Егінге алғаш орақ салған қожалықтың бірі Тоғызтарау елді мекеніндегі «Сарымырза» ауыл шаруашылығы кооперативі. Кооператив төрағасы Жұмағали Асылбековтың айтуынша, биыл шаруашылық 154 гектар алқапқа арпа сеуіпті. Егіні пісіп, оруға келген. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан кооперативтің техникасы сайланған. Алқап басында жоба шеңберінде несиеге алған «Беларусь» тракторы мен ауыл шаруашылығы тіркемелері іске жарап тұр.
Аталған шаруашылықтың жұмысымен танысқан аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы бүгінгі күні бұл кооперативтің шаруасы жанданып, жыл санап аяғынан тұрып келе жатқанын айтты. Жалпы, кооператив ондаған ұсақ шаруа қожалықтың басын біріктіріп, бірлесе жұмыс істеуде. Екі комбайннан құйылған дәнді олардан қалыспай тиеп алып жатқан жүк көліктері қырманға тасымалдауда. Шаруашылық бірнеше күнде бұл алқапты орып, басқа шаруа қожалықтарға көмекке бармақ. Ал орылып жатқан арпаның өнімділігі орта есеппен 12 центнерден айналуда екен.
– Қазір шаруалар аса маңызды науқанды бастан өткеріп жатыр. Егінді шашпай-төкпей жинап алу да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Оған шаруалар тыңғылықты дайындықпен келуі керек. Бүгінгі кооперативтің егін басындағы жұмысына көз қуанып, көңіл толарлықтай. Мемлекет басшысының да алдымызға қойып отырған талабы ұсақ шаруа қожалықтардың басын қосып, ірілендіру. Бүгінгі күні игілігі мол іс «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылу үстінде. Техникасы жоқ көптеген ұсақ шаруа қожалық кооперативке мүше болып кіріп, бірлесе жұмыс істеудің тиімді екенін түсінді. Жобаға енген ауылдық округтерде ұжымдық жұмыс қалыптасып келеді, – деді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
«Ауыл аманаты» жобасымен жұмыс істеп жатқан Өрнек ауылындағы «Өрнек даму» ауыл шаруашылығы кооперативі де егінге жаңа орақ салыпты. Бүгінгі таңда кооператив техникасы өздеріне мүше болып енген шаруа қожалықтың егіс алқаптарын оруға, дәнін жинасуға көмектесуде. Жалпы, шаруашылық бұдан бөлек 30 гектар алқапқа қант қызылшасын орналастырған. Бүгінде балтамыр алқабы жайқалып тұр. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың айтуынша, биыл аудан шаруалары 1580 гектар алқапқа қант қызылшасын орналастырып, баптау үстінде. Ауа райының жауын- шашынды әрі салқын болуы тәтті түбірдің тез бой алып, түп салуына демеу болыпты.
– Биыл 30 гектарға арпа, 50 гектарға жоңышқа, 30 гектарға тәтті түбір орналастырдық. Қант қызылшасының «Конвиза», «Рекордино» сұрпын таңдаған болатынбыз, шығымы жаман емес. Ақ егіске осы апта орақ салуды көздеп отырмыз, – деді кооператив төрағасы Жаныс Амалов.
Ал кооперативке қарасты «Әулиетал» шаруа қожалығы 10 гектар алқапқа қауын-қарбыз егіп, баптау үстінде. Қожалық жетекшісі Жойшыбек Оспанов Саза каналы арқылы алқапты ылғалдандырып отырғанын айтты. Өнімін алдағы уақытта жинап, одан қақ дайындағалы отыр екен.
Қос ауыл шаруашылығы кооперативінде болған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы диқандардың жұмысына сәттілік тілеп, егін орағын уақтылы аяқтауды тапсырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Асфальтталған көшенің сапасы көңіл көншітпейді
- 3 қазан, 2024
Жүйелі жұмыс жол сапасын жақсартады
- 3 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді