды. Нәтижесінде фруктоза тоқ ішекке өңделмеген түрде жетеді. Бұл микробиотаны өзгертеді және ішекте ашыту процесін тудырады. Мұндай жағдайда қарбызды көп мөлшерде жегеннен кейін науқас метеоризмнен зардап шегіп, дәретке тұрақсыз бара бастайды. Қарбыздың келесі қауіпті компоненті – антиоксидант ликопин. Бұл компонент белгілі бір мөлшерден асқанда (30 миллиграмнан астам) асқазан-ішек жолдарында қолайсыздық пен ауырсыну пайда болу мүмкін.
БАСҚА ТАҒАМДАРМЕН ҮЙЛЕСІМСІЗДІК
Кейбір елдерде бақша дақылдары дастарханға ет сияқты экзотикалық комбинациялармен ұсынылады. Бірақ, бұл тым жақсы идея емес. Мұндай комбинация ас қорытуды қиындатып, улануға душар етеді. Қарбызды әсіресе сүт өнімдерімен бірге тұтыну ұсынылмайды. Сондай-ақ, оны алкогольмен біріктірмеңіз, себебі бұл бауырға қосымша жүктеме әкелуі мүмкін.
Қарбыздан уланудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін бір сағаттан екі күнге дейін уақыт кетуі мүмкін. Олардың ауырлығы көптеген факторларға, соның ішінде улану түріне, жасына, салмағына, жеген порция мөлшеріне және қатар жүретін аурулардың болуына байланысты. Қарбыздан уланудың ең көп таралған белгілері: жүрек айну және құсу, диарея, әлсіздік, қалтырау, терлеу, оң жақ гипохондрияның ауырсынуы, қан қысымының төмендеуі, жүрек соғысының жиілеуі, құлақта шудың пайда болуы, аяқ-қолдың көгеруі, дененің суып кетуі, ұйқышылдық, естен тану. Қарбыздағы нитраттан уланған жағдайда науқаста осы белгілердің барлығы болуы мүмкін.
УЛАНҒАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ КӨМЕК
Қарбыздан уланған науқасқа алғашқы көмек бірнеше қадамдардан тұрады. Үйде улану белгілерін жеңілдету үшін не істеуге болады? Алдымен сұйықтықты көбірек ішіңіз. Ол үшін кәдімгі газдалмаған су, жеміс компоттары (шырындар емес) немесе аздап тәттілендірілген су қолайлы. Электролиттік ерітінділер. Дегидратация, яғни, сусызданудан зардап шекпеу үшін су-электролит балансын сақтауға арналған арнайы ерітінділер бар. Бұл суда сұйылтылған ұнтақ немесе тамшылар болуы мүмкін. Соңғысы дәрігердің нұсқауы бойынша немесе стационар жағдайында әзірленеді. Көп құспаңыз. Егер бірнеше сағат бойы тоқтамай құса берсеңіз, көмек сұраңыз. Жедел жәрдемде немесе ауруханада оны тоқтататын арнайы екпе жасалады. Диареяға қарсы дәрі қабылдаңыз. Дәріханаларда бұл дәрілердің балаларға берілмейтінін ескеріңіз. Температураны түсіріңіз. Егер температура көтерілсе, қалтырау және бас ауруы пайда болса, ыстыққа қарсы дәрі қабылдаңыз. Демалуға тырысыңыз. Біраз уақытқа дейін тамақ ішпей қоя тұрыңыз. Сондай-ақ, халық емімен емделуге және алкоголь ішуге тырыспаңыз.
ЗИЯНСЫЗ ӨНІМДІ ҚАЛАЙ ТАҢДАУҒА БОЛАДЫ?
Ең қауіпсіз қарбыз – піскен және зақымдалмаған қарбыз. Мұндай жидектің қабығында жарықтар мен шірік болмауы керек. Өнімнің құрамына сенімді болу үшін сатушыдан сертификат пен зертханалық зерттеулердің нәтижелерін сұраңыз. Қарбыз алып жеуге ең қауіпсіз уақыт – тамыз- қыркүйек айлары. Жаздың аяғында қарбыз табиғи түрде піседі. Қарбыздың піскендігін тексеру үшін алдымен сыртқы түрін бағалаңыз. Қарбыздың түсі жемістің піскендігін көрсетеді. Жасыл жолағы жап-жасыл, ақ жолағы аздап сарылау болуы керек. Қабықта сыртқы зақымданулар, ойықтар мен жарықтар болмауы тиіс. Иісін тексеріңіз. Хош иістің балғындығына көз жеткізу үшін қарбызды кесудің қажеті жоқ. Мұны істеу үшін саусағыңызбен немесе тырнағыңызбен теріні аздап қырып алу керек. Піскен болса шөптің хош иісі шығады. Дыбысына мән беріңіз. Қарбызды аздап шертіңіз. Егер дауысы анық шықса піскен деген сөз. Қарбыздың төбесіндегі жіпшесі сарылау және құрғақ болса піскенінің белгісі, жасыл болса жеуге әлі жарамсыздығын білдіреді.
Егер қарбыздың қайдан келгенін, қалай өсіргенін білмесеңіз, зертханалық сертификаты жоқ болса, бұл қарбызды сатып алу тым қауіпті. Бұл жағдайда тұрмыстық нитрат өлшейтін құралдар тиімсіз. Үй жағдайында тексеру үшін қарбыздың бір тілігін суға салыңыз. Судың түсі аз ғана көмескіленсе, ешқандай қауіп жоқ. Ал күлгін немесе қызыл түске боялса, демек нитраты көп.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді