«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сақтыққа салғырт қарамаңыз!

Сақтыққа салғырт қарамаңыз!
Ашық дереккөз
Бүгінгі таңда облыс аумағында халқы тығыз немесе оларға тікелей жақын орналасқан, қолжетімді және шомылуға жарамды 120-ға жуық су айдыны бар. Жаз мезгілі бастала салысымен айдындарда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі артады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері төрт адам суға кеткен. Ал шомылу маусымы басталғаннан бері ешқандай жазатайым оқиға тіркелмепті. Статистика көрсеткендей, судағы оқиғалар көп жағдайда адамның кінәсінен, өзіне деген сенімділіктің, өз күштері мен мүмкіндіктерін асыра бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан болады. Өкінішке қарай, суға батып қаза тапқандардың басым көпшілігі 19 жастан 45 жасқа дейінгі еңбекке жарамды және жүзу қабілеті бар азаматтар.

Мәслихаттың шешімімен облыс аумағында 189 орында шомылуға тыйым салынған. Ал, облыс әкімінің қаулысымен су объектілерінде шомылуға рұқсат берілген 13 орын белгіленген. Өз кезегінде аталған 13 учаскеде 7 коммуналдық және 5 жеке жағажай бар. 7 жағажайда су айдынының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ 5 құтқарушы-жасақ оқытылған. Демалыс орындарының иелерімен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзара ынтымақтастық туралы әңгімелесулер жүргізілген.

Тараз қаласының, Талас, Сарысу және Шу аудандарының аумағында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдеу үшін стационарлық және мобильді бекеттер қойылды. Департаменттің аппараты мен ауысымнан бос құтқару бөлімшелерінің есебінен күн сайын сағат 13:00-ден 19:00-ге дейінгі уақыт аралығында шомылуға жабдықталмаған акваторияларда рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.

Ағымдағы жылы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері үкіметтік және аумақтық деңгейде ведомствоаралық мемлекеттік комиссиясы мен Жамбыл облысының төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының отырысы шеңберінде қаралды. Оның қорытындысы бойынша су айдындарында адам өлімінің алдын алуға бағытталған шаралар кешені әзірленді.

Су мен оттың салдарынан болатын апаттық жағдайларды үнемі алдын алу мүмкін емес. Мәселен, биыл алты ай ішінде облыс аумағында 330 өрт тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапқан. Апаттан болған материалдық шығынның көлемі 53 миллион 810 мың теңгені құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 20 пайызға, адамдардың өлімі болуы 2 есеге және жарақат алғандар саны 20 пайызға азайды.

Көбінесе электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, тұрғындардың отты пайдаланудағы абайсыздығы, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, балалардың отпен ойнауы сынды жағдайлар қайғылы оқиғаларға әкеп соғады. Биыл өңірде өртке жол берген кінәлілерге қатысты 524 әкімшілік жаза қолданылған. Бұдан бөлек, облыс аумағында газбен уланудың 7 дерегі тіркеліп отыр. Оның салдарынан 10 адам зардап шеккен.

Қайғылы жағдайларды алдын алу жұмыстары кезінде халықты үнемі құлақтандырып отырудың маңызы зор. Бұл ретте жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында Департамент қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп 417 мыңнан астам аулаларды аралап, 596 мыңға жуық адамға нұсқау берген.

Оқушыларға практикалық дағдыларды үйрету мақсатында білім беру объектілерінде өрт туындаған жағдайда ғимараттан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 33438 оқушыны қамти отырып, 237 жаттығу өтті. Сондай-ақ, облыстың 640 оқу орнында 35575 оқушыны қамти отырып, 559 интерактивті және 594 ашық сабақ ұйымдастырылды. Жеке тұрғын үй секторында өрттердің алдын алу мақсатында облыстық телеарналардың қатысуымен 12 брифинг өткен. «Jambyl» және «77 ТВ» телеарналарында күн сайын тақырыптық бейнероликтер көрсетілуде.

Бұл ретте облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарынан сақтыққа салғырт қарамауды сұрайды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар