Бақыт формулалары
Кез келген адам «Бақытты болсам екен» деп армандайды, соған ұмтылады, соның жолында еңбек етеді. Неге? Сонда: «Бақыт деген не?», «Қалай бақытқа жетуге болады?» деген сұрақтар туындайды.
Бұл сұрақтардың жауабын жоғарыда аттары аталған ұлы тарихи тұлғалар іздеген, тапқан, шығармалар жазған. Сөйтіп олар бақытты болудың ілімдерін, яғни «Бақыт формулаларын» жасаған. Сол формулаларға қысқаша ғана шолу берейін.
1. Әмбебап ғалым әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақыт жайында», «Бақытқа жету жолдары» атты трактаттарында бақыттың мәні, кім бақытты, бақытқа қалай жетуге болатыны туралы былай деген:
а) «Бақытты болудың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына ізгілікті мақсат қоя білуінде, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде ізгілікке бағыттап, өзгертіп отыруында».
ә) «Мінезділік – бақытты болудың басты шарттарының бірі. Кейбір адамдар қолдағы бақытынан оп- оңай айырылып қалады, тіпті бақытсыздыққа ұшырап та қалады. Оны мұндай күйге түсіретін – оның нашар мінезі».
Әл-Фараби бабамыз сонымен қатар, «Кім бақытты?», «Бақытқа қалай жетуге болады?» деген сұрақтарға төрт адам бақытты: біріншісі – мінезі жақсы адам бақытты, өйткені, ол бүкіл халыққа үлгі, өнеге, екіншісі – шын ғалым бақытты, өйткені, оның ашқан ғылыми жаңалығы халықтың өмірі мен тұрмысын жөндеуге және санасын ізгілендіруге жәрдем етеді, үшіншісі – ақылды адам бақытты, өйткені, ол кез келген мәселені терең ойға салып, оны нәтижелі шешеді, төртіншісі – білімді адам бақытты, өйткені, «Шын бақытқа жету үшін адам өзін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс, тек ізденіс, білімнің арқасында ғана адам шын бақытқа ие болады, білім адамды кемелдікке жеткізеді» дейді. Міне, осылай Әбу Насыр өзінің «Кемел адам» ілімін, яғни «Кемел адам» формуласын жасаған.
2. Бүкіл өмір жолын сопылық ілімге арнаған ғұлама Қожа Ахмет Ясауи өзінің «Диуани хикмет» (Ақыл кітабы) атты еңбегінде «Адам бақытқа жету үшін төрт жолдан өту керек. Олар шариғат, тариқат, мағрипат, хақиқат. Осы баспалдақтардан сүрінбей өткен адам ғана Алланың сүйген құлы – дана ақылды болады» деп, өзінің «Даналық адам» формуласын жасаған.
3. Ұлы ойшыл хакім Абай өзінің қара сөздері мен өлеңдері арқылы «Толық адам» ілімін, яғни «Толық адам» формуласын қалыптастырған.
Абай «Қалай адам болуға болады, оның қандай қасиеттері бар, нағыз адам кім, адам қалай толық блады?» деген сұрақтарға:
а) 38-қара сөзінде: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты – адам болады»;
ә) «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде: «Адам болам десеңіз, бес нәрсеге асық бол – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой, бес нәрседен қашық бол – өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ»;
б) 37-қара сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі – нағыз адам боласың»;
в) Абай өзінің «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген өлеңінде: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», ал ол «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» атты өлеңінде: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген.
Міне, осылайша ұлы ағартушы Абай өзінің «Толық адам» ілімін, яғни «Толық адам» формуласын жасаған. Осы формуланы игерген адам ғана бақытты болады.
4. Қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсарин өзінің «Қазақ хрестоматиясы» және «Мұсылмандық тұтқасы» атты еңбектерінде: «Балаға діни білім және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын ғылыми білім беру керек» деп, өзінің «Рухани-адамгершілік» формуласын жасаған еді.
5. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов өзінің қоғамдық өмірі, педагогикалық және әдістемелік еңбектерінде: «Ұлттық мемлекет құру, ұлттық мектеп ашу, онда ұлттық білім беру арқылы» деп, ол «Ұлттық тәрбие беру» формуласын жасаған.
6. Осы ой-санасы заңғар тұлғалардың сарынын жалғаған академик Нұрғали Сарыбеков өз толғамдарының қорытындысы ретінде «Өмір формуласын» жасады. Ол формуланың мәні туралы профессор былай деген: «Өмір формуласы: Адам болу + маман болу + аман болу = ӨМІР». Бұл формуланың нәтижесі адамның толық бақытты болуын қамтамасыз етеді. Ол үшін үш түрлі шарттың орындалуы қажет. Олар: адам болу, маман болу, аман болу. Мұндағы әрбір сөздің астарлы ғылыми-педагогикалық мәні бар. Бұл шарттар орындалса ғана адам толық бақытты болады.
Қалдырған ізі – мәңгілік
Бүгінгі таңда әлемде 15 000-нан астам ғылыми пән, яғни ғылым салалары бар. Сондай ғылым салаларының бірі – ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни 1866 жылы пайда болған экология ғылымы. Экология ғылымының негізін қалаған – неміс ғалымы, жаратылыстанушы Эрнест Геккель. Ол «Экология – бұл адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін ғылым» деген анықтама берді. Экология – кешенді, бірнеше бағыттары бар ғылым. Солардың ішінде экологиялық білім мен тәрбие беру, солар арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері мен айналысатын «экологиялық педагогика» деген жаңа ғылым саласы бар. ХХ ғасырдың соңында ростовтық ғалым- педагогтер «Экологическая педагогика и психология» атты оқу құралын шығарып, онда: «Экологиялық педагогика – табиғатты қорғауға, оның ресуртарын тиімді пайдалануға жеке тұлғаны тәрбиелеудің заңдылықтарын зерттейтін педагогиканың саласы» деген анықтама берген.
Ал, Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін тұңғыш қалаған – профессор Нұрғали Сарыбеков. Бұл тұжырымды мен 2004 жылы академиктің 70 жылдығына арналған «Экологиялық педагогиканың өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық семинарда «Нұрғали Сарыбеков – Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін қалаушы» тақырыбында жасаған баяндамамда негіздеп айттым. Баяндама семинар жинағында және республикалық ғылыми-әдістемелік «География және табиғат» атты журналдың 2004 жылғы №5 санында жарияланды.
Педагог-ғалым Нұрғали Сарыбеков 1968-1998 жылдары Жамбыл педагогикалық институтында қызмет жасады. Ол осы 30 жыл бойы әуелі «Табиғатты қорғау» үйірмесін, одан соң «Жастарды табиғат қорғауға тәрбиелеу» ғылыми-педагогикалық зертханасын, кейін «Экология және табиғатты қорғау ғылыми орталығын» басқарды. Орталықтың ұйымдастыруымен 23 институттық, қалалық, аудандық, облыстық, республикалық, бүкілодақтық, халықаралық ғылыми семинарлар, конференциялар мен форумдар өтті. Орталықтың үздіксіз жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде жарияланған еңбектердің ұзын саны 1500-ден асты.
Академик Нұрғали Сарыбековтің 13 жеке еңбектері, 365 мақаласы отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған. Осылайша ол артында телегей теңіздей мұра қалдырды. Сол мұраны жинастыру, жүйелеу және зерттеу, онымен ғылыми сабақтастық орнату, оны өскелең ұрпаққа және жастарға тәлім-тәрбие беруде пайдалану – біздің парызымыз бен үлкен міндетіміз деп санаймын.
Сондай-ақ, профессор Нұрғали Сарыбековтің экологиялық педагогика ғылымы бойынша мақалалары аудандық, облыстық, республикалық және шетелдік газеттер, журналдар мен түрлі ғылыми-конференциялардың жинақтарында жарық көрген. Сонымен қатар, ол 16 рет облыстық және республикалық радиохабарлар өткізген.
Академик өз зерттеулерінің нәтижелерін облыстық, республикалық, шетелдік қалаларда өткен бүкіләлемдік 20-дан астам ғылыми конференцияларда баяндап, оның аты ғылыми әлемге әйгілі болған. Сонымен қатар, профессор Н.Сарыбековтің ұйымдастыруымен 10-нан астам республикалық, бүкілодақтық, халықаралық, бүкіләлемдік ғылыми конференциялар мен форумдар өтті. Мысалы, 1973 жылы сәуір айында Жамбыл педагогикалық институтына «Педагогикалық институттарда, училищелерде және мектептерде өлкетану және табиғатты қорғау» тақырыбына республикалық ғылыми- әдістемелік конференция өткізілді. Оған еліміздің 37 қаласынан 200-ден астам адам қатысты, ал 1992 жылы маусым айында «Халыққа білім беру жүйесінде экологиялық оқыту және тәрбиелеу» атты мемлекетаралық ғылыми-педагогикалық және әдістемелік конференция өткізіліп, оған ғылыми ұйымдардан, мектептерден, ЖОО-нан 300-ден аса ғалым қатысты. Бұл конференциялар туралы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Сейталиев өзінің «Педагогика тарихы» атты оқулығында «Қазақстанның педагогикалық институттарының ғылыми өмірінде бұрынғы одақтық деңгейде өткен үлкен конференция болды» деп көрсеткен. Осылайша ол Жамбыл педагогикалық институтын Одақтық көлемде танытты.
Профессор Н.Сарыбековтің ғылыми мектебі бар. Онда ғылыми-зерттеу жұмысы үш бағытта: ғылыми- теориялық, ғылыми-практикалық және ғылыми-әдістемелік бағыттарда үздіксіз жүргізіліп, сол бағыттар бойынша 1 докторлық, 9 кандидаттық диссертация қорғалды.
Академик Н. Сарыбековтің басшылығымен Жамбыл мемлекеттік университетінде республикада екінші болып 1997 жылы педагогика ғалымдары дәрежесін беру бойынша ғылыми диссертациялық Кеңес ашылды. Онда еліміздің әр оқу орындарынан және сол кездегі Жамбыл мемлекеттік университетінің оқытушылары өздерінің диссертациялық жұмыстарын қорғады. Мұны айтып отырғаным, қазіргі Тараздағы оқу орындарында жұмыс істеп жүрген педагог-ғалымдардың көпшілігі академик Н.Сарыбековтің «шапанынан» шыққандар.
Енді профессор Нұрғали Сарыбековті не себепті Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін тұңғыш қалаушы екендігіне тоқталайын. Академик Н.Сарыбековтің жоғарыда аталған теңіздей педагогикалық мұрасында, яғни еңбектерінде табиғат қорғау ғылымы мен экологиялық педагогика ғылымының категориялары:
1) Табиғат, табиғатты тану, табиғатты сүю, табиғатты аялау, табиғатты қорғау, табиғатты қорғауға тәрбиелеу, табиғатты қорғау білімдері, табиғатты қорғау тәрбиесі, халықтың табиғатты қорғау дәстүрлері, табиғат қорғау дәстүрлерінің тәлім-тәрбиелік мәні, табиғат қорғау ғылымы, оның қағидалары мен заңдылықтары, табиғатты қорғаудың мазмұны, табиғатты қорғауға дайындау.
Міне, осы ұғымдарға ол түсініктемелер мен ғылыми анықтамалар жасаған. Сол анықтамалардың бірнешеуінен ғана мысал келтірейін.
1) Табиғат – бұл бар дүние, болмыс, материалдық өмір, әлем кеңістігі.
2) Табиғат пен өмір – егіз. Табиғат барда, өмір бар.
3) Табиғатты шартты түрде үш топқа бөлуге болады: өлі табиғат, тірі табиғат, топырақ.
4) Табиғат қорғау дәстүрлері – сан ғасырлар бойы халқымыздың еңбектенуінің арқасында өмірге келген асыл қазынасы және оның ақыл- ойының жемісі.
5) Халқымыздың табиғат қорғау дәстүрлері – жастарымызды білімді, іскер, парасатты, арлы, ұятты, иманды, табиғатқа шын мәнінде жанашыр азамат етіп тәрбиелеуге көмектеседі.
6) Халқымыздың табиғат қорғау дәстүрлерін жинақтап, жүйеге келтіріп, оқу-тәрбие жұмысында қолдану дәрежесіне жеткізсек, олардың тәрбиелік мәнін ашып, жас ұрпаққа асыл қазына ретінде ұсынып, оларға табиғат қорғау білімін беріп, оларды табиғатты аялауға, сүюге, қорғауға дайындауға болады.
7) Табиғат қорғау ғылымы – адамды табиғатты қорғауға дайындайтын ғылым, ол адам баласы өз қажеті үшін табиғаттың әртүрлі қорларын пайдаланып, оны мол қазыналы қалпында келешек ұрпақтың игілігі үшін сақтап қалу жолдарын үйрететін ғылым.
8) Экология – табиғат қорғау ғылымының негізі, бұлақ-бастауы.
9) Табиғат қорғау ғылымы экология ғылымының жетістіктеріне сүйенбей, өзінің ғылыми мақсатын шеше алмайды.
10) Табиғат қорғау білімі – адамды табиғатты қорғауға дайындау үшін берілетін табиғат түралы білімдердің жиынтығы.
11) Табиғат қорғау тәрбиесі – біздің балаларымызды жан-жақты тәрбиелеудің құрамдас бөлігі, бұл олардың болашақтағы өмірін анықтайды.
12) Біз көпжылдық үздіксіз зерттеулеріміздің нәтижесінде табиғат қорғау тәрбиесінің формуласын құрдық: Э+ТҚ=ТТП, мұндағы Э – экология, ТҚ – табиғат қорғау, ТТП – табиғатты тұрақты пайдалану.
Осы ұғымдардың анықтамаларынан экологиялық педагогиканың негізгі экологиялық білім, экологиялық тәрбие және экологиялық мәдениет ұғымдары шығады. Содан экологиялық педагогика – экологиялық білім мен экологиялық тәрбиенің заңдылықтарын зерттейтін педагогика ғылымының жаңа саласы пайда болған.
Сонымен, профессор Н.Сарыбековтің педагогикалық еңбектері елімізде экологиялық педагогиканың пайда болуына, дамуы мен қалыптасуына қосылған үлкен қомақты үлес. Сондықтан ол Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін тұңғыш қалаған ғалым. Менің бұл пікірімді психология және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Құбығұл Жарықбаев: «Ол өзі экологиялық педагогика жолында талай-талай тер төккен кісі екендігі қорғау кезінде сөзінен жақсы белгілі болды» деп, ал экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Оразбек Қалдыбаев: «Қазақ педагогикасы мен экологиясы ұштасқан ғылымның тарихындағы жұлдызы жарық ағамыз еді», сол секілді педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Мәулен Құдайқұлов: «Нұрғали Сарыбеков республика бойынша экологиялық тәрбие беру проблемасы жайында педагогикалық ғылымның жаңа саласының тұңғыш негізін қалаушы, сондай-ақ геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Әділхан Байбатша: «Елімізде экологиялық тәрбие мен білім берудің негізін қалаған ғалымдардың бірі – Нұрғали Сарыбеков» деген пікірлерімен менің тұжырымымды растайды.
Түйін:
Сонымен, академик Нұрғали Сарыбекұлының ғылым жолын, оның еңбектеріне мазмұндық шолу арқылы, оны Қазақстанда педагогика ғылымының жаңа саласы – экологиялық педагогика ғылымының негізін тұңғыш қалаушы деп толық айтуға болады. Осы тұста ғылыми ұсыныс ретінде айтарым, профессор Н.Сарыбековтің өмір жолын және педагогикалық мұрасын жинастырып, жүйелеп «Академик Нұрғали Сарыбековтің педагогикалық мұрасы» атты монографиялық еңбек шығару, Нұрғали Сарыбековтің 30 жылдық ғылыми еңбектерін «Экологиялық педагогика» деген атпен бірнеше томдық кітап етіп басу, түрлі ғылым салаларының ғалымдары, шәкірттері, замандастары, әріптестері, ақын-жыраулар, туған- туыстарының естеліктерін және оның ғылыми еңбектерінің аннотациялық библиографиялық көрсеткіштерін «Академик Нұрғали Сарыбеков» атты жеке кітапқа жинақтау, сондай-ақ қазіргі оның атындағы орталықты «Академик Н.Сарыбеков атындағы «Экологиялық педагогика» деп атау қажет. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, осы ұсыныстар назарға алынса, қайраткердің мұралары қаншама ұрпақтың игілігіне жарар еді.
Қалдыбек БӨЛЕЕВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық білім академиясының академигі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді