– «Kcell» акционерлік қоғамы 2023-2024 жылдарға жоспарланған 51 елді мекеннің 26-сында тиісті жұмыстарды аяқтады. Ал, «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023-2024 жылдарға жоспарланған 61 елді мекеннің 28-інде өз міндеттерін орындап, жоспардан тыс Т.Рысқұлов ауданының Қосапан ауылында 4G мобильді байланысын іске қосты. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар есебінен антенна-діңгек құрылысымен және электр желісімен қамтамасыз еткен жағдайда 28 елді мекенді 4G мобильді байланысына қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда Талас ауданының Қарой ауылында округ әкімдігі тарапынан антенна-діңгек құрылысына жер телімі бөлінді. Мобильді операторлар 5 елді мекенде, атап айтқанда, Жамбыл ауданының Сеңгірбай, Көлқайнар, Кұмсуат, Қордай ауданының Мұзбел, Шу ауданының Құмөзек ауылында өз қаражаттарына мобильді байланыс сапасын жақсартты. Жалпы, Ұлттық жобаға сәйкес талшықты-оптикалық байланыс желісімен облыстың 170 елді мекені және елді мекендерде орналасқан 455 мемлекеттік мекеме қамтылады деп көзделуде. Биыл 30 елді мекен мен 144 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісінің игілігін көретін болады, – деді Руслан Москауұлы.
Атап өту керек, Ұлттық жобаға сәйкес биыл облыста 449,8 шақырымды құрайтын Шақпақата-Отар автокөлік жолында 7 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарда бар. Бұл ретте аудан әкімдіктері тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Нақтылай түссек, Қордай ауданында орнатылатын 3 антенна-діңгек құрылысына қатысты осы жылдың мамыр айында мемлекеттік сатып алу порталында жобалық-сметалық құжатын жасауға конкурс жарияланып, жеңімпаз деп танылған «Сантех-Строй Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалған. Сондай-ақ, Жуалы ауданында бой көтеретін антенна-діңгектің құрылысы бойынша маусымда мемлекеттік сатып алу порталында жобалық-сметалық құжатын жасау үшін конкурс жарияланған.
Ал, Меркіде салынатын антенна- діңгек құрылысының координаттары бойынша жер телімдері анықталып, аудан әкімінің қаулысына сәйкес жер телімінің мемлекеттік актісін алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, Т.Рысқұлов ауданындағы 2 антенна- діңгек құрылысының координаттары бойынша жер телімдері анықталып, жер телімін мемлекетке қайтару жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданында жоспарланған 203 шақырымдық 5 антенна-діңгек құрылысы бойынша координаттары пысықталып, мобильді байланыс операторының техникалық мүмкіндіктері зерделеніп жатыр.
Жиын барысында Ербол Қарашөкеев өңірдегі елді мекендерді мобильді және талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету мәселесі өзекті екенін айтып, жауаптылардың сылбыр жұмысын сынға алды. Облыс әкімі өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінің маңындағы тұрғын үйлерде интернетке қолжетімділік тым нашар екеніне тоқталып, бұл мәселені тиісті тараптармен бірлесе шешуді тапсырды.
– Тұрғындар тарапынан байланыс пен интернет сапасына қатысты жиі шағым түседі.
Шалғайдағы елді мекендерді айтпағанда, облыс орталығы Тараз қаласының аумағын ұялы байланыс және интернетпен қамтуда мәселе бар. Қазір елді мекендерді байланыс желілерімен қамтамасыз ету бойынша қандай да бір қорытынды шығарып, баға беруге болмайды. Республикалық маңызы бар автокөлік жолында 7 антенна- діңгек құрылысын салу мәселесінде бірқатар кемшілік анықталған. Мәселен, Меркі ауданында құрылыс бойынша әлі күнге дейін жобалық-сметалық құжаты жасалмаса, Т.Рысқұлов ауданы кестеден кешігіп жатыр. Барлық ауданға антенна-діңгек құрылысын мерзімінде аяқтауды тапсырамын. Ең басты мәселе – интернеттің баяулығы. Интернеттің сапасыздығы жасырын нәрсе емес. Жауаптылар интернет сапасын жақсартуға күш салып, осы бағыттағы жұмыстарды ширату керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді