Қазақтың тұңғыш антропологын танисыз ба?

Қазақтың тұңғыш антропологын танисыз ба?
Ашық дереккөз
Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңді тарихшылар қазақ тарихындағы қанды дәуір деп сипаттайды. Иә, ол тар кезең талай асылдарымызды жалмады, тұтас ел зұлматты жылдардың бейкүнә құрбанына айналды. Бұл біздің тарихымыздағы пышақтың жүзімен кесіп тастасаң да, қара топырақпен көмсең де жасыра алмайтын аса ауыр кезең еді. КСРО билігі зұлматты жылдардың зардабын ресми мойындамай кетсе де тарих бетіндегі елімізге қасақана жасалған қастықты әшкерелеген, тіпті заманның тарлығына қарамастан бүтін қазақтың тап осы территорияда елу ғасырдан бері өмір сүріп келе жатқанын ғылыми тұрғыда дәлелдеген азаматтар арамызда әлі бар. Солардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов.

Менің зор бақытыма орай, 93 жасқа келсе де ғылымға деген адалдығынан айнымаған, бір өзі бір институттың жүгін арқалаған ғалым Оразақ Смағұловтың мемуарлық кітабын жазу мүмкіндігі бұйырды. Бұл оқиғаны үнемі «тіршіліктің лебі мені алып мұхитқа айдап әкелді» деп сипаттаймын. Кітапты жазу жұмыстарына кірісерде бұл шаруаның жауапкершілігін, кейіпкерімнің ию-қию ғұмырындағы қалтарыс-бұлтарыстарды тарқатып жазудың қиыншылығын аса сезінбеген едім. Қарияның алдына диктофонымды құшақтап, олпы-солпы қалпымда, бала көңіліммен, әр қадамымды нық басып ентелей жетіп бардым. Тоқсаннан асқан ақсақалдың екінші қабаттан ешкімнің көмегінсіз бір өзі ақырын, аса сақ қимылмен түсіп келе жатқанын көргенде таңданысымда шек болған жоқ. Бірақ, журналистік әдепке салып, барынша байыпты болуға тырыстым.

Қарт кісінің дауысы бәсең. Ал, әңгімесінің салмағы тым ауыр еді. Бала күннен үлкендердің әңгімесіне құмартып өскендіктен бе, кейіпкерімнің аңызға бергісіз өмірінің әр мезетінен өз ұлтымның тарихын танып, КСРО тұсындағы елге жасалған қастандықтардың ауыртпашылығын тереңінен сезіндім.

Оразақ ақсақал өз анасын танымайды екен. Көмескі бейнесі жадында да сақталмаған. 1933 жылғы аштықта анасы оны емізіп отырғанда жан тәсілім еткен. Жансыз ананың омырауынан нәрсіз сүт емген бала Оразақтың санасында «анамды жалмаған КСРО-ның қан- қасап идеологиясы» деген түсінік ес білгеннен қалыптасады. Осылайша ол кертартпа кезеңнің қасаң қағидаларымен күрес жолын ерте жастан бастайды. Балалық шағы ашаршылық пен екінші дүниежүзілік соғыстың салқынына тұспа-тұс келген ол, сорпа орнына қара суға пияздың қабығын қайнатып ішсе де ішкі жігерін сөндірмейді. Сарышұнақ аязда үсіп кетпеу үшін, асқазаны қабырғасына жабысып қалмау үшін тапқанын талғажау етіп, ағайынның ортасында, өгей шешенің озбырлығына да сынбай әйтеуір ер жетеді. Ересек өмірдің қоңырауы қағылғанда ашаршылықтан аман қалған бозбала Оразақ атасы мен әкесінің ақ батасын алып сонау Қостанайдан Алматыға аттанады. Алматыға табаны тиген күні емтиханның соңғы күні екенін естіп, бұйырған тарих факультетіне құжаттарын өткізеді. Сынақтан сүрінбей өтіп, студент атанады. Ал, антропологияға бет бұруының өзі бір хикая. Тарих факультетінің студенттері жыл сайын археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. Экспедициялардың бірінде қазып алынған адам сүйектері студент Оразақтың қызығушылығын тудырып, кейіннен медицина университетіне барып, кешкі уақытта оқуға рұқсат алады. Осылайша негізгі мамандығы тарих пәні болғанымен де ол бір оқпен екі қоян атып, адам сүйегінің бар құпиясын біліп шығады. Университетті тәмамдаған соң Мәскеуге аспирантураға түсуге құжат тапсырып, бір жыл уақыт создырып алады. Себебі, ол заманда аспирантураға түсудің де машаһаты аз емес. Қостанайға оралып бір жыл мұғалім болып, бала оқытып, қолға шақырту түскенде Алматыдағы бес жылда бар болғаны екі шалбар, үш көйлек қана тоздырған Оразақ тұрмыстың ауыртпашылығына қарамастан Мәскеудегі этнография институының антропология бөліміне аспирант болып қабылданады. Вульф Гинзбург, Максим Левин, Георгий Дебец сынды кейіннен жүйенің жүгенсіздігінен қысым көріп, жер аударылған алпауыт ғалымдар Оразаққа қамқорлығын аямайды. «Қазақтан да бір антрополог шықсын» деп риясыз, шынайы емеурін танытады. Тіпті, Мәскеудегі аспирантурада оқып жүрген жылдары ғылымға енді қадам басқан Оразақ Смағұлов орыстың ұлы ғалымы Михаил Герасимовке шәкірт болады.

Алайда, ғылымға жаңа қадам басқан ғалымның шырағын жаққан қазақтың біртуар ұлы, геолог Қаныш Сәтбаев еді. Бұл туралы ақсақал өзінің «Өмірімнің мәні мен сәні» атты мемуарлық кітабында ерекше тебіреніспен баяндайды: «Қаныш Имантайұлының жанашырлығы болмағанда мен өз саламда тың жаңалық ашып, ерлік жасай алмас едім. Аспирантураға түскен адам ғылыми диссертация қорғауы керек. Тақырыпқа байланысты біраз талас жүрді. Институттағы ұстаздарым: «Қазақстаннан антропологиялық тақырып бойынша материал жоқ. Сондықтан антропологиядан мамандық алып шығу үшін зерттеу тақырыбың басқа болады» деді. Шәкіртақыны Қазақ Ғылым Академиясы төлейтіндіктен, мұны естіген олар шалқасынан түсті. «Жоқ, біз стипендия төлейміз, демек, маман да Қазақстан тақырыбы бойынша жазуы керек» дегенді алға тартты. Ал, елу ғасырлық тарихты зерттеу үшін қола дәуірінен бастап, осы күнге дейінгі қазақтардың сүйектері керек. Сол дәуірден бастап жиналған қырық ғасырлық палеоантропологиялық сүйектерді бүгінгі қазақтың сүйектерімен салыстырайық десек ондай көне сүйек жоқ. Қызылордада және біздің мединститутта патша заманынан қалған оншақты сүйек бар екен. Бірақ, онда қырғыз деп жазылған. Ол сүйектердің не қырғыздікі, не қазақтікі екенін ешкім ажырата алмайды. Әрі он сүйекке қарап қазақтың елу ғасырлық тарихын зерттеу – абсурд.

Сондықтан жобама жетекшілік етпек болған Георгий Дебец: «Мәскеуде Ғылым академиясы басшыларының жиналысы болып жатыр. Сендердің академияларыңның президенті де осында болуы керек. Тауып алып, сөйлесіп, жағдайыңды айт. Әйтпесе тақырыпты орыс казактарынан берейік» деді. Мен бірден Қаныш Сәтбаевты іздеуге кірістім.

Әдетте ғылыми жиынға келгендер «Москва» қонақ үйіне аялдайды. Кіреберісте тұрған әкімші қыздан «Сәтбаев қай нөмірге тоқтады?» деп сұрап алдым. «Алтыншы не жетінші қабатта, бірінші бөлме» деді. Кеш барған екенмін, «мазаламайын, ертең келем» деп кетіп қалдым. Келесі күні сол бөлмеге барсам ұзын бойлы келген, ашық қоңыр түсті костюм киген қазақтың жігіті отыр екен. Қаныш ағамыздың хатшысы болып шықты. Келген жайымды айтып едім, «ол кісі әлі келген жоқ, дәлізде күте тұрыңыз» деді. Күтіп отырдым.

Жарты сағаттың шамасында ұзын шапан киген, аяғын сүйрете басып, шаршап келе жатқан Қаныш атамды көрдім. Жанымнан өтіп кетті. Қасына барып амандастым. Жарты сағаттан соң мені шақырды. Мен де оны бірінші рет көріп отырмын, ол да менімен алғаш жүздесуі. «Қазақстанда мұндай мамандықты даярламайды, бірақ өз бетіммен ізденіп, емтихандардан өттім. Тек тақырып жағы қиын болып тұр. Мен ежелгі және осы заманғы адамдардың қаңқа сүйектерін зерттеумен айналысайын десем, бүгінгі қазақтардың сүйектері жоқ» деп жағдайымды айттым. Сосын Қанекең: «Онда мен де саған бір талап қоямын. Қазақстанда 30- 40 ғасыр бұрын кен игеру мақсатында біраз жер қазылған. Соларды кім қазды екен? Біздің ата- тегіміз болып табылатын тұрақты тайпалар ма, әлде сырттан келіп қазды ма? Маған да осыны анықтау керек болып тұр» деді. Осылайша менің барлық әңгімемді тыңдағаннан кейін: «Сен экспедицияға дайындала бер, бір жетіден кейін хабар келеді», деді.

Ол ізінен ерген жастарға өте жанашыр болды. Осы жасымда менің алдыма бейтаныс жас студент келіп «антрополог боламын» десе оған сенер-сенбесім белгісіз. Ал, Қаныш Сәтбаев маған сөзсіз сенді.

Этнография институтының директоры Сергей Толстов есімді азамат болатын. Ол кісі шақырса профессорлардың бәрі кабинетіне сүрініп- қабынып, дүрлігіп жетіп баратын. Үш күннен кейін мені шақыртыпты. Мен «не бүлдіріп қойдым екен?» деп уайымға салындым. Барсам, маған телеграмма ұсынды. Сәтбаевтың атынан екен. Телеграммада: «Смағұловқа үш айға 12 мың рубль ақша, жүк машинасы, төрт жұмысшы бөлінеді, Алматыға келіп экспедицияға кіріссін» делінген екен».

Оразақ Смағұлов осы экспедицияға аспирантураны тәмамдаған соң да он шақты жылын сарп етті. Айтпақшы, аспирантурада білім алып жүріп, өзінің аяулы жары Мәрияммен танысып, табысады. Мәриям Оразақ ақсақалдың ғылымда үзеңгілесі, жанұяда сүйікті жары, қос қызы Айнагүл мен Зәурешке тамаша ана болып, өзі де ғұмырын химия саласымен байланыстырған жан. Қазақтың тегін танытқан экспедициядан ғалым 1958 жылы қыстың күні оралады. «Өлгендердің сүйегінен мүлде қорыққан жоқпын. Мәйітханада жұмыс істегенімде жиған тәжірибемнің пайдасы тиді. Шынымен адамдардың сүйегі, аяқтары, сіңірлері әлі шірімеген, үзілмеген екен. Кейбіреулері киіммен көмілген. Өлгендерді апарып жыраға көме берген. Кейбіреуінің қалтасынан патша заманының күміс тиындары табылды. Кейбіреулерінің қалтасынан 1896-1898 жылы Қазанда басып шығарылған Құранның үлгілері шықты. Алайда, бұлардың ешбірін өзімізбен алып кеткен жоқпыз. Сүйектермен бірге қайта көмдік. Себебі, біздің негізгі зерттеу нысанымыз – қаңқа сүйектер. Ал, табылған бұйым заттар іске алғысыз жағдайда болатын. Жиналған сүйектерге құжат толтырғанда «мал сүйегі» деп жаздым. Адам сүйегі десек, эпидемиологиялық анықтамаларды қажет етеді де, кедергілерге тап боласың. Содан Балқаш пен Қарағандыдағы теміржол бекеті арқылы Ленинградтағы Кунсткамераға жіберіп отырдым», – дейді ғалым кітабында.

Енді ғалым өзі айтып отырған «ғұмырының мәні мен сәніне» ойысайық. Сөзсіз Оразақ Смағұловтың өмірінің мәні де сәні де – ғылым. Тарқата айтқанда, антропологиямен табанды түрде айналысқанының арқасында қол жеткізген ұлт тарихына қатысты маңызды деректер. Оқырманға аталған ғылыми жаңалықтың негізі түсініктірек болу үшін Оразақ Смағұловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» атты мемуарлық кітабынан үзінді келтіріп отырмыз.

«Археологиялық зерттеулерге сәйкес, адамдар Қазақстан аумағында палеолит дәуірінен бастап белгілі деңгейде шаруашылық жүргізе бастаған. Оған осы дәуірге жататын археологиялық мұралар дәлел. Бұл аймақта адамның шаруашылық және мәдени қызметінің дамуы тас дәуірінен қола және темір дәуіріне дейін кезең-кезеңімен жүзеге асып отырған.

Соңғы жарты ғасырдан астам уақытта біз физикалық антропологияның бес бөлімі бойынша (соматология, одонтология, серология, дерматоглифика және краниология) қазақ халқының бұрынғы субэтникалық құрылымын анықтау үшін бес мыңнан астам қазақ популяциясын бір уақытта зерттедік. Қазақ популяциясына физикалық антропология бойынша жиынтық және салыстырмалы талдау жүргізілді. Ежелгі ата-бабаларымыз, яғни қазақ даласының тұрғындары мен қазіргі қазақтар арасындағы тікелей сабақтастықты топ ішілік және топ аралық талдаулар анық көрсетті.

Осы зерттеулердің негізінде қазіргі қазақтарды популяциялық-генетикалық тұрғыдан аумақтық топтарға және субэтникалық құрылымдарға (жүздерге) бөлу мүлдем қисынсыз. Себебі, олар – гомогенді, яғни біртекті. Жалпы алғанда, қазіргі қазақ халқы толық қалыптасқан біртұтас және біртекті этноантропологиялық қауымдастық болып табылады. Бұл зерттеулер Қазақстанның ежелгі тұрғындары негізінде оның антропологиялық келбеті мен терең тарихы дәуірлер мен ғасырлар бойы үздіксіз дамып келгенін дәлелдейді».

Ғалымның қазақ халқының тегіне байланысты жүргізген зерттеулері мұнымен шектелмейді. Бір ғана ғылымның бес бағыты бойынша кешенді жұмыстар жүргізген Оразақ Смағұловтың ғалым әрі тұлға ретіндегі болмысын ашуда мен мына дүниелерге ерекше таңдандым әрі айрықша мән бердім.

Біріншіден, ғалым анасынан жетім еткен КСРО-дағы қисынсыз қатал жүйеге жастайынан қарсы болды. Қарсылығын партияға мүшеліктен бас тарту арқылы білдіреді. Ол заманда партиялық билетті жоғалту, партиядан шығып қалу – өліммен тең, абыройсыз қалумен бірдей. Міне, осыған қарамастан ғалым өзінің ғылыммен тығыз байланысты жолында өлшеусіз еңбек қалдырды. Әлі де ғылыммен табанды түрде айналысып келеді. Бұл ғалымның ішкі рухының мықты екендігін айғақтайды.

Ғалым 1977 жылы «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегін жарыққа шығарып, сол жылы осы еңбегі үшін қудалауға ұшырайды. «Үш айдан соң орталық комитеттің бұйрығы бойынша кітапты жинап алып, Ғылым академиясының ауласында өртеп жіберді. Он жыл бойы көз майымды тауысып, 25 мыңға жуық адамның қанын алып, аптап ыстықта ол қанды сақтайтын мұздатқыш іздеп сандалған кездерім көз алдыма келді. Ауылдарды жаяу аралап, неше түрлі бейнет көріп жасаған еңбегіңнің тапа тал түсте қызыл отта жанып, күлге айналғанына куә болу өмірімдегі ең ауыр сәттердің бірі болды», – деп жазады ғалым. Осы ауыртпашылықтың салдарынан ғалым қант диабетіне шалдығып, жылдар бойы күтіммен жүруге мәжбүр болады. Бірнеше жыл ғылымнан шеттетіледі. Алайда, мұның өзі оның ғылымға деген сүйіспеншілігі мен адалдығын аяқ асты ете алмайды. «Мұндай кертартпалықтың әрқайсына мән бере берсем зерттеулерімді кім жүргізеді? Алдымда қашанда ұлтымның тегін, қайдан шыққанымызды, кім екенімізді анықтау деген үлкен мақсат тұрды. Мұндай ұсақ әңгімелерге қуатымды сарқығым келген жоқ», – дейді ғалым бұл турасында.

Ғалым өзіне аштықта көз жұмған әр бесінші қазақ үшін қызмет етуді басты ұстаным етіп алады. «Зұлмат жылдары ажал құшқан әр қазақ тірі болғанда бүгінде санымыз елу-алпыс миллионнан асып жығылар еді» деген өкініш сезімін үнемі білдіріп отырады. «Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде туған халқымның көрген азабы – менің тоқсан асқан тағдырыма айрықша таңба қалдырған оқиға болды. Адам жалғызілік күй кешіп, өз даралығымен бұйығы өмір сүруді таңдаса да өзінің тамырынан ажырай алмайды. Менің тамырым – қазақтығымда», «Бүгінгі таңда еліміздегі перзентханаларда күн сайын дүние есігін ашып жатқан әрбір нәресте осы өмірге өзінен бөлек бес бірдей қазақтың арманын арқалап туады. Ол сәби ержеткенде аштықта әділетсіз өлім құшқан әрбір бес қазақ үшін білім алуы керек, әрбір бес қазақ үшін еңбек қылу керек, әр бес қазақ үшін бақытты болуы тиіс», – дейді ғалым.

Ғалымның қазақтың тарихын танытудағы еңбектері ерен. Мәселен, Оразақ Смағұлов тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи тұлғаларымыздың сүйегін іздеуге көп уақытын сарп етті. Оның бірі – Абылай ханның сүйегі. Қазақтың ұлы ханының қабірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішінде болғанымен де ғылыми тұрғыдан кереғар келетін тұстары аз емес еді. Ғалым осы жайға бар ынта-шынтасымен кірісіп, кешенді түрде талдаулар жасай бастайды. Тіпті, Қытайдағы жазба деректерді ақтарып, кейін бабамыздың сүйегіндегі ерекшеліктермен салыстыру үшін Абылай ханның қабірі деген жерді ашқызып, қателеспегеніне көз жеткізеді. Бұл жұмыстың нәтижесінде Оразақ Смағұлов қызы Айнагүл Смағұловамен бірігіп «Абылай хан: тарихи-антропологиялық зерттеу» атты кітап жазып шығады.

Оразақ Смағұлов зерттеген тағы бір тұлғамыз – Әйтеке би. Әйтеке бабамыздың сүйегі қайда жатқаны белгілі. Тек оның бас сүйегінің антропологиялық бейнесі жасалмаған еді. Оның бастамасымен 2006 жылы Әйтеке бидің бас сүйегі Герасимов атындағы антропологиялық зертханаға жіберіліп, кейін қайта жерленді. Бабамыздың басына 2007 жылы Қазақстанның тікелей қолдауымен жаңа мазар салынды.

Ғалымның ғылыми-зерттеу нысаны болған тағы бір бабамыз – Қобыланды батыр. Қобыланды батырдың сүйегін белгілі ғалым Ноэль Шаяхметов тапқан. Ноэль Шаяхметовтің үйінде ұзақ сақталған сүйек Қобыланды бабамыздікі еді. 2000 жылы ол өзінде сақталған бірталай сүйекті Орталық мемлекеттік музейдегі Оразақ Смағұловтың зертханасына әкеліп тастайды. Бес жыл өткен соң Ақтөбе облысының әкімдігі «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында баба сүйегін қайта қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болып, зерттеу жүргізуге ұсыныс білдіреді. Ұсынысты Оразақ пен қызы Айнагүл қуана қабыл алып, Қобыланды батырдың сүйегі табылған Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылындағы мазардан сүйек қалдықтарын алып, зертханадағы сүйекпен салыстыра отырып, екеуінің сәйкестігін анықтайды. Тиісінше Герасимов зертханасында батырдың антропологиялық бейнесі жасалады. 2006 жылы батырдың сүйегі қазып алынған орнына қайта жерленеді.

Оразақ Смағұловтың әйгілі ғалым Михаил Герасимовпен достық, әріптестік қарым- қатынасы да аңызға бергісіз. 1960 жылдың аяғында ол Мәскеуге іссапарға барады. Барған соң түнейтін жер іздеп, бірталай қонақ үйдің есігін қағады. Қолында доллары бар шетелдіктерге ғана орын бар. Ал, жергілікті азаматтарға орын жоқ. Күн батуға таяйды. Қайда қонарын білмей, басы қатады. Содан барар жері қалмаған соң Герасимовтың лабораториясына барады. «Михаил Михайлович, қонатын жер таба алмадым. Вокзалға барып түнейтін сияқтымын» деп күрсінеді. Сонда ол: «Оразақ, вокзалды қайтесің? Осы зертханадағы диванда жата бер. Қыздар саған бәрін дайындап береді. Бәрібір күндіз осы жерде жұмыс істейсің. Түнде осында қона беруіңе болады. Оның үстіне мұнда жалғыз емессің, сенімен бірге орыстың Иван Грозный патшасы бірге түнейді. Тек ол қорапта, ал сен диванда ұйықтайсың» дейді. Расымен ол кезде Герасимов Иван Грозныйдың басына реконструкция жасап жатқан екен. О.Смағұлов та орыс патшасының сүйектерін өз қолымен ұстап, зерделеп шығады. Аты патша болғанымен, заты қарапайым сүйек. Сүйек атаулыны жұмыс нысаны ретінде қабылдап үйренгендіктен қаңқа сүйекпен бір жерде түнеуге қорықпайды...

«Зертханада бір аптадай түнеп шықтым. Түсіме орыстың патшасы кірсе екен деп тіледім. Өзімше сұхбаттасқым келді. Бірақ, кірген жоқ. Түсіме кірмесе де кейде орыстарға «сендер менімен байқап сөйлесіңдер, мен сендердің бұдан бес ғасыр бұрын қайтыс болған Грозный патшаларыңмен бір бөлмеде қонған адаммын» деп қалжыңдаймын. Олар маған таңғалады. «Енді өзімен болмаса да сүйегімен жаттым» деймін. «Аруағымен жаттым. Сонда маған Иван Грозныйдың кейбір қасиеттері қонды. Маған бірдеңе істейтін болсаңдар, қисайып қалуларыңыз мүмкін» деймін. Ғылым саласында жүргенде осындай қызық оқиғаларға тап боласың», – деп жазады ғалым өз естелігінде.

Кейде тоқсан асқан қарияның осындай жігері мен ұлтына деген махаббатына сүйсініп отырып, бүгінгі өз әрекеттерімізге, өмір сүру салтымызға қарап әрі-сәрі күйге түсемін, ұяламын… Бес қазақтай еңбек етіп, тер төгу біздің қолымыздан келе ме? Бұл үлкен сұрақ. Ал, мұның сыры неде? Қазақтың тұңғыш антропологы, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Оразақ Смағұловтың «Өмірімнің мәні мен сәні» атты мемуарлық еңбегінен осы сұрақтың жауабын тереңінен сезіне отырып табасыз. Оған еш шүбәңіз болмасын. Ал, қазақтың расында қазыналы қариясы, ғасырмен үндес, бабалармен рухтас азаматы Оразақ Смағұловтың жігерін әрбір замандасыма тілер едім…

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар