Жақсы сөз айтудан жалықпайық!

Жақсы сөз айтудан жалықпайық!
Ашық дереккөз
Жақсы адамдармен өткен күндерімді өмірімнің шежірелі беттері іспетті көремін. Олар қашанда жаныма шуақ сыйлап, әрдайым жылы сөздері мен ақ қанат тілектерін арнап, алдағы армандарыма жетелеп, қолтығымнан демеп, сүйемелдеп, өркенімнің өскенін қалаған жайсаң жандар болатын. Жақсылармен жүздесіп, дархан көңілмен дидарласып, ағыңнан жарылып сырласып, жағымды әңгімелерін тыңдай беруден артық не бар? Солардың қасында болып, ыстық ықыластарына бөленіп, жан жүрегің нұрланып, жансарайың ерекше шабытқа бөленіп, көңілдің көркем шақтарын бастан өткерген кезеңдерді елестетудің өзі бақыт емей, немене? Сол бір бақытты шақтарыңды сағынасың, өткен күндеріңе шегінесің.

Еуразияның қақ төрінде орналасқан Астана қаласы бүгінде еліміздің саяси-экономикалық маңызы бар мекені ғана емес, рухани-мәдени орталығына да айналып келеді. Отыз жылға жуық уақытта бой түзеген ғимараттар мен мәдени орталықтар, театрлар, түрлі ұйымдар мен бірлестіктер жас қаланың осы бағыттағы әлеуетін арттыра түсуде.

Бұған тарихи негіз де жоқ емес. Бүгінде елорданың тарихын қысқа қайырып, Ақмоладан бері таратқанымен, сонау қола дәуірінің өзінде Сарыарқаның қақ төрінде отырықшылық мәдениеттің қалыптасқаны анық айқындалып отыр. Міне, осы кезеңде ежелгі Бабылдағыдай Арқа төрінде де саз тақтайшаларға жазылған көне жазулар табылған. Белгілі тарихшы Әлкей Марғұлан өз дәуірінде мұны аталған қауымның сарқыншағы деп санаса, Мәшһүр Жүсіптен қалған араб қарпімен жазылған жазбаларда: «Арқада мық деген халық болған» деп айқын көрсетілген. Осы бір далалық мотив кейіннен Таласбек Әсемқұловтың шығармаларына, Олжас Сүлейменов пен Ерлан Жүністің жырларына арқау болып, «Қыш кітап», «Мық кітабы» секілді жинақтардың дүниеге келуіне себепкер болды.

Тарихи деректерде Ер Едігеден Тәуке ханға дейін Алаш жұртының астанасы болған Арқа даласы қанды оқиғалардың куәсі ғана емес, сыршыл шығармалардың да Отаны болды. Халық ауыз әдебиетінде айшықты орын алған Сарыарқа мектебі Иманжүсіп пен Балуан Шолақтың, Ақан серінің жырларына арқау болып, Сәкен Сейфуллин мен Иса Байзақовтың сыршыл өлеңдеріне айналды. Ал, бүгінгі қазақ поэзиясында осы тізбекті еліміздің түкпір- түкпіріндегі ақындар Ғалым Жайлыбай, Гүлнәр Салықбай, Күләш Ахметова, Қалқаман Сариндер жалғады.

Астананың ұлт руханиятының ұйытқысына айналған сәті, әсіресе, XX ғасырда айқын көрініс берді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деп текке айтпаған болса керек. Дәл осы тұста Арқа жері Алаш идеясын ту еткен бірқатар айбоздардың кіндік қаны тамған мекені болды. Тиісінше, жаңа қалыптасқан интеллигенцияның ықпалымен мұнда петиция құрастыру, партияны ұйымдастыру, газет шығару тәрізді іс қолға алынды. Елде жүріп жатқан саяси идеологияны ақмолалық Алаш тұлғалары қолдап, дамыта түсті. Бұлардың қатарында түрлі лауазымды қызметтерді атқарған мемлекет және қоғам қайраткері, «Кедей сөзі» газетінің редакторы Әбілқайыр Досов та бар. Ол «Бірлік» мәдени бірлестігінің құрамында ұлт ағарту ісіне белсене атсалысты. Алаштың айтулы қайраткерлерінің бірі – журналист Зарап Темірбеков те мәдени майданнан тыс қалмады. Ол 1930 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі болып, «Ленин туы» газетінде қызмет істеді. 1935-1937 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакторы болды. Осы кезеңде «Жаңа өмір», «Жанталас» шығармаларымен қатар Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын қазақ тіліне аударды. Сарыарқаның рухани түлеуіне атсалысқан саяси күрескер, қазақ баспасөзіндегі айшықты тұлғаның бірі – Хайретдин Болғанбаев. Оның туған елі мен жеріне арналған мақалалары «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінде жиі жарияланып отырды. Бірнеше жыл бойы «Бірлік туы» атты баспасөз газетінде жұмыс атқарды. Ағарту ісіне өте көп үлес қосты. Қызылжарда, Ақмолада, Ташкентте оқушыларға сабақ беріп, оқу-білім саласын ұйымдастырып, Ахмет Байтұрсынов бастаған ағарту ісін дамытты. Бұл жөнінде замандастары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Шоқайдың еңбектерінен айқын байқауға болады. XX ғасырдың басында қазақ елінде озық ойлы, халқының болашағы үшін еңбек сіңірген, ел мүддесін қорғаған зиялы қауым қалыптасқаны белгілі. Сол дәуірде санының аздығына қарамастан қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясы зор әлеуметтік, қоғамдық-саяси мәні бар мәселелермен айналысты. Солардың қатарында арқалық Науан Хазірет, Мәмбетәлі Сердалин, Айдархан Тұрлыбаев, ағайынды Қосшығұловтар да болды. Көнеден қалған алтын көмбедей болған тарихи ғимараттар «Көпестің үйі» мен Сәкен Сейфуллин мұражайын, Қоянды, Қараөткел жәрмеңкелері өткен жер осы кезеңнің жауһар жәдігерлері, айшықты сәулет нысандары саналады.

Ал, тәуелсіздік жылдары жаңа астанамыздың бой түзеп кететіндігіне сенгендермен қатар, күмән келтіргендер де аз болған жоқ. Десе де, жаңа кезеңнің қалыптасып келе жатқаны анық еді. Қоғамдық-саяси маңызы бар айтулы оқиға қазақ руханиятына да өз әсерін тигізді. Мұндағы тәлім мен тағылымның бірінші табалдырығы білім ордалары болды. Бұған дейін де оңтүстік астананың қарашаңырағына айналған сан ғасырлық тарихымен танымал Қазақ ұлттық университеті талай тарланбоздарды түлетсе, жаңа астанада бұл мәртебелі міндет Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жүктелді. Жаңа білім ордасы Алатаудан Арқаға қанат қаққан ұлт интеллигенциясының ыстық ұясына айналды. Осы кезеңде Астанаға алғашқылардың бірі болып Мырзатай Жолдасбеков, академик Серік Қирабаев пен отандық философтардың көшбасшысы, академик Жабайхан Әбділдиннен бастап, 100 томдық «Бабалар сөзінің» жетекшісі және белгілі фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов, қыпшақтану мектебінің негізін қалаушы, академик Болат Көмеков, ұлттық философияның ұстынына айналған академик Ғарифолла Есім, түркітану, әдебиеттану мамандары Шәкір Ибраев, Қойшығара Салғараұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Серік Негимов, Тұрсын Жұртбайлар табан тіреді. Бұдан бөлек, елордамыз ширек ғасырда журналистика мен әдебиеттің айнымас темірқазығына айналып, профессорлар Намазалы Омашев, Дихан Қамзабек, Нұргелді Қалиев жаңа астананың руханиятына айтарлықтай үлес қосты. Рымғали Нұрғали, Мырзагелді Кемел, Ақселеу Сейдімбек пен Олжас Сүлейменовтер тағылымды дүниелерін осында қайта түлетті.

Кез келген мемлекеттің астанасы туралы айтылғанда, алдымен сондағы мәдени нысандар еске түседі. Бұл бұған дейін қалыптасқан әлемдік тәжірибе. Ежелгі Рим мен Вавилонда, Шам мен Мысырда, Париж бен Кордобада да солай болған. Ал, бас қаланы мәдени астана статусына көтеріп тұрған өнер шаңырақтары жетерлік. Мұндағы Қазақ Ұлттық Өнер университеті мен Қазақ Ұлттық Хореография, Астана опера және балет театры мен Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық мұражай – Астана мәдениетінің алтын арқауы іспетті. Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театры мен Жастар театры, Тұңғыш Президент атындағы мәдени орталық бас қаланың мәдени айнасы саналады.

Бүгінде елорда бірнеше жылдар бойы әртүрлі өркениеттер мен діндерді тоғыстырған, татулық пен келісімнің қарашаңырағына айналып үлгерді. Осында тілі мен ділі бөлек, әлемнің әр елдерінің рухани басшылары бас қосып, жаһандық маңызы бар мәселелерді сарапқа салады. Мұның бәрі ұлтаралық келісімді насихаттайтын үлкен диалог алаңы саналған Астананың мәдени имиджін арттыра түсері сөзсіз.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар