Жұмыссыздық – қоршаған ортаға әлеуметтік салдары қатты әсер ететін экономикалық құбылыс.
Мәселен, 1930 жылдары АҚШ тұрғындарын есеңгіретіп кеткен жұмыссыздық жайын кеңес халқы КСРО алып держава ретінде әлсіреп, құлауға жақындағанда ғана сезінді. Ол – жүздеген отбасының бұзылуына, мыңдаған тағдырдың бүлінуіне әкеліп соқтыратын өте ауыр құбылыс еді. Көп жағдайда ішімдік пен есірткіге салынуға, күйзеліс пен суицидке, қылмыс пен кедейшілікке себеп болатын жағдай. Сондықтан да бүкіл әлемде кез келген мемлекет жұмыссыздық деңгейін басты назарда ұстамаса болмайды.
Дүние жүзі сарапшыларының пікірінше, жұмыссыздықтың салдары қоғамға едәуір қауіп әкеледі. Жұмыссыздық пайда болған жерде адам еңбегі рәсуа болмақ.
Тәуелсіздік жылдарының алғашқы уақыттарында біздің мемлекетімізде нарықтық экономикаға өту кезеңінде бұрынғы тиімсіз кәсіпорындар мен ауылшаруашылық мекемелерінің жұмысының уақытша тоқтатылып, жабылуына, банкротқа ұшырауына, жекешелендіріліп, қайта құрылуына байланысты құрылымдық жұмыссыздық құбылысы өршігені бәріміздің есімізде.
Содан алғашқы рет 2000 жылы елдегі жұмыссыздар саны 1997 жылғы деңгеймен салыстырғанда 0,2 пайызға біршама төмендеді. Елдегі түбегейлі әлеуметтік- экономикалық реформалар барысында жаңа жұмыс орындары ашылуына, ішкі, сыртқы инвестициялардың көмегімен, бірқатар өндіріс ошақтары мен ауыл шаруашылығының жандануына орай, ауылды қайта өркендетудің үш жылдық бағдарламасына байланысты жұмыссыздық көрсеткіші де біртіндеп табиғи деңгейге түсе бастады.
Қазіргі таңда елімізде жұмысыызың табиғи деңгейі бұрынғыдан да жоғары қарқын алуда. Finprom.kz зерттеуінің мәліметі бойынша 2023 жылдың бірінші тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрапты. Оның алдындағы тоқсанмен салыстырғанда көрсеткіш аса өзгере қоймаған, бірақ бұрнағы жылғы бірінші тоқсанға қарағанда төмендеген.
Қаладағы жұмыссыздар саны бір жылда 0,9 пайызға артып, 278,7 мың адамға жетсе, ауылда 1,2 пайызға азайып, 174,8 мың адамды құраған.
Қазақстан өңірлерінің жартысында жұмыссыздық деңгейі орташа республикалық деңгейден жоғары болғаны туралы нақты деректерге сүйенсек, ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркелген. Жиырма өңірдің алтауында бұл көрсеткіш еліміз бойынша орташа деңгейден төмен. Ең төмені Қарағанды және Ұлытау облыстарында белгіленді, яғни бұл облыстарда 4,2 пайыз шамасында байқалған.
Қалалардағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі 2023 жылдың бірінші тоқсанында Жетісу облысында 5,3 пайыз, сондай-ақ Абай және Жамбыл облыстарының әрқайсында 5,1 пайыз анықталды. Ең аз деңгейі Ұлытауда 4 пайыз Ақмолада 4,3 пайыз және Қарағанды облыстары мен қалаларында 4,3 пайыз тіркелген.
Ауылдағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында, ондағы көрсеткіш 5,5 пайызды құраған. Одан кейінгі орында әрқайсысында 5,2 пайыздан келетін Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Ақтөбе облысы тұр.
Жұмыссыздықтың аз деңгейі Қарағанды облысының ауылдарында байқалған. Одан кейінгі орындарды Павлодар және Абай облыстары еншілеген.
Сонымен қатар, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі ерлерге қарағанда жоғары деңгейді көрсеткен.
Өңірлік тұрғыда ерлер арасындағы жұмыссыздықтың – ең жоғары деңгейі Қызылорда облысында анықталыпты. Одан кейінгі орында Атырау облысы тұр. Осы ретте жұмыссыздықтың аз деңгейі Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында шыққан.
Қазақстан өңірлерінде әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейінен Қарағанды мен Маңғыстау облыстары көш бастап тұр.
2024 жылдың 13 мамырындағы дерек бойынша елдегі еңбек нарығының негізгі индикаторлары 2024 жылғы 1 тоқсандағы жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан үлкен жастағы халық санына шаққанда 64,8 пайызды, жұмыс күшінің санына шаққанда – 95,3 пайызды құраған.
Биылғы жылдың наурыз айының соңындағы Қазақстан Ре спубликасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүрген адам ретінде 68,4 мың адам тіркелсе, 294 мың адам жұмыссыз ретінде ресми анықталған. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 0,3 пайыз өскен.
Әлем елдерінің әлеуметтік әлеуеті, жалпы хал-ахуалы ондағы халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғандығымен де өлшенеді. Экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер кері әсері көп болғандықтан, жұмыссыздықпен күрес әрбір мемлекеттің қашанда басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Негізінен елімізде бұл бағдарламаны жүзеге асыруға тиісті бірден-бір мекеме ол – жұмыспен қамту орталықтары. Бұл орталықтар жоспарлы әрі жүйелі түрде «Мамандықтар жәрмеңкесін» өткізіп отырады. Мәс елен, соңғы деректер бойынша жұмыспен қамту саласында барлығы 31,6 мың іс- шара ұйымдастырылған. 5,8 мың адам кәсіптік оқытуға немесе қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілген. 11,3 мың адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Қалай болғанда да, елімізде жұмыссыздықпен күрес, жұмыссызды жұмыспен қамту жөнінде жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар өзінің оң нәтижелерін беруде. Тек еңбекке деген ынта-жігер болса болғаны, екі қолға бір күрек табылатынына әрбір жұмыссыз адам, жұмыс іздеген, жұмыс істегісі келетін адам өзі ұмтылып ынталанып, сенсе болғаны.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді