Жақсылық Құралбайұлы 1945 жылы сол кездегі барша жұрт аңсап күткен жеңіс күндерінде өмірге келіпті. Сұрапыл соғыс жылдарында ел-жұрт майданнан жақсы хабар күтумен ғұмыр кешті. Өтелбай ақсақалдың әулеті де жақсылыққа кұлағын тосып отырған-ды. Біздің кейіпкеріміздің «Жақсылық» есімін еншілеуі де осы баршаны қуантқан атаулы күнге байланысты болды. Жақсылық мектептің негізгі сыныбынан соң, әуелі Ақкөл ауылындағы зоотехникалық- мал дәрігерлік техникумына түсіп, осы аталған оқу орнын Луговойда (қазіргі Құлан ауылы) бітіріп шықты. Мамандығына өкпесі жоқ. Ұзақ жылдар дипломының нанын жеді. Мойынқұм, Шу ауданының бірнеше шаруашылықтарында мал дәрігері ретінде еңбек етті. Беріректе «Калинин» ұжымшарында (қазіргі Ақсу ауылдық округі, Оразалы ауылы) ұзақ жыл бойы ферма меңгерушісі болды. Қарамағында 20-дан астам мал отарлары, 12 трактор, мамандар мен жұмысшылар болды. Осынша құрылымның жұмысын үйлестіру оңай болмаса керек. Бұл кісінің осы саланың барлық қиындығына көніп, ыстығы мен суығына төзгені – талайға үлгі. Жақаңның мал шаруашылығына сіңірген елеулі еңбегін ақсулықтар ерекше құрметпен айтып отырады.
– Мен көрші ауылда тұрамын, мұғаліммін. Зейнетке шығар алдында 6-7 жыл осы ауылда ұстаз болдым, балаларды ақындық жолға тәрбиеледім. Міне, сол уақытта Жақсылық ақсақалдың жақсылығы мен кісілігін көп көрдім. Қай кезде де жасымның кішілігіне қарамай құрметтеп тұрды. Осындай ықыластың өтеуі болар, осы ауылдан біраз ақын балалар түлеп ұшты», – дейді ардагер ұстаз, Шу ауданының Құрметті азаматы Сәт Мәлібеков.
Жақсылық ақсақалдың мал шаруашылығына сіңірген еңбегінен бөлек, тағы бір ерекшелігі бар. Ол – біраз жылдан бері көлік жүргізушісі. Осы жасында Оразалы ауылы мен Шу қаласы арасындағы 80 километр жолды жекеменшік автокөлігімен шарлап жүр. 80 жасқа таяғанда 80 шақырымға көлік жүргізіп барып-қайтудың өзі үлкен жұмыс екені белгілі. Жұма күндері бір-екі жолаушыны тегін тасып, сауап жинайтыны да бар.
– Осы жасқа келгенімде тек ғана табыс табуды ойласам, ақсақал деген атыма сын болмай ма? Менің такси жүргізуім – бір мезгіл ермегім, елмен араласып жүрсем деген тілек. Аудан орталығындағы кейбір шаруаларды бітіріп, той-томалаққа өз көлігіңмен барып, қатысып қайтудың өзі – жақсы іс. Ауылдастардың кейбір тапсырыстарын орындап қайтамын. Бір үйге бір көліктің артығы жоқ. Кешегінің жүйрік тұлпары бүгінгі осы автокөлігіміз болып тұр емес пе? Сондықтан, 80 жасқа жақындаған шағымда жеңіл көлік жүргізгенімді әулетім мен отбасым, ауылдастарым ерсі көрмейді, – дейді еңбек ардагері Жақсылық Өтелбаев.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді