«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дихандар дәулетін еңбекпен еселеген Дархан

Дихандар дәулетін еңбекпен еселеген Дархан
Ашық дереккөз
«Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, қашанда жұмысы алға басқан шаруашылықтың бірі – Дархан Әбдірахманов басқаратын «Қуан және Д» шаруа қожалығы. Жамбыл ауылдық округінен ашылған шаруашылықтың қазіргі жетістіктері көңіл қуантады. Әрине, кез келген істегі оң нәтиже – еңбекқорлық пен ізденістің жемісі.

Бұл қожалықты Дархан Өмірзақұлы 2004 жылы бар болғаны 21 жасында ашқан. Жас жігіттің бұлай тәуекел етуі нағыз батыл қадам! Сол кезде шаруашылықта 30 сиыр, 5 гектар егістік жер болған. Бірақ, жердің көлемі аз демесеңіз, шаруашылық төрағасының мақсаты көп, үміті үлкен болатын. Сол мақсат алдаған жоқ. Дархан тынымсыз еңбектің арқасында біраз белеске шықты. Қазіргі таңда шаруа қожалық сапалы техникамен, жаңа қондырғылармен қамтылған. Тынымсыз 6 трактор жаңа және заман талабына сай. Егістік жердің көлемі де қазір едәуір ұлғайған. Қазір аталған шаруашылықта 70 гектар қант қызылшасы, 50 гектар бидай, 50 гектар арпа өсірілуде.

Қант қызылшасы өсіріліп жатқан алқап Кентау қаласында құрастырылған қондырғы арқылы жаңбырлатып суарылады екен. Аталған қондырғының құны – 41 миллион теңге. Жақында қызылша алқабын екінші мәрте суару жоспарланған. Қызылша алқабына жаздай оншақты мәрте су қажет көрінеді. Төраға жаңа қондырғының көмегімен ол жұмысты сәтті атқарып шығатынына сенімді.

Қазақта: «Ексең – орасың, берсең – аласың» деген сөз бар. Әрине, бұл сөздің шаруаға ден қойған еңбеккерлер үшін де маңызы мол. Мұндағы сушылар мен механизаторлардың жалақылары көңілдерінен шығады. Атап айтқанда, тракторшының айлық жалақысы 400 мың теңге. Ауылда тұратын азамат үшін 400 мың теңге қомақты табыс. Сондықтан болар, механизаторлар Полатдин Исмайлов, сушы-механизатор Риннатдин Исмайловтың жүздерінен адал еңбекке деген құлшыныс пен шаттықтың лебі еседі. Ал, тракторшылар Қуаныш Баубеков пен Қуаныш Өмірзақ та науқандық жұмыстардың басында жүр. Олардың да еңбекке ынталары жоғары. Істің көзін тапқан, қажетті іске мол қаражатын жұмсай білген шаруа қожалықтың жұмысы бір жүйеге түскені байқалады. Қожалық төрағасы Дархан Әбдірахманов:

– Шаруа қожалықтың жұмысын жүргізу оңай емес. Жиырма жылдан бері осы істің басы-қасында жүрсем де, әлі үйренеріміз көп. Бастысы – еңбеккерлердің жалақысын жақсы төлеп, олардың материалдық жағдайын жасау. Еңбеккерді қажеттілігімен толық қамтымай, олардан жұмыс талап етудің өзі ұят. Сондықтан, тракторшылар мен жұмысшыларға көңілдерінен шығатын жалақы тағайындадық. Ал, олардың жұмыс қарқындары өте жоғары. Осы шаруашылықтың жұмысын бірігіп, ынтымақпен жолға қойып жатырмыз. Әзірге барлығы жоспар бойынша жүзеге асуда. Қиындығы мол болса да қант қызылшасын өсіруді қолға алдық. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын ашу ойымызда жүр. Сол жерде 200 басқа дейін жылқы мен бұқа бордақыласақ деген ниет бар. Қазіргі таңда 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Одан бөлек маусымдық жұмысқа да ауыл тұрғындарын тартамыз. Келешекте мал бордақылау алаңын ашсақ, тағы 5 тұрақты жұмыс орнын ашуымыз мүмкін. Оның жүзеге асуы уақыттың еншісінде. Біздің қожалықтың қазіргі жетістіктері де – ауыл шаруашылығын қолдауға қосылған үлес деп білеміз, – дейді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар