Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз кең көлемде мерекелене бастады. Халқымыздың салты мен дәстүрін дәріптеу қолға алынды. Қазақи әдет-ғұрыптарға жаппай назар аударылып, ұлттық тағылымдарға көңіл бөлу үрдіс алды. Отбасы құндылықтары насихатталды. Бала тәрбиесі дұрыстап қолға алынды. Бұл жұмыстар еліміздің түкпір-түкпірінде атқарылған іс-шаралардан көрініс тапты. Соның бірі Қыз сыны байқаулары еді.
Оңтүстік астанамыз Алматының төрінде ұйымдастырылған «Алатау аруы», «Бұрымды қыз» байқаулары республикалық телеарнадан көрсетіліп, композитор Марат Омаровтың «Қыз сыны» атты әсем әні хитке айналған шақты әлі күнге дейін тамсана еске алатынымыз рас. Жер-жерлерде жыл сайын Қыз сынын өткізу дәстүрге айналған.
Ондай байқаулардың бағдарламасы түгелімен де тәлім мен тәрбиеге тұнып тұратын. Оған қатысқан қыздарымыз ата-бабалар тарихынан көп нәрсені үйреніп, кәдімгідей етек-жеңін жиып, есейіп қалатын.
Қазіргі уақытта да бұл конкурстар жиі ұйымдастырылады. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғалы, демократияны арқаланып, жариялылық пен ашықтыққа ашықтан-ашық бой ұрғанымыз соншалықты, қыздарымыздың сынының аты мен атауы «Miss» пен «Misses» деген ханымдар және ханшайымдардың құлын мүшелері мен сұлу мүсіндерін паш ететін байқаудың түріне ұласып кеткен. Баяғы байқауымыздан жұрнақ та жоқ, әні де, мәні де бөлек, мазмұны да, формасы да бөтен. Соңғы кездерде тіпті, арнайы қомақты қаражат бөлетін қалталылардың жекеменшік іс-шарасы болып та кететін осынау конкурстардың біздің қоғамымызға қаншалықты пайда әкеліп жатқанын білмейміз, бірақ, зияны едәуір екенін жүрегіміз сезіп, ішіміз удай ашиды.
Онсыз да іштен шығып, шұбар жылан болған кей ұрпағынан, опа бермеген шіріген жұмыртқаларынан күдер үзіп, жалғаннан түңіле жаздап жүрген қарттарымыздың мұңы мен қайғысы аз ба?.. Ендеше, балауса бойжеткен, жас қыздарымыздың қырық үйден, қала берді күңнен тыйым көрмей, осындай байқауларға қызығып, аш нәпсілі, сұқ көздердің назарына өздерінің тәнін паш етіп ұсынуы қалай? Қаракөздеріміздің осы тақілеттес сән байқауына қатысуы қаншалықты дұрыс?
Тіпті, кәмелеттік жастағы әпкелеріне еліктеп, солықтап өсетін балиғатқа толмаған бастауыш сынып оқушыларының өзі киім үлгілерін көрсетуге, тән сұлулығымен мақтануға бейім болып келе жатқанын неге байқамай жүрміз? Мұндай конкурстардың көксегені не?
Абай хакімнің «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген сөзі қайда қалды?!.
...Жақында журналистика саласындағы әріптесім Нұржан Әліштің facebook парақшасынан: «Ұят-ай» деп басталатын жазбаны көзім шалып қалды.
«Бүгінгі жастар ар-ұяттан безді. Тіпті тәнін тікелей эфирде ашықтан ашық саудалауға көшті. Намыссыздардың осы қылығы ұлтымыздың бетіне жағылған күйе емес пе?! TikTok желісінде осындай тікелей эфир жүргізілуде. Сол эфирде қаракөздеріміз көпшілік назарына ашық-шашық денелерін көрсетіп жатыр. Оны қызықтаушылардың да қарасы қалың. Эфирді жүргізуші көпшілікті ақша салуға үгіттеп, екі қызды тұрғызып-отырғызып олардың тәнін жарнамалай түсуде. Кім көп қаражат аударса, сұлулар соның әмірімен әдемілігін әйгілеумен әлек. Бұл арсыздар біздің жазған пікірлерімізді еш елейтін емес. Бұған не дейсіздер? Ұлттық және адами құндылығымыз ашықтан-ашық аяқасты етілуде. Бұларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа бар ма?» депті ол ашынғаннан.
Бұл сөз мені де мазасыз күйге салды. Екінші жағынан, осыған ашуланып отырған жазба иесіне риза болып, сабырға да келдім.
Риза болатын себебім, жазба авторы менің балаларыммен жасты ұл. Мен үшін бұл баланың өзі де жастардың қатарына жатады. Қазіргі жас ұрпақтың арасында бірінің келеңсіз қылығын келесі бірінің сын тезіне алуының өзі біздің қоғамымыздың рухани адамгершілік пен ар-намыс, ұждан тұрғысынан алға ілгерілеуінің көрінісі іспетті. Ендеше, ағы мен қарасы, ащысы мен тұщысы, ауыры мен жеңілі қашанда қатар жүретін мына фәни дүниенің таразысының басында нашар қылықты адамды жөнге салуға тырысатын көркем мінезді жандардың да бар болғаны да. Соған шүкіршілік етеміз.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді